Қоғам • 31 Мамыр, 2024

Жанқияр ерлер жанымызда жүр

48 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Тәртіп сақшыларының күнделікті қызметі түрлі қауіп-қатерге толы. Олар қоғам тыныштығын сақтауға, азаматтардың денсаулығы мен өмірін қорғауға ант берген. Сол анттарына адал бола біледі. Жуырда Ақмола облысында орын алған жағдай – осы сөзіміздің нақты дәлелі.

Жанқияр ерлер жанымызда жүр

Өмірлерін қауіпке тік­кен патрульдік полицейлер күре жол үстінде болуы ықтимал қайғылы оқиға­­ның алдын алды. Оқыс жағ­дай 24 мамырға қараған түні орын алған. Патрульдік полиция батальонының командирі Азамат Ахме­тов­тің айтуын­ша, екі ша­ғын автобуста жаз­ғы лагерьден қайтқан 22 бала болыпты. 23 мамыр күні түс­тен кейін Бурабай ауданы­нан шыққан колоннадағы оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін об­лыс­тық батальонның 4 взво­дының қызметкерлері Бүр­кіт Алшынбаев пен Рыс­пек Қабдырашев оларға еріп жүрді.

Түнгі сағат 02:15 шама­сында Екатеринбург – Аста­на автожолымен Жақсы ауда­нының аумағында жүріп келе жатқан патрульдік эки­­­паж қарсы жолақ бо­йы­­­мен қозғалған ауыр жүк кө­­лігін байқай­ды. Поли­цей­лер жүргізушіге фара­ла­рымен және арнайы құ­рыл­ғы арқылы дабыл бер­ге­німен, жүк көлігі балалар мінген автобусқа қарама-қарсы жүріп келе жатады. Кейінірек белгілі болғандай, көлік бұзылып, жүргізуші оны басқара алмаған.

Автобуста балалардың келе жатқанын ескеріп, па­т­рульдік экипаж өз өмір­лерін қиюға дайын болды. Алайда, бақытына орай, ең соңғы сәтте ауыр жүк кө­лігі қарсы жолақтан кілт бұ­рылып үлгереді. Дегенмен оның тіркемесі патрульдік кө­лікке механикалық зақым келтірді.

Б.Алшынбаевтың айтуынша, жол бойын­да бел­гілен­ген қашық­тық­ты сақтаған ша­ғын авто­бус­тардың жүргізу­шілері де шеберлік танытып, апат­ты жағдайды көріп, біртін­деп жол жиегіне шығып кеткен. Ал полицейлерге дұ­рыс шешім қабылдау үшін 1-2 секунд қана уақыт керек болыпты. «Соққыны өзімізге қабылдауға да­­йын­ болдық», дейді Б.Алшынбаев.

Бұл қарапайым сөздер­дің артында кез келген полиция қызметкері қауіп төн­­ген жағдайда көрсетуге дайын үлкен батылдық пен жан­қиярлық жатыр. Төтен­ше жағ­дай жасағаны үшін жүк кө­лігінің жүргізушісі жауап­қа тартылды. Тәртіп сақшы­лары да, балалар да  дін аман.