Шымкент • 06 Маусым, 2024

Еңселі күннің мерейі мен мәртебесі

75 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Мемлекеттік рәміздер күні Шымкенттегі «Тәуелсіздік» саябағында ту көтеру рәсімі өтті. Салтанатты іс-шараға белгілі азаматтар, еңбек ардагерлері, депутаттар, үкіметтік емес ұйым мүшелері, еріктілер, жас­тар қатысты.

Еңселі күннің мерейі мен мәртебесі

Мерекелік жиында сап түзеген сарбаздар Туымыз бен Ел­таң­бамызды шаһардағы ең алып тутұғыр орналасқан алаңға шерулетіп әкеліп, үрмелі ор­кестр­дің орындауында еліміздің Ән­ұраны шырқалды. Бұдан соң жастардан құралған көркемөнерпаздар тобы патриоттық әндердің сүйемелдеуінде флешмоб билеп, халықты сүйсінтті. Қаладағы мәдениет ордасының өзге де өнер ұжымдары ортаға шығып ән салып, жиналған көпшіліктің көңілін бір серпілтті. Халық әсем ән мен керемет биді тамашалап, мерекелік жақсы бір сезімді бастан өткерді. Іс-шара барысында ұйымдастырушылар кішкентай жалаушалар таратып, айнала тегіс көк түске малынғандай әсерге бөледі. Ерікті жастардың көк туымызды төбеге көтеріп қаз-қатар ілесе жүруі де сондай тамаша күйге жетеледі.

Жыл сайын 4 маусым – Мемлекеттік рәміздер күніне орай өтетін мерекелік іс-шара «Тәуелсіздік» саябағындағы биік тутұғырға қонған алып көк туымыздың айналасында ұйымдастырылады. Кезінде Тәуелсіздік мерекесіне орай ашылған бұл саябақ пен ондағы алыстан менмұндалап тұратын үлкен көк байрағымыз шаһар­дың мәдени, рухани маңызды нышанына айналып үлгерді. Сол алып туды тамашалауға, саябақта дамылдап, серуен­ құруға жыл сайын қаншама турист келеді. Қала қонақтарының берісі Түр­кіс­тан облысының, еліміздің басқа да өңірлерінің тұрғындары болса, арысы алыс-жақын шетелдерден келетін турис­тер. Оларды әлбетте алтын күн астында қалықтаған қыран бүркіт бейнесі бар көк туымыздың көркі қызықтыратыны анық.

Іс-шара кезінде халықтың бірауыз жылы лебізін тыңдайық, мерекенің маңызы туралы ойларын білейік деген игі мақсатпен бірнеше азаматты сұхбатқа тартқан едік. Солардың бірі қала тұрғыны жасы тоқсанға келген қария, еңбек ардагері, қоғамдық бастамалар көтеріп, соның белсенді мүшесі боп жүретін атамыз Өркен Әбдіреев мұндай салтанатты іс-шараның өскелең ұрпақ тәрбиесіне берер тағлымы мол екенін жеткізді.

«Көк туымызды, Елтаңбамызды, Ән­ұра­нымызды қастерлеу, ардақтау, құр­мет тұту бұл – міндет. Себебі бұлар – дүниежүзінде Қазақстандай дербес елдің бар екенін айғақтайтын бірден-бір белгілер. Өзіміздің мемлекеттік нышандарды биікке көтеріп, қадірлеу бұрын-соңды қазақ елінде болмаған игі бастама. Сондықтан еліміздің рәміздерін қастерлеп, оны арнайы мерекелік күнде атап өту нағыз азаттық пен еркіндігімізді айғақтайды. Біз сол үшін қуанамыз. Өз басым осы күнге жеткеніме қазір қуаныштан жүрегім жарылайын деп тұр. Біз мемлекеттік рәміздерімізбен мақ­та­намыз. Өйткені жаңа айтып өткенім­дей бүкіл шетел азаматы осы нышан­дарымызға қарап Қазақстанның тәуелсіз ел екенін біледі. Мен – екі қо­­ғам­дық құрылысты көрген адаммын. Саналы ғұмырымның көп бөлігі кеңес дәуірінде өтті. Бірақ азаттық алып, бостан елдің көк туын алғаш көргенімде қатты толқыдым. Себебі бәрі де ұлттық болмыспен, жа­ра­тылыспен үйлесіп тұр еді. Ал бұ­рын кеңестік дәуірде көк жолағы бар қызыл ту байрағымыз болды. Шыны керек, оның мәнісін онша түсінбейтін де едік. Ал қазіргі туымыздың мән-мағы­насы, ішкі философиясы өте терең. Байрағымызға қарап ондағы бейнелерді көріп бірден бұл біздің ту деп қуана айта аламыз. Қазақ вальсінің королі, осы оңтүстік өлкесінің тумасы, халық композиторы Шәмші Қалдаяқов шығарған бүгінгі гимніміз­дің әні қандай керемет. Мем­ле­кеттік рәміздердің шуағында елі­міз қаншама жетістіктерге жетті! Бұйырса, алдағы уақытта да талай белес­тер­ді бағын­ды­ра­мыз. Сол үшін жастар елдің келе­ше­гін құруға ұмтылуы керек», деді қария.

Ақсақалдың айтуынша, ұлтымыз тудың қадірін әу бастан білген. Сол се­беп­ті оны құрметтеп, әрдайым жоғары  ұстаған. Тіпті жаугершілік замандарда қазақ батырларының ең мықтысы туұстар деп аталған. Сондықтан туды асқақтату – қазақ халқының қанында бар қасиет. 

Қазақта ержүрек батырлар аз болған ба? Солардың бірі кешегі кеңес дәуі­рін­де Компартияның бірінші хатшысы Н.Хрущевке қасқайып қарсы тұрып, қазақ жерін сақтап қалған батыл ұлдың бірі – Жұмабек Тәшенов. Осы арда азаматтың есімін ұлт жадында мәңгі қалдыру жолында тер төгіп келе жатқан қария ұлы қайраткердің сүйегі жерленген Шымкенттің көрнекті аумағынан еңселі бір ескерткіш тұрғызылса деген ар­манын да сөз барысында жасырмай айтып қалды.

Қоғам қайраткері талай жыл мемле­кет­тік қызметтің түрлі сатысында тер төккен еңбек ардагері, оңтүстік өлкесіне танымал азамат Досыбай Шерімқұлов та Рәміздер күні мерекесіне орай бірауыз тілегін білдірді.

«Мерекенің өте жоғары деңгейде өтіп жатқанын байқап отырмыз. Мұндай салтанатты іс-шаралар еліміздің барлық өңірінде ұйымдастырылып жатқаны жасырын емес. Мемлекеттік рәміздер дегеніміз – еліміздің нышаны, символы. Әр елдің өзінің дербес бірегейлігін біл­діретін белгісі бар. Осындай рәміз­де­ріміздің болғанына Құдайға мың да бір тәубе дейміз. Рәміздерді құрметтеу – халықты, Отанды қадірлеу деген сөз. Сондықтан бұл күннің тағылымы мен мазмұнына үлкен мән беріліп, жылда ауқымды іс-шаралармен атап өтіп келеміз. Әсіресе бұл мереке жас­та­ры­мызға өте қажет. Халқымыз көк бай­рақ­тың астында бейбіт өмір сүрсін, жастар бақытты болсын. 1991 жылы кеңес өкіметі тарап, еліміз тәуелсіздік алғанда мен жоғарғы кеңестің депутаты едім. Сол кезде өзіміздің дербес Әнұран, Ту, Елтаңбамыз болуы айқын еді. Осы рәміздерді қабылдаған уақытта мен сол тарихи сәттің куәсі болдым, үлкен өзге­рістердің басы-қасында жүрдім. Қа­зақтың небір шығармашыл азаматтары рәміздерді бекітуге атсалысты. Содан бері отыз жылдан астам уақыт өтіп кетіпті. Міне, сол аралықтан бері өзіміз­дің төл рәміздерімізбен бірге өмір сүріп келеміз», деді ағамыз.

Сондай-ақ еңбек ардагері мемлекеттік туды қолдану аясына қатысты ережеге біраз өзгеріс енгенін де атап өтті. Мәселен, жаңа талапқа сай көк туымызды пайдалану аясы да кеңи түскен. Енді бұрынғыдай туымыз тек мемлекеттік мекемелердің маңдайшасында ғана желбіремей, басқа да жерлерде алып жүруге рұқсат етілді. Түркияда осы үрдіс кең тараған. Тіпті бауырлас ағайынның әрбір үйінің бұрышынан қызыл туларының ілініп тұрғанын байқауға болады. Қоғам қайраткерінің пікірінше, бұл мемлекеттік рәміздің қадірін кемсіт­пей­ді, қайта өскелең ұрпақтың пат­риот­тық рухта тәрбиеленуіне үлкен жол ашады.

 

ШЫМКЕНТ