Сұхбат • 07 Маусым, 2024

Өңірлік кадр резерві қалыптастырылады

108 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бүгінде білімді жастарды мемлекеттік қызметке тарту мақсатында Мемлекеттік қызмет істері агенттігі тарапынан тиісті жағдайлар мен мүм­кіндіктер жасалып жатыр. Аймақтағы мем­­­лекеттік қызметтегі осы жұмыстың бары­сы және басқа да жүзеге асырылып жатқан іс-шаралар бойынша Мемлекеттік істер агент­ті­­гінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша депар­­­таментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Нұрлан ЕРКЕБАЕВПЕН әңгіме­лескенбіз.

Өңірлік кадр резерві қалыптастырылады

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

– Нұрлан Тәңірбердіұлы, сіздердің тараптарыңыздан атқарылып жатқан жұмыстар орасан. Алайда оны біріміз білсек, енді біріміз бейхабармыз. Тіпті азаматтардың құқықтарын қалпына келтіру секілді жұмыстармен де айналысасыздар. Алдымен осы туралы тарқатып айтып бересіз бе?

п

– Әрине, атқарып отырған қыз­мет­теріміздің бірі осы, азаматтардың құқық­тарын қалпына келтіру. 2023 жылды биыл­мен қоса алғанда мемлекеттік қызмет саласында бақылау басқармасымен жалпы жүзге тарта тұлғаның құқықтары қалпына келтірілген. Атап айтсақ, тәр­тіп­тік жазаның күшін жою, бағалау парақ­тарымен таныс­тыру, бонус төлеу, сынақ мерзімін орнату сынды мемлекеттік қызметшілердің құқықтары қаралды. Мәселен, мемлекеттік мекемеде қызмет­кер жыл бойы жұмыс істеп жүріп, жыл соңында тиісті бонусын ала алмай қалған. Департамент тарапынан тексеруден соң қызметшінің еңбегі бағаланып, тиісті бонусы төленді. Сондай-ақ мемлекеттік органда істейтін 4 қызмет­кер заңсыз тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Біздің мамандардың араласуымен мемлекеттік қызметшілердің құқықтары қалпына келтірілген.

­– Мемлекеттік қызметкерлер әуел­де жан-жақты тексеруден соң ғана қыз­метке қабылданады. Сөйте тұра тәртіп бұзулары мүмкін. Көбінде қандай құқық бұзылады?

– Біздің тараптан үнемі тексерулер жүріп тұрады. Мемлекеттік қызмет туралы заңнама талаптарының сақталуы бойынша азаматтардың арыз-шағымдары негізінде де мәселені назарға аламыз. Нақты деректер келтірсем, 2023 жылдан бері 689 құқық бұзушылық анықталған. Конкурс рәсімдерінің бұзылуы, тәртіптік жаза қолдану туралы және әлеуметтік қорғау бөліктерінде жиі кездеседі. Айта кетейін, біз жаза қолданып қана қоймай, алдын алу шараларын да ұйымдастырамыз.

– Сондай-ақ жоспардан тыс тексеру іс-шаралары да бар емес пе?

– Әрине, арыз түскен жағдайда тексеру жоспардан тыс жүргізіледі. Былтыр мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасына қатысты 62 арыз-шағым келіп түсіп, 6 өтініш бойынша тексеру іс-шаралары жүргізілді. Тексеру қорытындысы бойынша төртеуінің құқығы қалпына келтірілді. Азаматтардың шағым түсіретін негізгі салалары – жер қатынастары геодезия және картография, бизнес және кәсіпкерлік. Құқық бұзылған жағдайда оны міндетті түрде қалпына келтіру керек. Тексеру кезінде төрт арызда көрсетілген фактілер өз дәлелін тауып, тиісті шаралар жасалды.

Айта кетейін, жергілікті атқарушы органдар мен орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерінде ішкі бақылау қызметтері де жолға қойылған. Былтыр ішкі бақылау арқылы 17 бірлескен тексеру жүргізіліп, 870 заң бұзушылық анықталды. Ал биылғы 1 тоқсанда 6 бірлескен тексеру жүргізіліп, 207 бұзушылық анықталды.

– Түсінікті. Азаматтардың құқық­тары қалпына келтірілді деп жатырмыз. Мысал келтіре аласыз ба?

– Ондай мысалды көптеп келтіруге бо­лады. Бірақ жуықта болған бір жағдайды айтайын, биыл 6 ақпанда Риддер қала­сының тұрғынынан шетел азаматына сенім­хат бойынша жеке сәйкестендіру нөмі­рін алу үшін құжаттарды қабылдаудан негізсіз бас тартқаны туралы шағым түскен. Мамандар арызды қарап, өтінішті дереу қабылдау және облыстың халыққа қызмет көрсету орталықтарында түсіндіру жұмыстарын жүргізу туралы хат жолданды. Ал шағым бойынша қызмет алушының өтініші қабылданып жеке сәйкестендіру нөмірі берілді.

– Ал мемлекеттік қызметке тұрамын деуші жастарға қандай кеңес берер едіңіз?

– Жоғары оқу орындарына барып, мемлекеттік қызметтің қыр-сырын түсін­діріп жатырмыз. Себебі былтырдан бері жас маманға конкурссыз мемлекеттік қызметке өтуге мүмкіндік берілді. Ең бас­тысы грантта оқып, 3/3 дәрежесі бойынша бітіруге тиіс. Былайша айтқанда, төрт пен беске оқыған түлек болуы керек. Сол туралы жан-жақты айтып жатырмыз. Биылдың өзінде әр факультеттің түлектерімен жеке-жеке кездесіп, вакансия ұсындық. Жастар бірінші айлық сұрайды. Оны да ашып айттық. Бас маман болып барса, қолға 180 мың теңге алады. Бұл жерде, мемлекеттік қызметке орналасқан азамат тұлға болып қалыптасады, білімі жетіледі.

Сонымен қатар биылдан бастап өңір­лік кадрлық резервті қалыптастыруды бас­тадық. Оған 35 жасқа дейінгі 20 шақты аза­матты іріктеп қабылдаймыз. Олар тес­тілеу арқылы бірнеше этаптан өтті. Ең жо­ғары ұпай алғандар жеке қасиеттерін баға­лау кезеңіне өтті. Одан өткен 42 азамат Аста­наға кетті. Тамыз айының ортасында әңгі­ме­лесуді жоспарлап отырмыз. Әділдік болуы үшін олардың аты-жөндерін де білмейміз. Тек нөмір арқылы анықталып жатыр.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Мерей Қайнарұлы,

«Egemen Qazaqstan»