– Қанат Ағзамұлы, қазіргі таңда аудандағы криминогендік ахуал қалай? Қылмыспен күресте жетістіктеріңіз бар ма?
– Ауданымызда криминогендік ахуал тұрақты. Оған биыл барлық қылмыс түрінің 25 пайызға төмендегені нақты дәлел. Жергілікті полиция қызметі бөлімінің қызметкерлері жергілікті атқарушы органдармен және қоғаммен бірлесіп әкімшілік учаскелерде құқықбұзушылықтардың алдын алу үшін күнделікті негізде кешенді жұмыс жүргізіп келеді. Ішкі істер министрлігінің «2024–2026 жылдарға арналған азаматтардың мүліктерін қорғау» жоспарын іске асыру аясында аудан көлемінде 150-ден астам бейнебақылау камерасы орнатылды. Соның арқасында қоғамдық орындарда жасалатын әкімшілік және қылмыстық құқықбұзушылықтар едәуір азайды.
– Дегенмен ауданда негізінен қандай қылмыс түрі көбірек тіркеледі?
– Целиноград ауданы аумағында Ақмол, Қараөткел, Қоянды, Талапкер, Қызылсуат секілді бес ірі елді мекен бар. Мұнда көбіне ұрлық, тонау жиі тіркеледі. Негізінен салынып бітпеген, қараусыз қалдырылған, қоршалмаған, бейнебақылау камералары орнатылмаған, «Көршілер бақылауы» тәжірибесі ескерілмеген үйлерге ұры-қары түсіп жатады. Сондықтан тәртіп сақшылары күн сайын ұрлыққа жол бермеу, көшеде, қоғамдық орындарда құқықтық тәртіпті талапқа сай сақтау, қылмыстың алдын алу мен жолын кесу, есепте тұрған адамдар тарапынан қылмыстық істердің қайталануын болдырмау, азаматтармен тығыз сенімді қарым-қатынас орнату, жолда көлік апаттарының орын алуына жол бермеу, жүргізушілер тарапынан ереже сақтау секілді алдын алу жұмыстарын жүргізіп келеді. Сонымен бірге жуырда, яғни 21–31 мамыр аралығында аудан көлемінде жол қозғалысы қауіпсіздігінің онкүндігі өтті. Біз жолдың қарсы жолағына шығып кету, көлікті мас күйде басқару секілді апатқа себепші болатын жағдайлардың жолын кесу мақсатында шаралар қабылдадық.
Ал адам өлтіру, зорлау, адам өліміне алып келетін жол-көлік оқиғалары секілді ауыр және аса ауыр қылмыстар өте аз тіркеледі. Олар да біртіндеп азайып келеді.
– Сондай ауыр қылмыстардың бірі – қазір қоғамда көп көтеріліп жүрген тұрмыстық зорлық-зомбылық. Заңсыздықтың бұл түрімен күрес нәтижесін беріп жатыр ма?
– Биыл заңнамаға өзгерістер енгізілгелі бері тұрмыстық зорлық-зомбылық оқиғалары азайды. Біздің полиция қызметкерлеріміз жаңаша тәртіппен жұмыс жүргізіп жатыр. Қазір жәбірленуші тарапынан арыз жазылмаса да, оқиға туралы қоңырау түскеннен кейін бірден істі қозғап, тіркеп, сотқа жібереміз. Соңғы шешімді солар қабылдайды. Бұдан былай екі жақтың келісімімен бір рет кешірім беріледі. Қайталанса, міндетті түрде 20–25 тәулікке қамалады.
– Астанаға келімді-кетімді адам да, көшіп келушілер да көп. Олардың бір бөлігі қалаға іргелес елді мекендерге тұрақтайтыны белгілі. Қазіргі күні ауданда қанша шетелдік тіркелген?
– Бүгінгі таңда Целиноград ауданында 578 тұрақты тұратын шетелдік бар, Сонымен бірге азаматтығы жоқ – 24, маусымдық жұмысқа уақытша келген 1713 адам тіркелген. Көші-қон қызметкерлері олардың уақытша және тұрақты тіркелген мекенжайларына барып, бақылау жүргізіп отырады. Көші-қон заңнамасы талаптарын сақтау туралы түсіндірме жұмыстары жүргізіледі. Елде болу тәртібін бұзған шетелдіктерді, сонымен бірге шетелдік жұмыс күшін тарту ережелерін бұзған жұмыс берушілерді анықтау шаралары да ұйымдастырылған. Аудан көлемінде заңсыз көші-қонның жолын кесу мақсатында «Мигрант» және «Заңсыз келуші» жедел алдын алу іс-шаралары өткізіліп тұрады.
– Қазір қоғамда көп көтеріліп жүрген қылмыстардың тағы бірі – интернеттегі алаяқтық. Оларға алданып қалып жатқандар көп пе?
– Қазір елімізде банк қызметкері болып қоңырау шалу жағдайлары көбейіп тұрғаны белгілі. Біздің аудан да бұдан тыс емес. Дәл қазіргі таңда бізде осындай 13 қылмыс ашылмай тұр. Мәселен, алаяқтар адамдарға хабарласып, қашықтықтан басқаруға арналған AnyDesk, TeamViewer, HopToDesk секілді қосымшаларды орнатуды сұрайды. Содан кейін айдалада отырып олардың онлайн-шоттарына кіріп қаржыларын жымқырып кетеді. Пайдакүнемдер көбінесе OLX, «Kolesa», «Krisha.kz» секілді танымал сайттарға төмен бағада хабарландырулар орналастыру арқылы адамдарды қызықтырып, өздеріне тартады.
Шынайы өмірде жасалған қылмыстарға қарағанда «онлайн» әлемдегі алаяқтық құқықбұзушылықтарын ашуда бірқатар қиындыққа жолығатынымыз рас. Бұл – ақпараттық технологияларды қолдану арқылы жасалатын спецификалық қылмыс түрі. Оның үстіне көбін негізінен шетелде отырған адамдар жасайды. Сондықтан біз шетелден қоңырау шалған алаяқты анықтағаннан кейін сол елге сұрау саламыз. Алайда заңдарымыздың ерекшеліктеріне байланысты олардан жауап алу мерзімі ұзаққа созылып кетеді. Салдарынан қозғалған қылмыстық істер орта жолдан тоқтап қалады.
Қазіргі таңда интернеттегі алаяқтыққа қарсы ең жақсы шара – халықтың ақпараттық және құқықтық сауатын көтеру. Интернетті, адамдардың онда не істеп жатқанын толық бақылап отыру мүмкін емес. Сол себепті біз де полиция тарапынан халықты интернетте жасалатын қылмыстар туралы құлақтандыру үшін кең көлемде жұмыс жүргіземіз. Оқу орындарында, түрлі ұжымда кездесудер өткізіп, поштаға, телефонға келген күмәнді сілтемелерге өтпеу, банк қызметкерінің телефон арқылы хабарласып, ешқандай жеке басқа тиесілі құпия мәліметтерді сұрамайтыны жайында түсіндіреміз. Десе де, әлі де алаяқтардың арбауына оңай еріп, алданып қалып жатқан аңқау отандастарымыз аз емес.
– Ауданда мал ұрлығы көп пе?
– Мал ұрлығы да қазір азайды. Дәл бүгінгі таңда жыл басынан бері тіркелген екі мал ұрлығы ғана ашылған жоқ. Бірақ күдіктілер анықталды, оларды іздеу жұмыстары жалғасып жатыр.
Осыған қатысты тағы бір жайды айта кету керек. Аудан Астананы айнала қоршап тұрғандықтан елордаға баратын 5 ірі күре жол біздің аумағымыздан өтеді. Кейде қараусыз қалған мал жолға шығып кетіп, жол-көлік оқиғасына себеп болуы мүмкін. Сондықтан полиция қатарынан әр жолды қадағалайтын арнайы топтар жасақталған. Олар қараусыз жүрген малды анықтап, иелеріне қатысты әкімшілік хаттама толтырады. Егер иесі анықталмаса, малды арнайы орындарға қамайды. Айта кетейін, қызметкерлеріміз күніне 5-тен 10-ға дейін осындай хаттама толтырады.
– Аудан үстінен республикалық маңызы бар күре жолдар өтетінін айттыңыз. Көлік апаттары жиі бола ма?
– Өкінішке қарай, аудан көлемінде адам өліміне апарып соқтыратын ірі жол апаттары болып тұрады. Қазір әдеттегі көлік түрлерімен қатар скутерлер, электрлі самокаттар да жол қозғалысына қосылып жатыр. Балалар көбіне мектепке, басқа да жерге осы көлік түрлерімен барып жатады. Сондықтан біз балаларға, олардың ата-аналарына түсіндіру және ескерту жұмыстарын жиі жүргіземіз. Соның ішінде ауылдардың чаттары арқылы да жұмыс істейміз.
Атап айтсақ, жергілікті полиция қызметі бөлімінің қызметкерлері «Жол жүрісі туралы» заң нормаларын және жол ережесін түсіндіру мақсатында бірқатар іс-шара өткізіп тұрады. Мысалы, жазғы демалыс басталғандықтан жуырда «Абайлаңыз – балалар!» кең көлемді акциясын бастадық.
Сөзімнің соңында айтарым, ауданымыз өте үлкен. Өзіңіз айтқандай, Астананы айнала қоршап жатырмыз. Одан бөлек өзі жеке әкімшілік бірлік болса да, 100 мыңдай халқы бар Қосшы қаласы да біздің ауданға қарайды. Сондықтан ауданымыз өте күрделі. Келіп-кетіп жатқан халық та көп, көлік те көп. Ресми емес мәліметтерге сәйкес ауданда қазір 200 мыңдай халық тұрады. Қоянды аулының өзінде 60 мың адам бар. Олардың көпшілігі Астанада жұмыс істейді. Таңертең бәрі қалаға асығады, кешке кері шұбырады. Сондықтан жол-көлік апаттары, басқа да құқықбұзушылық жиі болып жатады. Қызметкерлерімізге артылар жүк ауыр, күні-түні ұйықтамай қоғамдық тәртіпті қадағалау үшін еңбек етіп жатырмыз.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ,
«Egemen Qazaqstan»