Қоғам • 01 Маусым, 2024

Бердібек Соқпақбаев мұрасы – түрік тілінде

323 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Биыл қазақ әдебиетінің классигі, жазушы Бердібек Соқпақбаевтың туғанына 100 жыл. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қаламгердің ғасырлық тойы өңір-өңірде жалғасып, түрлі ауқымды жобалар атқарылып жатыр. Айтулы датаның ЮНЕСКО көлемінде атап өтіліп жатқаны да жазушы мұрасын мыңжылдық етуге сеп болары сөзсіз. Осы орайда Ұлттық кітапханада қабырғалы қаламгердің түрік тіліне аударылған «Өлгендер қайтып келмейді» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.

Бердібек Соқпақбаев мұрасы – түрік тілінде

Алқалы жиынға ТҮРКСОЙ халықара­лық ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Раев, МАМ Архив, құжаттама және кі­тап ісі комитетінің төрағасы Рустам Әли, Түркия Республикасының Алма­ты қаласындағы Бас консулы Эврен Мудеррисоғлы, Алматы облысы Мәде­ниет, архивтер және құжаттама басқар­масының басшысы Данияр Алиев, мемлекет және қоғам қайраткерлері, зия­лы қауым қатысты.

«Мәдениет және ақпарат министрлігі қоғамдық маңызы бар әдебиеттерді басып шығару бағдарламасы аясында Бердібек Соқпақбаевтың көптомдық кітабын екі рет басып шығарып, еліміздің барлық кітапханаларына таратқан болатын. Көрнекті жазушының оқырмандары жылдан-жылға артып келе жатқаны қуантады. Енді олардың қатарын түрік бауырларымыз да толықтырып отыр», деді МАМ Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы Рустам Әли.

Шебер суреткердің қаламынан туған романның түрікше нұсқасы 2000 данамен басылып шыққан. Аударған – түрік жазушысы Хусейн Варол.

«Өлгендер қайтып келмейді» – жас­тық шағы соғыстың ауыртпалығымен қатар келген тағдырларды суреттейді. Бұдан бөлек қаламгердің «Менің атым Қожа», «Балалық шаққа саяхат», «16 жасар чемпион» сынды шығармалары да оқырманға етене таныс, ерекше ыстық.

Айта кетейік, жазушының еңбектері бүгінге дейін әлемнің бірнеше тіліне тәржі­меленген. Ал түрік жазушысы аудармаға екі жыл уақытын жұмсапты. Сондай-ақ ол аударма кезінде романның қиынға соққан тұстарын атап өтті.

«Алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы қарт сәлем береді». Бұл – қазақ­та сәлемнің маңыздылығын, дәстүрін көрсететін сөз. Түріктерде де сәлемдесудің мағынасы терең. Осы сынды мақал-мәтелдерді, ауылдың тұрмыс-тіршілігіне байланысты сөздерді аудару қиын болды», дейді жазушы Хусейн Варол.

Ал ТҮРКСОЙ Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет тұлға мерейтойын атап өту шетелде басталып кеткенін айтты.

«24 қазанда туған жері Алматы облысының Райымбек ауданында, Нарынқолда халықаралық деңгейдегі ЮНЕСКО-ның, ТҮРКСОЙ-дың деңгейіндегі мерейтой іс-шаралары өткі­зіледі. Жалпы, Бердібек Соқпақбаев­тың 100 жылдық мерейтойы Түркияда бас­тал­ған», деді ол.         

Іс-шара аясында Бердібек Соқпақ­баевтың шығармашылығына арналған кітап көрмесі де ұйымдастырылды.

Еске сала кетейік, бұған дейін «Менің атым Қожа» шығармасы да түрікше сөй­леген еді.

Мәдениет және ақпарат министр­лігінің хабарлауынша, ғасырлық мерейтой аясында қаламгердің туған аулы Нарынқолда ең­селі ескерткіші бой көтереді. Сондай-ақ жа­­зушының есімі бірқатар саябаққа, білім ошағы мен облыстық кітапханаға берілмек.