Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Көлік кептелісінің әлегі
Алматы қаласы полиция департаментінің ресми дерегіне сүйенсек, жұмыс күндері қалаға сырттан 700 мыңнан аса көлік кіреді. Күн сайын таңғы және кешкі уақыттарда кептеліс деңгейі 9-10 балға жетеді екен. Ал мұндай жағдайда жеке көлікке қарағанда, қоғамдық көліктердің тиімділігі жоғары екені даусыз. Көлік кептелісі мәселесін қазір қолға алмаса, алдағы бірнеше жылда қала экономикасы ғана емес, әлеуметтік саласы да айтарлықтай зиян шегеді. Ендеше, қаладағы жеке көлік қозғалысын реттеудің жолы қандай?
«Алматыбасжоспар» ҒЗИ жанындағы Q-lab қалалық зерттеулер зертханасының дерегіне сәйкес, «Қала тұрғыны анкетасында» көлік кептелісі ең күрделі мәселе ретінде көрсетілген. Алматылықтардың пікірінше, олардың алтын уақытын күнделікті кептеліс жейді, яғни таңғы және кешкі уақытта қала көшелерінде қозғалыс баяулайды. Орташа есеппен 20 шақырым жүрген бір көлік 5 кг көмірқышқыл газын бөледі. Осы орайда экологтер көшелерде веложолдар, жасыл желегі бар қалыпты тротуарлар салу, қоғамдық көліктерге басымдық беру мәселені шешуге көмектеседі деп санайды.
Бірінші кезекте – жаяу жүргіншілерге басымдық беру. Жаяу жүргінші ортақ территорияда көп орын алмайды. Содан кейін қоғамдық көліктер мен велосипедшілерге артықшылық беріледі. Осыдан кейін ғана қалдық қағидаға сәйкес, автомобильдер мен автотұрақтарға жолақтар қарастырылады.
«Көлік қозғалысының құрылымы бүкіл көлік жүйесінің бет-бейнесі мен Алматы жолдарындағы жағдайды түбегейлі өзгертеді. Көлік құрылымы қоғамдық көлік желісі арқылы қаладағы бес полиорталықты өзара, қала орталығы және Алматы агломерациясымен байланыстырады. Осылайша, ыңғайлы жол-көлік кешені іс жүзінде «тұрғындарға арналған жайлы қаланы» қалыптастыруға көмектеседі», дейді «Алматыбасжоспар» ҒЗИ бас директоры Асхат Садуов.
Жағдайды реттеу шаралары
Жергілікті әкімдік жол инфрақұрылымын тиімді пайдалану, негізгі даңғылдарды ұзарту бойынша кешенді жұмысты үздіксіз жүргізіп келеді. Былтыр 16 маусымда Үлкен Алматы айналмалы автокөлік жолы пайдалануға берілді. Жалпы ұзындығы 66 шақырымға созылған айналмалы жол қаланы Алматы облысының Талғар, Іле және Қарасай аудандарымен байланыстырып тұр. Технологиялық санаты А-1-ге жататын жүрдек жүріске арналған айналмалы жол – Алматыда қалыптастырылып жатқан көлік қозғалысы қаңқасының негізгі элементі. Айналмалы жол-көлік ағынын 40%-ға дейін қысқарту үшін салынды.
Көлік қозғалысы құрылымының негізінде BRT, LRT сияқты жүрдек қоғамдық көліктің дамуы жатыр. Мұндай көлік құралдары әлемде өз тиімділігін көрсетті. Мұндай ауқымды құрылыс қаланың тұрғын аудандарының төрттен үш бөлігін қамтуға мүмкіндік береді. 2027 жылға қарай Момышұлы, Төле би көшелері мен Райымбек даңғылы бойымен шығыс шекарасына дейін LRT жаңа жүрдек трамвай жүйесінің бірінші учаскесін салу жоспарланған. Қаланың қалған бөліктеріне тасымалдаушы маршруттар іске қосылады. Осылайша, бұл маршруттар тұрғындарға 10-15 минут ішінде жақын маңдағы жедел көлік аялдамасына жетуге мүмкіндік береді.
BRT (Bus Rapid Transit) кәдімгі трамвайдан вагон санымен және жүрдек жүрісімен ерекшеленеді. BRT бірнеше вагоннан тұрады, демек метро секілді бір рейспен жүздеген адам жолға шыға алады. BRT қанатқақты жобасын іске асыру үшін ең ұзын автожолдардың бірі – Райымбек даңғылы таңдалды. Бұл бойынша қоғамдық көліктің 83 бағыты жүреді, оның 11-і – магистралды. Жобаға сәйкес, «Алтын Орда» көлік-трансплантациялау торабын қоса алғанда, BRT ұзындығы 17 шақырымды құрайды.
А.Садуов метро құрылысы да жалғасын табатынын алға тарта отырып: «Метро өзінің жылдам әрі кедергісіз қозғалысы есебінен тиімділігін көрсетті. Станса саны шектеулі болғанымен, метроға деген сұраныс күннен-күнге артып келеді. Сондықтан Алматы қаласында жүрдек қоғамдық көлікке басымдық беріледі. Көлік қаңқасына сәйкес метроның басқа да стансалары ашылады. Сонымен қатар жер үстімен жүретін жылдам көліктер салынады», деді.
Қазіргі таңда көлік кептелісінен қашқан алматылықтар уақыт үнемдеу үшін метромен қатынайды. Былтыр метромен жүретін жолаушылар саны тәулігіне 90 мың адамды құраған. Өткен жылдың соңында сұранысқа қарай метрода вагон саны 11 құрамға дейін артты. Әр құрам 4 вагоннан тұрады. Қазіргі кезде 11 стансадан тұратын метромен Райымбек стансасынан Бауыржан Момышұлы стансасына дейін 13, 22 шақырымды небәрі 25 минутта жүріп өтуге болады.
Қысқасы, көлік қозғалысының қаңқасы – қаланың едәуір бөлігін қамтитын және діттеген жерге салыстырмалы түрде жылдам әрі ыңғайлы жетуге мүмкіндік беретін жүрдек көлікке арналған дәліздер жүйесі.
Әлемдік тәжірибе
Сарапшылардың айтуынша, көлік қозғалысы қаңқасының моделі үздік әлемдік тәжірибелерді ескере отырып әзірленген. Сонымен қатар қаладағы түрлі аймақтың тартымдылығы, жұмыс орындарының шоғырлануын талдау негізінде қалыптасты. Алматы қаласында шартты түрде көлік ағыны тығыз үш аймақ бар. Осы аймақтарда жұмыс орындарының 70%-ы шоғырланған. Сондай-ақ көпшілік жиналатын басқа да нүктелер ескеріледі: ірі сауда орталықтары мен базарлар, көлік хабтары, табиғи, мәдени, спорттық және білім беру объектілері.
«Халықаралық тәжірибе, атап айтқанда, Көлік қозғалысы қаңқасының мастер-жоспарын әзірлеу кезінде қолданылған Мәскеу тәжірибесі кептелісті реттеумен магистралдық қоғамдық көлікті жүйелі түрде дамытуға және ыңғайлы жолаушылар инфрақұрылымын құруға болатынын көрсетеді», дейді А.Садуов.
Астана мен Алматы сияқты қалаларда автобус пен троллейбустарға арнайы жолақтар қарастырылғаны белгілі. Бұл амал қоғамдық көліктерге кептеліске қарамастан, өз жолағымен кесте бойынша жүруіне мүмкіндік беріп отыр.
Алматыда автобус маршруттарын оңтайландыру жоспарланған. Бұл шара автобустардың жүрісін тұрақты да жиі етеді. Жолаушылар инфрақұрылымын қолданыстағы 1 208 аялдамадан 1 245 аялдамаға дейін кеңейту көзделіп отырғандықтан, әр маршрут бойынша автобустар жиілігі артады. Тіпті бір трансфер болса да, сапар қысқа және болжамды болады. Бұл ретте биыл жаңа тарифтік ұсыныс әзірленбек. Онда жолақысын төлеудің көбірек нұсқаларына қоса (бірреттік билет, абонемент, смс-хабарлама, оңай карта), бір сапар шеңберінде бір тегін қатынау мүмкіндігі ұсынылып, жылжымалы құрамның экологиялық тазалығына ерекше назар аударылмақ.
Мәселені шешетін үш торап
Ең бастысы, қала шекарасында көлік-трансплантациялаудың үш торабы салынады. Бұлар – Құлжа трактінде «Барлық», «Шығыс» және Гейт-Сити ауданында «Солтүстік» торабы. Осы тораптар құрамына ыңғайлы автотұрақтар кіреді. Облыстан келген тұрғындарға өз көліктерін тастап, қоғамдық көліктерге ауысуға мүмкіндік береді. Көлік қозғалысы қаңқасы арқылы сапарлар арнайы инфрақұрылым мен икемді тарифтер есебінен жылдам әрі қолжетімді бола түспек.
«ҚТЖ-мен бірлесіп Алматы-3 жаңа теміржол вокзалының жобасын келісу бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Вокзал Рахат шағын ауданында Саин мен Боралдай көшелерінің қиылысында орналасады. Вокзал көлік жүктемесін қала орталығына жақын орналасқан қолданыстағы 2 вокзалдан ішінара алып тастауы керек. Қазір жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі мен жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр», деді А.Садуов.
Көлік қозғалысы құрылымы аясында Алматыда 2030 жылға қарай шамамен 300 шақырымды құрайтын 42 дәліз салынады. Мысалы, қаланың шығыс бөлігінде Райымбек даңғылы мен Хмельницкий көшесі Талғар трактісіне дейін ұзартылады. Ал желінің батыс бөлігінде Абай даңғылы мен Төле би көшесінің қазір салынып жатқан радиалды ұзартулары арқылы өтеді. Бірыңғай желіні дамыту үшін көшелерді ішінара тесу, дәліздерді кеңейту, учаскелерді байланыстыру жүргізіледі.
Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, маршруттық желіні ұйымдастырудың ең тиімді әдісі – сапар кезінде адамның маршрутты бір рет қана ауыстыруы. Жолаушы тіпті қала сыртынан келсе де межесіне жеткенше қоғамдық көлік құралын бір рет қана ауыстыруы керек.
Осы орайда қоғамдық көлік қалалардың тұрақты дамуы мен халықтың мобильділігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Мұның маңызын көрсететін бірнеше аспекті бар.
Экологиялық тиімділік. Жеке автомобильмен салыстырғанда қоғамдық көлік тиімдірек. Өйткені бір көлікте бірден көп адамды тасымалдауға болады. Көлік саны аз болса, зиянды шығарындылар мен жол кептелісі де азаяды.
Кеңістікті ұтымды пайдалану. Әлемнің талай қаласында жолдар мен автотұрақтарға жер жетпейтіндіктен, бұл елдер қоғамдық көлік инфрақұрылымын дамытуға стратегиялық тұрғыда қарайды. Қоғамдық көлікті дамыту автомобильдерге тәуелділікті әрі үлкен тұрақ орындарына деген қажеттілікті азайтуға септеседі.
Экономикалық тиімділік. Қоғамдық көлікті пайдалану жанармай, автокөлікке қызмет көрсету, сақтандыру және автотұраққа ақша үнемдеуге мүмкіндік береді.
Ал осынау айғақты мәліметтер қала тұрғынына ыңғайлы қалалар салу үшін қоғамдық көлікті жақсарту мен дамытудың маңызын көрсететіні аян. Қорыта айтқанда, бүгінгі таңда Алматыда жеке автокөліктер санын қысқарту емес, қала тұрғынына бәсекеге қабілетті балама әрі жайлы жолдарын ұсыну көзделіп отыр. Қалғанын жолаушының таңдауы біледі.
АЛМАТЫ