Бүгінде бұл – Ақтөбе облысының аграрийлері үшін дәнді, жарма, майлы, жемшөп дақылдарының элиталық және бірегей тұқымдарын өндіруге рұқсаты бар аймақтағы жалғыз аграрлық бейіндегі ғылыми зерттеу мекемесі. Ақтөбе селекциясының сұрыптары Қазақстанның басқа облыстарында және Ресейдің шекаралас аймақтарында да қолданылады.
«Өңір мал азығын дайындауға және мал шаруашылығына маманданған. Біздің сұрыптарды жемге де, дәнді дақылдарға да қолдануға болады, өйткені олар төрт түліктің аузына түскен кезде көп ақуыз әрі жасыл масса бөледі. Біздің тары барлық астық егетін аймақтарда өседі. Мемлекеттік тізілімде тіркелген 20 тары сұрпының жетеуін ақтөбелік ғалымдар таңдады», деді АШТС бас экономисі Галина Баранова.
Кәсіпорын қазір қиын жағдайға тап болып, қарыздық міндеттеме арқалап отыр. Осыған байланысты ғылыми әзірлемелерді одан әрі дамыту, қаржыландыру және коммерцияландыру мүмкін емес. Жақын арада кәсіпорынды қалпына келтіру үшін оның базасында жылқы шаруашылығы және жемшөп өндіру институты құрылады.
«Мал шаруашылығы – ауыл шаруашылығының негізгі бағыттарының бірі, біз қазір оған үлкен маңыз беріп отырмыз. Жылқы шаруашылығы институты құрылғаннан кейін Ақтөбе облысы Қостанай, Адай жылқысы сияқты асыл тұқымды, спорттық жылқыларды, сондай-ақ ет бағытындағы жылқыларды зерттейтін әрі дамытатын орталыққа айналады», деп атап өтті Серік Жұманғарин.
Бүгінде республикада жылқының 14 тұқымы кездеседі. Ең көп таралғандары – Жабы, Мұғалжар және Көшім жылқысы секілді қазақы тұқым. Олар елдің әртүрлі аймағында сәтті өсіріліп жатыр. Жалпы, жылқы өсіру жыл өткен сайын сұранысқа ие кәсіпке айналуда және жаңа ғылыми әзірлемелер мен патенттер аталған шаруашылықтың дамуына ықпал ете түсері анық.
Сапар аясында Үкімет басшысының орынбасары Әйтеке би, Ырғыз және Мәртөк аудандарында болып, көктемгі егіс барысы, шегірткеге қарсы күрес шаралары және аграршылардың өзекті мәселелерімен танысты.
Биыл Ақтөбе облысында 747,3 мың га алқапқа егін егу жоспарланған. Негізгі көлем дәнді дақылдар (430,3 мың га), жемшөп (247 мың га) және майлы дақылдарға (59 мың га) арналған. Қазір өңірде 283,1 мың га егілді. Ауа райы жағдайын ескере отырып, егіс науқанын маусым айының басында аяқтау жоспарланып отыр.
Әйтеке би, Мәртөк аудандарында вице-премьермен кездесуге шаруа қожалықтарының басшылары мен ауыл шаруашылығы кәсіпкерлері қатысты. Жиынға қатысушылардың бірі, шаруа қожалығының басшысы Марлен Баймағамбетов диқандардың мәселесін көтерді. Оның айтуынша, 2021 жылы егіс алқаптарын суару үшін жаңбырлатқыш машиналар сатып алынған. Алайда «Қазсушар» жергілікті филиалы осы уақытқа дейін каналдан су беруге қажетті инфрақұрылымды қамтамасыз еткен жоқ. Ал шаруаларға несие төлеу керек.
Келесі күні барлық мүдделі тараптармен кеңес өткізген Серік Жұманғарин «Аграрлық несие корпорациясына» жаңбырлатқыш машиналар сатып алған шаруалардың несиелерін қайта құрылымдауды, «Қазсушар» жергілікті филиалына екі апта ішінде шаруаларды сумен қамтамасыз етуді тапсырды.
Егіс алқаптарында шегірткеге қарсы өңдеу жұмыстары жүріп жатқан Ырғыз ауданында вице-премьерге бақылаушы дронның жұмысы көрсетілді. Тексеруші дронның ұшқышсыз ұшатын бүріккіштен айырмашылығы – шегірткелердің орналасқан жерін, олардың дәрі-дәрмекпен өңделгеннен кейінгі жағдайын, дернәсілдердің жаңа инкубациялары және ауыл шаруашылығы дақылдарының вегетативті ахуалы туралы нақты мәліметтер алуға мүмкіндік береді. Дәл осы құрылғыларды Ауыл шаруашылығы министрлігі жақын арада республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығының мамандары мен аймақтардағы фитосанитарлық инспекторлар үшін сатып алуды жоспарлап отыр.
Жалпы, Ақтөбе облысында 784,4 мың гектар алқапты шегірткеге қарсы өңдеу жоспарланған. Оның 533,5 мың гектары жерден, 250,9 мың гектары ауа арқылы өңделеді. Барлық ауданға химиялық өңдеуге қажетті препараттар жеткізілді. Көмекке Түркістан облысынан техникалар әкелінді. Қазір Алға, Байғанин, Мұғалжар, Ойыл, Темір, Шалқар, Ырғыз аудандарында химиялық өңдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бүгінде облыс бойынша 11 мың гектардан астам алқап өңделді.