Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада жергілікті және шетелдік БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында жемқорлықпен күрес үздіксіз жалғасатынын, мұндай қылмысқа барғандарға ешқандай заң тұрғысынан аяушылық болмайтынын айтқан болатын.
«Сыбайлас жемқорлық – өте күрделі құбылыс. Былай айтқанда дерт деп те айтуға болады. Батпандап кіретін, мысқалдап шығатын кесел. Сондықтан бұл дертпен міндетті түрде бәріміз қоғам болып күресуіміз керек. Әйтпесе, кеш болып қалуы мүмкін. Сыбайлас жемқорлықтың кесірінен алып мемлекеттер, ірі мемлекеттер құлағанын бәріміз білеміз, куә болдық», деген болатын Мемлекет басшысы.
Сонымен бірге сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі кеңесте қоғам дертін түбегейлі жеңу үшін тек биліктің, құзырлы органдардың шамасы келмейтінін, оған ел болып жұмылып, жұрт болып кірісу керектігін мәлімдеген еді.
«Біріншіден, бізде жемқорлыққа қарсы күресте қару бола алатын мықты мемлекеттік институттар бар. Мемлекеттік аппарат жұмыс істеу тәсілін өзгертіп, жемқорлықтың жолын кесуі керек. Екіншіден, жемқорлықпен күрес халықтың табанды сұранысына ие. Әкімшілік сауалнама жүргізеді, өзім де ел аралап жүремін. Сонда байқағаным, біздің қоғам жемқорлықпен ымырасыз күресуге дайын. Үшіншіден, біздің елді дамытуға және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған жоспарларымыз жемқорлықты түбегейлі жойған жағдайда ғана жүзеге аспақ», деп айтқан еді Президент.
Мемлекет басшысының осынау тапсырмасын Шымкент қаласының атқарушы билігі де ынты-шынтысымен жүзеге асырып жатыр.
«Президент маған үлкен сенім артты. Мен сол сенімді ақтауым керек. Келгелі ешкімді ауыстырмадым. Бірақ таза жұмыс істегісі келмегендер, менің талабыма көнбегендер өз ықтиярымен қызметтен кетті», деген еді қала әкімі Ғабит Сыздықбеков аппарат жиналысында.
Жемқорлықтың себебін жойып, салдарымен күресуге атқарушы билік те, құқық қорғау органдары да білек сыбана кіріскен. Сол күрескер топтың арасында өңірлік кәсіпкерлер палатасы да бар. Өйткені кәсіпкерлер құқығын қорғау ұйымы – сыбайлас жемқорлықпен айқаста бірінші мүдделі тарап. Бизнес саласында жемқорлық әрекеттері жиі көрініс табады. Тіпті кейбір құжат рәсімдеу, рұқсат анықтамалар беру секілді мекемелерде парақорлық бүкіл қызмет жүйесін жаулап, кәдімгі жазылмаған заңдай сипат алып кеткені жасырын емес.
Жуырда Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасында кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес мүшелері кезекті заң бұзушылық әрекеттерді талқылау үшін мәжілісте бас қосты. Кеңес төрағасы Мелес Сейтжановтың модераторлығымен өткен жиынға палата басшылығы, кеңес мүшелері, қалалық прокуратура өкілдері, жергілікті әкімдіктен сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармаларының жетекшілері қатысты.
Кеңесте кәсіпкерлер үшін өзекті тақырып – жер учаскелерін мемлекет мұқтажына алу мәселелері қаралды. Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Майя Исаеваның айтуынша, аталған проблема шынымен де қазіргі таңда қоғамда өте бір өзекті мәселеге айналып отыр. Палатаға келіп түсіп жатқан арыз-шағымның жартысына жуығы жер мәселесіне қатысты көрінеді.
«Бірнеше азаматтық істі зерделедік. Соның нәтижесін айтар болсақ, бізде кей жағдайда сотқа дейінгі келісу рәсімі өткізіле бермейді екен. Зерделеудің барысында осыны анықтадық. Сосын «Мемлекеттік мүлік туралы» заңда даулы мәселелерді келісім комиссиясының алаңында қарау туралы арнайы ережелер бар. Бұл, біріншіден, сот органдарына артылатын жүктемені едәуір төмендету үшін керек. Жер дауы сотқа жетпей шешілсе, мемлекет мұқтажына алу рәсімі де жедел орындалар еді. Мәселен, 2021-2024 жылдардағы азаматтық істерді зерделеу нәтижесінде анықталғаны – өтемақы төлей отырып жер учаскелерін мемлекет мұқтажына алу бойынша азаматтық істердегі арыз-шағымдардың барлығы дерлік қанағаттандырылған, ал төлемақы бар-жоғы 10-20%-ға ғана артық төленді», деді М.Исаева.
Палата өкілінің мәлімдеуінше, азаматтық істерді зерделеу кезінде жер учаскелері «Мемлекеттік мүлік туралы» заңда көзделген алу рәсімі өткізілгенге дейін мемлекеттің мұқтажы үшін алыну фактілері анықталған. Яғни заңға сай рәсімдер жүргізілмей, ертерек алынып қойған. Палатада бұған дейін осыған ұқсас жағдайларды қарап, арнайы жиын өткізген екен. Ендігі ретте осы мәселе бойынша кәсіпкерлер құқын қорғау ұйымына тағы бір кәсіпкер көмек сұрап келіпті. Палата мамандары бизнес өкілінің бұл проблемасын заң шеңберіне сай оңтайлы шешіп беруге уәде етті. Өз кезегінде кеңес мүшелері егер тиісті басқармалар даулы мәселелерді келісім комиссиясының алаңында талқылап, бұл тәжірибені тұрақты түрде қолданар болса, онда сотқа жолданатын шағымдардың да саны азаятын еді деген пікір білдірді.
Жиынға қатысқан Шымкент қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Өмір Қалыбаев жерге қатысты даулар көбіне өтемақы шешімімен келіспейтін тұлғалардың тарапынан туындайтынын жеткізді.
«Мәселен, бүгінгі таңда Қонаев даңғылының жалғасын салу жобасы бойынша 100-ге жуық жер учаскесін мемлекет мұқтажына алу мәселесі толық шешілген. 37 нысанның ішінде төрт-бес азамат қана өтемақы бағасымен келіспей, сотқа жүгінді. Сот шешімімен қосымша сараптама тағайындалып, екі нысан үшін төленетін өтемақы бағасына тағы қосымша 2-3 млн теңге қосылды. Дейтұрғанмен сот шешімімен арыз бергендердің есепшотына ақша аударылса да, нысан иелері бұған да келіспей, үйлерінен шықпай қойды. Осыған байланысты сот орындаушыларын ертіп барып, соттың шығарған шешімін ақыры орындаттық», деді Ө.Қалыбаев.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес мәжілісінде Шымкент қаласы прокурорының аға көмекшісі Нұржан Нұрланұлы жер дауынан туындаған мәселелер қалада аз емес екенін атап өтті.
«Қаладағы ең ұзын көшелердің бірі Арғынбеков көшесі 2014 жылы пайдалануға беріліпті. Содан бері он жыл өтті. Дегенмен осы көшенің бойында мемлекет мұқтаждығына алынатын жер учаскелері әлі де баршылық екен. Ертеңгі күні қандай да бір келеңсіз жағдай туындамас үшін және үлкен дау-дамайдың алдын алу мақсатында жергілікті атқарушы орган тарапынан мемлекет мұқтажына жер учаскелерін алу жұмыстарын нақты бір жүйеге қою керек секілді. Сонымен бірге осы мақсатқа орай тиісті басқармалар да арнайы іс-шаралар жоспарларын түзіп алғаны абзал», деді қалалық прокуратура өкілі Нұржан Нұрланұлы.
Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Ө.Қалыбаев өз сөзінде жуырда қала әкімдігі аппаратынан тапсырма берілгенін, осыған байланысты ендігі жерде тиісті басқармалардан жер учаскелерін мемлекет мұқтажына алуға қатысты барлық мәселе талқыланып, қарауға ұсынылатынын айтты.
Сыбайлас жемқорлық тақырыбына арналған жиын соңында кеңес төрағасы Мелес Сейтжанов осы кеңеске мүше азаматтардың ұсыныс-тілегін жария етті. Ол бойынша тиісті басқармалар мемлекет мұқтажына алынатын жер учаскелерінің меншік иелерімен өзара түсіністік әрекетін жасаса немесе келіспеушілік туындаған жағдайда келісу комиссияларының алаңында талқылауға мүмкіндік бар екенін ұғындырса деген ұсыныс жеткізді.
Палата кеңесі талқыға түскен мәселелерді тағы да қарау үшін алдағы уақытта әкімдік басқармаларымен өзара тиімді диалог пен іс-әрекет жүргізуге ниетті. Сондай-ақ аталған мәселе бойынша қала әкімімен арнайы кездесу ұйымдастыруды ұйғарып отыр. Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасына келісім комиссиясының құрамына Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасынан бір өкілді, палата жанындағы өңірлік кеңес мүшелерінен бір азаматты қосса деген ұсыныс тастады.
Қорыта айтқанда, Шымкент қаласының атқарушы билігі өңірлік кәсіпкерлер палатасымен бірге алдағы уақытта жер учаскесін мемлекет мұқтаждығына алудың оңтайлы тәсілдерін іске асырмақ. Бұл өз кезегінде жерді мемлекет мұқтаждығына алудың рәсімін жеңілдетіп, түрлі жемқорлық әрекеттердің де алдын алуға септігін тигізеді деген сенімді күшейтеді.
ШЫМКЕНТ