Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»
Мемлекет басшысы да бұл мәселеге көңіл аударып, «Қуат тапшылығы 2030 жылға қарай 6 гигаватқа жетеді. Бұл біздің экономикамыздың өсу қарқынының айтарлықтай баяулауына және тұрғын үй-коммуналдық саладағы жүйелі дағдарысқа әкелуі мүмкін», деген еді.
Энергетика саласының сарапшысы Жақып Хайрушевтің айтуынша, бұған дейін жылдық 1,5–2 пайыз өсіммен шектелген жарық көзін тұтыну көрсеткіші биыл рекордтық межеге – 7 пайызға жеткен. Ал елдегі жылу желілерінің тозуы 60 пайызды құрайды. Желілердегі электр энергиясының шығыны 30 пайызға жетсе, заманауи электр жүйелеріндегі шығын – 10 пайыз. Үкіметтің ресми ақпаратына сүйенсек, экономика мен халықты сенімді энергиямен жабдықтауды қамтамасыз ету мақсатында таяу жылдары жаңа энергия қуаттарын кезең-кезеңімен енгізу және қолданыстағы электр стансаларын жаңғырту көзделеді.
Энергетика министрлігінің ұсынған мәліметтеріне қарағанда, биыл Екібастұз ГРЭС-1-де 1-энергоблокті қалпына келтіру жобасын аяқтау жоспарланған. Көкшетау, Семей, Өскемен қалаларында жаңа ЖЭО салу мәселесі пысықталып, оңтүстік өңірлерде 2025–2026 жылдары аяқталатын газ өндіру жобалары іске асырылып жатыр. Жаңартылатын энергияның 15 пайыздық үлесіне қолжеткізу үшін 2030 жылға қарай «Total Energies», «Acwa Power» және «Masdar» стратегиялық инвесторларымен ірі жобаларды жүзеге асыру жоспарланған. Сонымен қатар 2024 жылға 10 энергоблокті, 55 энергетикалық қазандықты және 45 турбинаны күрделі және кеңейтілген ағымдағы жөндеу, сондай-ақ жалпы ұзындығы 20,9 мың км электр беру желілеріндегі 423 қосалқы стансаны жөндеу жоспарда бар.
«Жалпы өндірілген электр энергиясы 112 млрд кВт/сағ көрсетсе, тұтыну – 115 млрд кВт/сағ. Жыл басынан бері жағдай түзеліп, профицит пайда бола бастады. Оны көрші елдерге беріп отырмыз. Нақты санмен айтсақ, тұтыну – 49,3 млрд кВт/сағ, өндірілген энергия 49,8 млрд кВт/сағ болып отыр. Профицит шамамен миллиардқа жуық. Әрине, энергия көп тұтынылатын кешкі уақытта тапшылық болады. Бірақ ол Ресейден алынған энергия есебінен жабылады», дейді Энергетика министрлігі Электр энергетикасын инвестициялау департаментінің басшысы Жалғас Шөгелбаев.
Кейінгі жылдары секторға салынған инвестиция көлемі артып, инвестициялық келісім шеңберінде 2028 жылға қарай қосымша 3,5 ГВт қуат алу, сондай-ақ теңгерімге сәйкес 2027 жылға қарай тұрақты профицитке қолжеткізу мүмкіндігін жоққа шығармайды маман.
Энергетиктер одағының басшысы Марат Дұлқайыров алдағы 2-3 жылда оңтүстік өңірлердің электр энергиясынсыз қалу қаупі бар деген болжамын айтты.
«Қазақстан өзі өндірген энергиядан да көп тұтынады. Сондықтан профицит туралы айту артық. Біз қазір электр қуаты бойынша өте қиын тапшылыққа тап болдық. Оңтүстік өңірлерде халықтың 50 пайызы тұрады. Балқаштан төмен орналасқан 6 облыстағы тапшылық үлесі – 55 пайыз. Біз алдағы 2-3 жылда электр энергиясын шектеу мен өшіру секілді тапшылықтың салдарын тартатын боламыз», дейді Дұлқайыров.
Кейінгі 7-8 жылда энергия беру нысандарында толық жаңарту жұмыстары жүргізілмеген. Елде энергетикалық жабдықтар мен активтердің ескіруі жоғары дәрежеде қалыптасып, соның ішінде өндіруші жабдық орта есеппен – 65 пайызға, электр желілері – 83 пайызға, жылу желілері 80 пайызға тозған. Жүктеменің артуына байланысты жоспарлы жөндеу жұмыстары жиі өзгеріске ұшырап, олардың мерзімін ұзарту мен кейінге қалдыру тұрақты үрдіске айналып, салдары төтенше жағдайға әкеліп жатыр. Мысалы, 2021 жылы Екібастұз ГРЭС-1 және ГРЭС-2 электр энергиясының бұрын-соңды болмаған көп көлемін өндірген. 2023 жылы электр энергиясын тұтыну 115,06 млрд.кВт/сағ болып, 2022 жылмен салыстырғанда 1,9 пайызға өскен. Бұл ретте электр энергиясын өндіру 2022 жылғы деңгейде қалып, 112,82 млрд.кВт/сағ болды. 2023 жылы жүктеме өскен кезде еліміздегі электр стансалары генерациясының төмендеуі байқалған. Талдауда анықталғандай, электр стансаларының жиынтық белгіленген қуаты 24 ГВт болса, нақты қуаты 19,1 ГВт немесе шамамен 80 пайызды құрайды. Жұмыс қуаты белгіленген қуаттың шамамен 65 пайызы немесе 15,4 ГВт болды. Бұл, әрине, желілердің тозуын жоғарылатады.