Қоғам • 05 Маусым, 2024

Абылайдың ақ туы

116 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Рәміздер күні «Абылай хан резиденциясы» музей-кешенінде Абылай ханның ақ туы көтеріліп, құнды жәдігер хан штандарттарының қатарына қойылды.

Абылайдың ақ туы

Халық арасында «Абылайдың ақ үйі» атанған музей-кешен 2008 жылы ашылған. Ханның өтінішімен Ресей патшайымы 1762 жылы Абылайға арнап ағаштан үй салдырғаны тарихтан белгілі. Сол үйдің Мәскеуден алынған жобасымен ханның үйі қалпына келтірілген. Қазір бұл үй туралы жергілікті ақындар «Абылайдың ақ үйі – халқымыздың бақ үйі» деп жырлайды. Хан үйі ХVIII ғасыр­да дөңге салынған бірінші үй екені анықталғаннан кейін Петропавлдың қазақ қаласы екеніне дау айтушылар да азайды. Ал қала халқы үшін хан үйі – көңіл қойып, көз тартар үлкен тарихи игілік, архитектуралық мұра. Алыс-жақыннан келген қонағына көрсететін мақтанышы.

Хан үйінің табиғи қасиеті де бар. Көктемгі су тасқынында Ой қаладан қаланың орталығына шығатын Потанин көшесімен жылдам көтерілген тасқын су хан үйінің етегіне келіп іркілді. Тіпті қаланы әрі қарай су басуынан Абылайдың ақ үйі ұстап қалды деп айтсақ та артық емес.

Тарихи үйде ұлы ханымызға қатысты біраз дүние, соның ішінде Абылай заманының қалпына келтірілген заттары, үй ішінің дүние-мүліктері, қару-жарақ­тар жиналған. Ал халық қасиет­ке балап «Абылайдың ақ туы» деп атаған тудың толық сипаты табылмағандықтан қалпына кел­тірілмеген еді. Осы олқылықтың орнын толтырмақ болып, музей кешенінің қызметкерлері көптен бері ізденістер мен зерттеулер жасады. «Абылайдың туы жайында деректер көп жыл бойы талқыланды. Биыл табылған тарихи деректерге, нақты айтсақ, Шоқан Уәлихановтың, белгілі тарихшы Құрманғали Халидидің «Бес тарих», тарихшылар Т.Сұлтанов, М.Тұяқбаевтың ғылыми еңбектеріне сүйене отырып және Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің ғылы­ми қызметкерлерімен бірге талқы­лау нәтижесінде Абылай хан туының жинақы бейнесі бекітілді. Тудың алғашқы нұсқасы қазір Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде Тәуке, Есім хандардың туымен қатар тұр. Музей-кешеннің тарих бөлімінің қызметкері Бауыржан Жүнісов: «Мемлекеттік рәміздер күні Абылайдың сол туын музей-кешенімізде көтергелі отырмыз. Жошы ұрпағынан тараған Қазақ хандары негізінен қызыл ту ұстаған, кейін Шығай ханның үлкен ұлы Ондан дербес бөлініп, ақ ту ұстаған. Оның ұрпақтары да ақ түсті туды көтерген. Болат хан кезінде ұлы Әбілмәмбетке қызыл туды беріп, Абылайға көк туды ұстатқан. Кейін Абылай хан сайланғанда Әбілмәмбеттен қызыл ту, Шығай ұрпағы Ондан­нан ақ ту, Болат ханның өзіне ұсынған көк туын біріктіріп, үш түсті ту көтерген», дейді. Абылай 1771 жылы үш жүздің ханы болып сайланғанда үш түсті туды қазақтың үш жүзін айғақ­тайды деп жариялаған деген сөз де бар.

Осылайша, Мемлекеттік рәміздер күні Абылай орда­сын­да ханның ақ туы көтерілген маңызы зор оқиға болды. Сал­танатты іс-шараға қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жангелді Тәжин, Ұлттық ұлан академиясының профессоры Жанбатыр Сартаев, Мәдениет басқармасының бөлім басшысы Динара Бүркітәлімова, ақса­қалдар, Ұлттық ұлан акаде­мия­сының курсанттары, журналис­тер қатысты. Мәдени іс-шараны ашқан музей-кешен директоры Аян Садаев Рәміздер күніне орай музейде тарихи оқиға болып отырғанын айтып: «Ашылғанына 16 жыл болса да, музейге хан­ның басқа штандарттарын қойсақ та, туының түсін нақты таба ал­маған едік. Қызметкерлеріміздің ізденуінің арқасында оған да қол жеткіздік. Мемлекеттік рәміздер күні мен Абылайдың рәмізі – ақ туын орнату баршамызға құтты болсын», деді.

 

Солтүстік Қазақстан облысы