Форум • 06 Маусым, 2024

ТМД: V жастар театр форумы басталды

213 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Алматы шаһары театр кеңістігіндегі нағыз шығармашылық мамандардың бас қосатын ауқымды алаңына айналды. Алматыда Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен, Қазақстан Театр қайраткерлері одағының ұйымдастыруымен ТМД, Балтық және Грузия елдерінің V жастар театр форумы салтанатпен ашылды. Форум маңдайындағы «жастар» мәртебесі қатысушылар жасының шектеулі екенінен хабар береді. Алматы қаласына 9 елден: Қазақстан, Әзербайжан, Армения, Беларусь, Қырғызстан, Молдова, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстаннан 35 жасқа дейінгі 200-ден астам режиссер, драматург, актер, сценографтар мен театр сыншылары келді. Режиссура, драматургия, сценография және театрдың өзге жанрындағы дарынды жас мамандарды бір ортаға тоғыстырған форум 3-9 маусым аралығын қамтып, драма өнерінің мерекесі қазақ елі мәдени кеңістігін бір апта бойы дүбірлетпек.

ТМД: V жастар театр форумы басталды

Суреттерді түсірген – Юрий БЕККЕР

Триеналле форматында, яғни үш жылда бір рет өтетін форум 2012 жылы Кишиневтен бас­талып, 2015 жылы Минскіде, 2018 жылы Ереванда, 2021 жылы Ташкентте өтіп, биыл Алматы қаласында жалғасын тауып отыр. Он екі жыл ішінде форумға 1000-нан аса таланттар тарты­лып, олардың өнерін 20 000-нан астам көрер­мен тамашалаған. Ауқымы жағы­нан, театрдың жас таланттарын біріктіру жа­ғынан Достастық елдерінің мәдени саласында басқа баламасы жоқ бұл фо­рум ТМД елдерінің мəдениет жəне өнер саласындағы шығармашылық жастарының ынтымақтастық алаңын кеңейтуді көздейді. Форумның басты мақсаты – театр əлеміндегі мəдени байланыстарды сақтау жəне дамыту, жас театр көшбасшыларын анықтау жəне біріктіру, осылайша ТМД елдері шығармашылық жастарының интеллектуалдық ой-өрісін биіктету. Театр өнерінің бұл мерекесі ұзақ уақыт сарапталған шығармашылық үдерістің ақырғы шегі болып саналады. Бұған дейінгі түрлі кезеңдерде беделді халықаралық сарапшылар үздік спектакльдерді таңдап, суретшілер мен драматургтер форумына қатысу үшін іріктеу өткізді. Алматы форумы аясында осы іріктеуден сұрыпталып шыққан спектакльдер ғана көрсетіледі. Сонымен қатар суретшілердің каталогтары мен жас драматургтердің пьесалар жинағының жібек бауы қиылып, шеберлік сыныптары, семинарлар, танымал театр қайраткерлерінің дəрістері өтеді.

а

Ашылу салтанаты Almaty Theatre төрінде өткен Халықаралық театр фору­мының құрметті меймандары мен қазылар алқасы алдымен баспасөз мәс­лихатын өткізіп, көпшілікке өздерін таныс­тырды. Олар: ТМД мемлекеттерінің Мем­лекетаралық гуманитарлық ынты­мақтастық қорының атқарушы директоры Анатолий Иксанов, А.Пушкин атын­дағы Мəскеу драма театрының көр­кемдік жетекшісі, ТМД елдері

V жас­­тар театр форумының қазылар алқа­сының төрағасы Евгений Писарев, «Читен» жапон театрының көркемдік жетекшісі, Г.Товстоногов атындағы БДТ, Мемлекеттік ұлттар театры жəне «Чехов студиясы» Мелихов театры шақырған режиссер Мотои Миура, А.Чехов атындағы Халықаралық театр фестивалінің бас директоры, Халықаралық театр одақтары конфедерациясының вице-президенті – бас хатшысы Карина Цатурова, Қазақстан Театр қайраткерлері одағының төрағасы Тұңғышбай Жаманқұлов, өнертану кандидаты, Халықаралық театр сыншы­лары қауымдастығы Қазақстан сек­ция­сының төрағасы Сәния Қабдиева, Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының көркемдік жетекшісі, ТМД елдерінің V жастар театр форумы ұйым­дастыру комитетінің төрағасы Фархад Молдағали.

«Форумда жеңімпаз деп танылған театр ұжымы Мәскеуде өтетін Чехов фестиваліне қатысады. Бұл – сирек бо­латын мүмкіндік. Меніңше, форум бір-бірімізбен танысу, кәсіби ын­тымақтастық қауымдастығында өз қ­арымымызды байқату, өзара ықпалдасу, театр мэтрларымен кездесу секілді шы­ғармашылық адамына аса қажет мүм­кіндікті сыйлайды. Бәлкім, мұнда жаңа театр бағыттарын көретін болармыз. Бұл тек тәжірибе алмасу алаңы ғана емес, Дос­тастық елде­ріндегі дарын­ды жастарға назар аудару, ендеше, бұл – бо­лашақты бағдарлау», – дейді V форум­ның қазылар алқасының төрағасы, А.Пуш­кин атындағы Мәскеу драма театрының көркемдік жетекшісі Евгений Писарев.

м

ТМД елдері V жастар театр фору­мының бағдарламасы мəдени дəстүр­лердің алуан түрлілігін көрсетеді. Фо­рум қып­шақ даласынан құл болып ба­рып, Мысырдың сұлтаны дәреже­сіне көтерілген XIII ғасырдың ұлы қолбас­шысы Бейбарыстың өмірін арқау еткен Фар­хад Молдағалидың «Mamluk. Сұлтан Бейбарыс» спектаклімен ашылды. Форум аясында 9 елдің жас режиссерлерінің 9 қойылымы ұсынылады. Спектакльдер Алматы қаласындағы бірнеше театрдың сахнасында таныстырылады. Кəсіби қа­зылар алқасы жеңімпаздарды анық­тайды. Үздік деп танылған ұжымға ақ­ша­­лай сыйлықтар мен алтын, күміс жəне қола түріндегі естелік сыйлықтар бе­ріледі. Форумда жүзден жүйрік танылған спектакль Мəскеуде өтетін А.П.Чехов атындағы XVII Халықаралық театр фес­тиваліне жолдама алады.

Алматыда өтіп жатқан биылғы театр форумының жаңалығы мол. Форумға тұрақты қатысып келе жатқан тоғыз елдің Театр қайраткерлері одағы таң­­даған талантты авторларының 19 шығар­масы топтастырылған «Жас драматург­тер пьесаларының жинағы» әзір­леніп, жарық көрді. Жинақты құрас­тыру­шылардың мақсаты – жас автор­лардың драматургиялық қарымын театр­­дың кәсіби мамандарының ба­ғалауына ұсыну. Көпшілігі Ал­матыдағы форумның қатысушылары. Олар пьесаға жай қы­зығушылық танытып қана қоймай, оны сахналауға құштар режиссерді немесе сахна суреткерін нақ осы жерден кездестіруі әбден мүмкін. Бұған дейін өткен төрт форумның нәтижесінде шығармашылық байланыстар жасалып, бірлескен театр жобалары жүзеге асып, өз жемісін беріп үлгерген мысалдар да бар көрінеді. Ал­матыдағы бесінші театр форумының ұйымдастырушылары бар күшін жас маман­дардың шығармашылық қарым-қатынасын орнатуға, ортақ мәдени кеңіс­тікті бірлесе дамытуға бағыттап отыр.

Елеулі жаңалықтың бірі – білім беру бағдарламасы шеңберіндегі «Болашақ театры» зертханасы. Бұл жас театр жетекшілері, театр өнеріндегі жаңа бағыттар мен тұжырымдамаларды зерттеу, талқылау жəне қалыптастыру үшін жиналатын бірегей өнер кеңістігі. Нақтырақ айтқанда, режиссерлер, дра­матургтер, сценографтар, театр зерт­теушілері біріге отырып, болашақ театр қайраткерлері ретінде бірлесе жұмыс атқарып, олардың зерттеулері мен пікірталастары театр əлемінің даму құралы ретінде қызмет етеді. ТМД елдері V жастар театр форумы басталғанға дейін білім беру бағдарламасына қатысушылар өздерінің театрында немесе өзі тұратын, жұмыс істейтін аймақтағы театрларда болып жатқан шығармашылық үдерістерді əріптестерімен бірге талдап, соның негізінде «Біздің болашақ театрымыз» презентациясын дайындайды. Да­йындалған жұмысты ұсыну кез келген формада болуы мүмкін. Іс-қи­мыл еркіндігіне шектеу қойылмайды. Мысалы, ол манифест, пьесадан үзінді, спек­такль, инсталляция, тағы басқа пішінде көрініс табуы мүмкін.

Атап өтуге тұратын жаңалықтың тағы бірі – жас театр суретшілерінің «Сце­нографиялық коллаж» көрмесі. «Сце­нографиялық коллаж» – алғаш рет 2012 жылы Кишиневте ТМД, Балтық жəне Грузия елдері жастарының алғашқы театр форумы аясында өткен. Биыл да бесінші жастар форумының маңызды бөлігі болып бағдарламаға енді. Халықаралық бәсеке-байқауға Қазақстан, Əзербайжан, Ар­мения, Беларусь, Қырғызстан, Мол­дова, Ресей, Өзбекстаннан 15 су­ретші-сценографтың жұмыстары ұсы­ны­лып отыр. Бұл суретшілердің өзара шығармашылық тәжірибе алмасуына, жаңа идеялардың тууына серпін берері сөзсіз. Себебі мұндағы нəтиже тех­нология немесе стратегия емес, ке­рісінше жаңа идеялар, жаңалықтар, ша­быт жəне жас сценографтар мен режис­серлердің халықаралық деңгейдегі ынты­мақтастығы. Сценографтардың көрмесі кеше Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мем­лекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында өтті.

 

АЛМАТЫ