«Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында Елбасы: «Жалпықазақстандық мәдениетті дамытуға жаңаша серпін берген жөн. Мәдени саясаттың ұзақ мерзімді тұжырымдамасын әзірлеу қажет. Онда қазақстандықтардың бәсекеге қабілетті мәдени ментальдігін қалыптастыруға, заманауи мәдениет кластерлерін дамытуға бағытталған шаралар белгілеу керек» деп нақты тапсырма берген болатын. Айта кету керек, осыдан кейін көп ұзамай Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен елордада жаңа мәдени нысан халықтың игілігіне қызмет ете бастады. Мақаламызға арқау болған бұл мемлекеттік мекеме танымал суретші Л.Махат басқарып отырған «Астана» ұлттық сурет галереясы» болып табылады.
«Астана» ұлттық сурет галереясы – Қазақстан Республикасындағы жаңа музейлік инфрақұрылым. Басым бағыты заманға сай интерактивті коммуникацияға негізделген галереяның болашақтағы жоспары орасан зор. Оның мәдени және рухани визуалды кеңістігі келешекте отандық және шетелдік өнер үшін кәсіби көрме алаңына айналмақ. Ал халықаралық тәжірибе алмасудың нәтижесі өнерлі жастардың шығармашылығына серпін береді және Қазақстанның бейнелеу өнерін шетелдерге танытады, сондай-ақ, халықаралық музей қауымдастығы мен әлемдік музей бизнесіне Қазақстанның ықпалдасуына жол ашады деп күтілуде.
Мақсаты қазақстандық галерея ісін әлемдік деңгейге көтеру мен халықаралық музей кеңістігіне енгізу болып табылатын мекеменің алға қойып отырған міндеттері де өте ауқымды. Галереяның басты міндеттерінің бірі Елбасының «Нұрлы Жолындағы» жолдарымен үндеседі. «Нұрлы Жолда» Н.Ә. Назарбаев: «...Отанды сүю – бабалардан мирас болған ұлы мұраны қадірлеу, оны көздің қарашығындай сақтау, өз үлесіңді қосып, дамыту және кейінгі ұрпаққа аманат етіп табыстау деген сөз» деген болатын. Расында да «Астана» галереясының басты міндеттерінің бірі – бабалардан мирас болған ұлы мұраны қадірлеу, оны көздің қарашығындай сақтап дамыту, бүгінгі ұрпаққа насихаттау және кейінгі ұрпаққа аманат етіп тапсыру.
«Нұрлы Жолда»: «2015 жыл – ұлттық тарихымызды ұлықтау және бүгінгі биіктерімізді бағалау тұрғысынан мерейлі белестер жылы» екені де айтылды. Осы тұрғыдан алғанда, галерея қорындағы құндылықтардың ұлттық тарихымызды ұлықтайтыны еш күмән келтірмейді. Себебі, олар ежелгі заманнан бүгінгі күнге дейінгі Қазақстан өнерінің тарихы мен мәдениетінен сыр шерте отырып, еліміздегі бейнелеу өнерінің даму тарихын көрсетеді.
Дүниеде мәңгі ешнәрсе жоқ. Жер бетінен жекелеген адамдар түгілі, тұтас мемлекеттердің өзі де жұтылып кеткен. Соған қарамастан, мыңдаған жылдар бойы тылсымға тіл бітірген бабаларымыздың мұрасы ғана мәңгілік. Осы мәңгі мұралар галереяның басты байлығы саналады. Бұлар – бабаларымыздың ақыл-ойы мен іс-әрекетінен туындаған рухани және материалдық құндылықтар талантты адамдар тудырған туындылар мен қылқалам шеберлері жасаған жаңалықтар. Мұндай жаңалықтар галерея залдарында баршылық. «Атриум», «Қазақ әлемі», «Қазіргі заманғы графика және мүсін өнері», «Қазіргі заман өнері», «Кескіндеме», «Графика және мүсін өнері» деп аталатын тұрақты көрме залдары бүгінде елорданың тұрғындары мен қонақтарының көзайымына айналып та үлгерді. Көрме залдарында экспозициялар тұжырымдамаға сәйкес қағидамен орналастырылған. Оның басты идеясы ұлтымыздың өнер тарихына, салт-дәстүрі мен санасына негізделген.
Мәселен, «Атриум» қабырғасы халық арасында «қырма суреттер», ғылымда «петроглифтер» деген атпен белгілі жартас беттеріне салынған суреттермен безендірілген. Онда еліміздің тарихында алар орны ерекше Мойнақ, Теректі Әулие, Сауысқандық, Оралбай, Баянжүрек, Байқоңыр, Ақбауыр, Шимайлы петроглифтерінің фрагменттері суреттелген. Галерея қонақтары бұл жерден әртүрлі жинақтағы толық композициялы бейнелеу өнерінің көне үлгілерін тамашалай алады. Бейнелеу өнерінің күретамыры саналатын бұл петроглифтер айрықша дереккөз ретінде бабаларымыздың өмір салтынан, наным-сенімдерінен, мифологиясы мен эстетикалық көзқарастарынан сыр ақтарады. Қазіргі Қазақстан аумағынан табылған жартас суреттері бейнелеу өнерінің пайда болуы мен дамуын анықтауға мүмкіндік берді. Бұл жайында белгілі ғалым-археолог Ә.Марғұлан қазақ халқының ұлттық өнері сақтар, үйсіндер мен ғұндардан бастау алатынын айтады. Бұлар күні бүгінге дейін сақталып, бабаларымыздың рухани әлеуетін ұлықтап тұрған ашық аспан астындағы табиғи галереялар, бейнелеу өнерінің бірегей құндылықтары болып табылады.
Атриумның дәл ортасында «Өмір ағашы» – Бәйтеректің үлгісі орналасқан. Көшпелілердің мифологиясында ата-бабаларымыздың фәлсафасынан, тарихы мен мәдениетінен сыр ақтаратын «Өмір ағашы» туралы аңыз-әңгімелер баршылық. Ежелден бәйтерек үш әлемді байланыстырушы дәнекер ретінде кеңінен қолданылса, халық аузында адамның жаны киелі теректе сақталады деген ұғым қалыптасқан. Ал қазақтың мәдени танымында «Өмір ағашы» ұғымы ата-тегіміз бен ұрпақ жалғастығынан сыр шертетін, рулық қарым-қатынасты жан-жақты сипаттайтын қазақ шежіресімен баламаланады. Галереядағы «Өмір ағашы» композициясының негізгі идеясы Қазақстандағы сурет өнерінің тарихи даму кезеңдері мен суретшілер арасындағы ұрпақ сабақтастығымен астасады. Сол себепті, «Өмір ағашының» тамыры, діңі мен бұтақтарының мағынасы терең. Тарқатып айтсақ, «Өмір ағашының» тамыры – қазақ бейнелеу өнерінің тамыры саналатын классик-суретшілер мен олардың өнерін бейнелейді.
Аталмыш өнер туындыларын галереяның «Кескіндеме» залынан тамашалауға болады. Ал ағаштың діңі – бейнелеу өнерінің кәсіби мектептері мен сол мектептерден түлеп ұшқан суретшілерді танытады. Бұл кезеңнің шығармалары галереяның «Қазіргі заман өнері» залында көпшілік назарына ұсынылған. Ағаштың бұтақтары қазақстандық жас толқын суретшілердің өнерінен хабар береді. Айта кету керек, «Өмір ағашы» бұтақтарының тағы бір мәні – мемлекетіміздің көпұлттылығын паш етіп, Қазақстандағы бейнелеу өнерінің қалыптасуы мен дамуына қосқан әртүрлі ұлт өкілдерінің өзіндік үлесін аңғартады. Мұның астарында «Тілі басқа – тілегі бір, жүзі басқа – жүрегі бір» деген халқымыздың даналығына, көпұлтты қоғамымыздың татулығы мен тұрақтылығына және жалпыұлттық идеямызға деген құрмет жатыр.
Мәселен, Парижге барған адам Луврды, Санкт-Петербургке барған адам Эрмитажды, Мәскеуге барған адам Третьяков галереясын көруге ынтық. Статистикалық мәліметке жүгінсек, Луврды көруге барған адамдар саны 2013 жылы 9 334 435 адамды құрапты. Бұл мәдениет ордаларында қызмет көрсету үлгісі де қазіргі заманның талаптарына сай жоғары деңгейде. Әрине, біздің елімізде бұл бағыт енді ғана қолға алынып жатыр. «Көрінген таудың алыстығы жоқ» деген дана халқымыз. 20 жылда әлемді мойындатып, тұрақты дамудың қазақстандық моделін жасаған Қазақстан үшін бұл мәселенің де көп ұзамай шешілетініне сеніміміз мол. Ол үшін бізде мүмкіндік бар. Жасалып жатқан жұмыс та ауыз толтырып айтарлықтай. Бастысы, ұлттық бейнелеу өнерінде өзіндік орны бар Ә.Қастеев, Ә.Ысмайылов, Қ.Қожықов сынды артына мол мұрасы мен шәкірттерін қалдырған ұлт мақтаныштары бар. Осы орайда галерея қызметінің халқымыздың мәдениетін, салт-дәстүрін дәріптеп қана қоюмен шектелмейтіндігін айта кету керек. Яғни, ол мемлекеттің тарихын зерделейтін, тарихи тұлғаларын құрметтейтін, олардың туындыларын насихаттау арқылы өскелең ұрпақты кемелділікке жетелейтін мекеме болып табылады.
Қорыта айтқанда, ұлттық дәстүрімізді ұлықтау, тұлғаларымызды құрметтеу, келешек ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелеу мен елорданың мәртебесін әлемнің мәдени астаналарының қатарына теңестіру – галереяның таңдаған жолы. Осы жолдағы оның сапары сәтті, қызметі жемісті болсын демекпіз!
Назгүл КАДРИМБЕТОВА,
«Астана» ұлттық сурет галереясының ғылыми қызметкері.
АСТАНА.