Бокс • 03 Маусым, 2024

Жолдама иегері Айбек Оралбай: Қарсыластарымның қарым-қабілетімен таныспын

129 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ұлттық құрама сапынан Париж Олимпиадасына лицензия жеңіп алған спортшының бірі – боксшы Айбек Оралбай (92 кг). Жолдаманы ол биыл Италияның Бусто-Арсицио қаласында өткен әлемдік іріктеу кезеңінде жеңіп алғаны мәлім, деп хабарлайды Egemen.kz Туризм және спорт министрлігіне сілтеме жасап.  

Жолдама иегері Айбек Оралбай: Қарсыластарымның қарым-қабілетімен таныспын

Фото: Olympic.kz

Ол 2018 жылы бокстан Аргентинаның Буэнос-Айрес қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы жазғы Олимпиада чемпионы.

«Айбек Оралбай жастар арасындағы бәсекеде де, ересектер додасында да талай жетістікке жеткен. Ал оның ендігі басты мақсаты – Олимпиаданың алтынын алу. Сол мақсатына жету үшін ерінбей еңбек етіп жатыр», деп пікір білдірді ұлттық құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжанов.

Қазіргі уақытта Айбек Оралбай ұлттық құрама боксшыларымен бірге Париж Олимпиадасына дайындалып жатыр. Олимпиадада кімнің бағы жанады, сол боксшы чемпион атанады деп есептейді.

«Олимпиададағы қарсыластарыма дайындықты қазірден бастап кеттік. Бірақ техникалық, тактикалық дайындыққа жекпе-жекке бір күн қалғанда кірісеміз. Ауыр салмақ болған соң, біздің салмақта кіл мықты боксшылар жиналған. Халықаралық турнирдің чемпиондарынан бастап, әлем, Азия чемпионатының жеңімпазы мен жүлдегерлеріне дейін бар. Олардың бәрімен шаршы алаңда кездескенмін, көбімен спарринг жасағанбыз. Атап айтқанда, екі дүркін Олимпиада чемпионы, бес дүркін әлем біріншілігінің жеңімпазы кубалық Хулио Сесар ла Круспен, өзбекстандық, италиялық, испаниялық боксшылармен ринг ішінде де, сыртында да кездескенбіз. Былайша айтқанда, қарым-қабілетімен, әлеуетімен таныспын. Олардың бізден асып бара жатқан ештеңесі жоқ. Бәріміз бір деңгейдегі боксшылармыз деп айта аламын. Құдай бұйыртса, Парижде барымды саламын. Бұл жерде көп нәрсе бабыңмен қатар, бағыңа да байланысты екенін ұмытпаған абзал. Кімнің бағы жанады, сол Олимпиада чемпионы болады деп ойлаймын», дейді Айбек Оралбай.