Саясат • 05 Маусым, 2024

Ынтымақтастықтың өзекті мәселелері

80 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Премьер-министр Олжас Бектенов ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің үкімет басшыларымен Несвиж қаласында (Беларусь) Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысында өңірлік ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылады.

Ынтымақтастықтың өзекті мәселелері

Фото: aikyn.kz

Отырысқа Одаққа қатысушы елдердің: Беларусь, Қырғызстан, Ресей, Армения үкіметтерінің, сондай-ақ бақылаушы-мемлекет Өзбекстан және шақырылған мемлекет Әзербайжанның бас­шылығы қатысты.

Басқосуда көлік инфрақұры­лымы, өнеркәсіптік кооперация, АӨК, кедендік және техника­лық реттеу, бәсекелестік, цифр­ландыру салаларын дамыту және басқа да өзекті мәселелер талқыланды.

Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысы Одақ туралы шарт­қа қол қойылған күнге 10 жыл толуын мерекелеу кезеңінде өтіп жатыр. Олжас Бектенов Одақ жұмысының екінші онжылдығына қадам баса отырып, одан әрі дамудың нақты мақсаттарын құру және оларды іске асыру үшін тиісті тетіктерді жолға қою қажет екенін атап өтті.

Еліміздің Үкімет басшысы отырысқа қатысушылардың назарын жұмыстың бірқатар басым бағыттарына аударды.

Жасанды интеллект технологияларын кеңінен қолдану қажеттілігі атап өтілді. AI қол­дану бойынша тәжірибе алмасу экономикалық прогресс пен инновацияларды енгізудің қозғаушы күші бола алады. Бүгінгі таңда әлемде жаһандық трансформация медицинада, білім беруде, креативті индуст­рия­­да жүзеге асып отыр. Қазақ­стан мемлекеттік және қаржылық қызметтерді цифрландыруда оң серпінге ие. Мысалы, өткен жылдың қорытындысы бойынша қолма-қол ақшасыз төлемдердің үлесі 88%-ды құрады.

Олжас Бектенов жұмыс­тың ма­ңызды бағыты ретін­де тасы­малдардың тиімділігін арттыруды атап өтті. Теміржол құрамдарын өңдеу уақы­тын қысқарту, «Қытай – Орта­лық Азия», «Қытай – Еуропа» бағыттары бойынша тасымалданатын жүктерге транзит­тік декларацияны автоматты түр­де тіркеу және беру арқылы теміржол транзитін автоматтандыру жөніндегі қазақстандық қанатқақты жобаның оң нәтижелері атап өтілді. Еліміз тәжірибе бөлісуге және еуразиялық көлік дәліз­дерін­де сенімді логистикалық хаб ре­тінде әрекет етуге дайын. Жаңа мүмкіндіктерді енгізу көлік­тік және экономикалық бай­ланыс­ты жақсартады, бизнес шығын­дарын азайтады және мемлекеттер хал­қының ұтқырлығын арттыруды қамтамасыз етеді.

Сондай-ақ бұл мәселеде өт­кізу пункттерін жаңғыртудың маңыздылығы атап өтілді.

«Логистиканың маңызды тетік­терінің бірі – нақты инфра­құрылымды дамыту. ЕАЭО бо­йынша әріптес елдердің ішкі шекараларын кесіп өту кезінде туындайтын проблемаларды жедел шешу қажет. Қазақстан өз тарапынан «Орск – Қандыағаш», «Мақат – Сағыз», «Шалқар – Бейнеу» бағыттары бойынша темір жолдарын қайта жаңарту арқылы теміржол құрам­дары шоғырланып қалатын жол­дарды кеңейтуге кірісті. «Ма­қат – Шұбарқұдық» учаскесін­де 4 разъезде құрылыс бастал­ды, «Маң­ғыстау – Бейнеу» учас­кесінде қолданыстағы жолдар және «Маңғышлақ – Өзен» учаскесінде үш разъезде жолдар ұзартылуда»,  деп атап өтті Олжас Бектенов.

Тағы бір өзекті тақырып — ЕАЭО елдеріндегі мемлекеттік сатып алу мәселесі. Үкімет басшысы ұлттық режімді қолдану тәсілдерін түзету және төмен баға ұсынылса, мемлекеттік сатып алулар кезінде ұлттық режім қолданылмайтын баға шегін белгілеу жөнінде ұсыныстарын айтты.

«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет басшыларының кездесуін­де қолда бар мүмкіндіктерді жібе­­ріп алмау үшін пәрменді ше­шімдер қабылдау қажеттігін атап өтті. Бүгінде Комиссия елдер­мен бірлесіп «Еуразиялық эко­номикалық жол» деклара­ция­сының ережелерін іске асыру жөніндегі іс-шаралар жос­парын әзірлеуде. Оны толтыру барысында біз Декларация шеңбері­нен шықпауымыз керек. ЕАЭО – 185 млн-нан астам халқы бар ке­дендік шекара­сы жоқ нарық. Біз қабылда­ған шешімдер, ең алдымен, азаматтарымыздың тұрмыс сапасын жақсартуға әсер етуі керек. Бұдан әрі бірлескен жұмыс бізге экономикалық интеграцияны нығайтуға және елдеріміздің тұрақты әрі ор­нық­ты дамуы үшін қолайлы жағ­дайлар жасауға мүм­кіндік беретініне сенімдімін», деп атап өтті О.Бектенов.