18 Маусым, 2010

Мақсат ҚАБАШЕВ: “ҚАРЫЗДЫ ҚАНДАЙ ДА БІР КЕШІРУ ТУРАЛЫ ҚАЗІР СӨЗ БОЛМАЙДЫ”

723 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Өткен аптада Қазақстанның қаржы саласында бір қарағанда қатардағы да қалыпты, ал іс жүзінде өте маңызды оқиға болды: Standard&Poor's халықаралық рейтинг агенттігі жуырда ғана қарыздарын қайта құрылымдаудан өткен Альянс Банкінің рейтингтерін өсірді. Бұл оқиғаның Қазақстанның бүкіл экономикасы үшін қандай маңызы бар екендігі туралы осынау қаржы ұйымы Басқармасының Төрағасы Мақсат Қабашевпен әңгімелескен едік. – Мақсат Рақымжанұлы, біріншіден, біздің құттықтауымызды қабыл алыңыз. Сіздің банк үшін халықаралық рейтинг агенттігінің бұл бағасы нені білдіреді, ол атап айтқанда, шетелдік инвесторлардың, тұтастай алғанда банк үшін және Қазақстан экономикасы үшін қатынастарының өзгеруінде қандай рөл атқарады? – Құттықтауыңыз үшін рахмет, біз шын мәнінде мұндай жаңалық үшін өте қуаныштымыз. Өзіңіз біліп отырсыз, Standard&Poor's бізге ұзақ мерзімді контрагенттің несиелік рейтингін өзгертіп, оны “В-”-ға дейін және қысқа мерзімді контрагенттің несиелік рейтингін “С”-ға дейін өсірді. Сонымен бірге банкке ұлттық шкала бойынша “kzBB-” деңгейінде рейтинг беріл­ді. Рейтингтер бойынша болжам – “Тұрақты”. Таяудағы уақытта біз басқа халықаралық агенттіктердің жаңа рейтингтер беруін күтіп жүрміз. Қазіргі кезде Банк үшін қандай да бір күтпеген жәйттер бо­луы мүмкін емес, бізде бәрі бол­жанған және бірнеше жылға алдын ала жоспарланған. Осының бәрі – көптен күткен тұрақтылығымыз да, аса беделді рейтинг агенттігі ос­ындайлық жоғары бағалаған бо­лашаққа деген сенімділігіміз де – тікелей мемлекеттік қолдаудың ар­қасында қол жеткізген табыстары­мыз екенін айрықша атап өткім келеді. Тіпті, агенттіктің өзі де Альянс Банкіне жаңа рейтингтердің берілуіне түсініктеме жасағанда Альянс Банкі рейтингінің деңгейіне оның 100% мемлекетке тиесілі және Үкімет атынан іс-қимыл жа­сайтын “Самұрық-Қазына” ұлттық әл-ауқат мемқорымен тығыз бай­ланыста болуы оң ықпал еткенін атап көрсеткен. Standard&Poor's уа­қыт өте келе Альянс Банкінің банк қызметі рыногындағы – бөлшек-сауда және шағын бизнес сегмен­тіндегі ұстанымы нығаюы тиіс деп санайды. Қазіргідей күр­делі уақыт­та мұндай оң да оп­тимистік бағаны біз қымбатқа ба­лаймыз, агенттік мамандарына банк­те әзірленген даму стра­те­гия­сы ұнағанына өте қуаныштымыз. ­– Алайда агенттіктің түсінік­темесінде келеңсіз жәйттер: бірінші кезекте қоржынның жартысынан астамын құрайтын проблемалық несиелердің төтенше жоғары үлесі туралы да айтылған ғой? ­– Әлбетте, біз өзіміз опти­мизм­ге де, пессимизмге де салына ал­маймыз, біз әр нәрсеге нақтылық­пен қарауға тиіспіз. Ал ахуал мы­надай, бізге проблемалық қоржын­мен жұмыс істеп, провизияларды босату, банктің өз капиталын ұл­ғай­ту керек. Бүгінгі кезге дейін ат­қарылғаны – қарыздың қайта құ­рылымдалуы жүргізілді, құрылым оң­тайландырылды, жеке тұл­ғаларды да, бизнесті де несиелеу жалғастырылды, депозиттік база біртіндеп ұлғайып келеді – мұның бәрі біздің одан әрі дамуымыз үшін бастапқы алаң ғана. Біз тоқтап қалмақ емеспіз. Біздің болжамымыз ұстамды да сенімді: біз ешқандай да секірісті күтпейміз, рынокта аг­рес­сияшыл саясат жүргізбек емеспіз – біз тәуекелдерді сарабдалдықпен ба­ғалап, қол жететін мақсаттарды таңдап ала отырып, осы заманғы әлем­де банк қалай жұмыс істеуге ти­іс болса, солай жұмыс істеп келеміз. – Солай болса-дағы пробле­малық несие қоржыны туралы сұрағым келеді – жуырда баспа­сөзде сіздер миллиард доллар дерлік қарызды есептен шығарып, кешіреді деген ақпарат пайда болды... – Бәлкім, жай ғана бір түсін­бестік туған болар. Қарызды қандай да бір кешіру туралы қазір сөз бол­майды. Қаржы саласында жалпы “қарызды кешіру” дейтін түсінік жоқ. Егер сіздің клиентіңіз банкрот болса, немесе еңсеруге болмайтын, форс-мажор дейтін жағдайға орай, қарызды немесе оның бір бөлігін талап ету мүмкін болмайтын ахуал қалыптасып жатады. Бізге де, айта кетейік, қайта құрылымдау үде­рісінде ешкім ештеңені кешірген емес – займның мерзімін ұзарту, дисконтты қолдану арқылы қарыз салмағын жеңілдету үшін түрлі тетіктер қолданылды – бірақ бұл қарызды “есептен шығару” емес, бұл қайта құрылымдаудың нақ өзі. Сондықтан да біз өтеуге байла­ныс­ты проблема туындаған клиент­терге қайта құрылымдау ресімінен өтуді ұсынамыз – жеке тұлғалар үшін де, сондай-ақ шағын және орта бизнес үшін де қажет тұтас бағ­дарламалар әзірленіп, әрекет ету­де. Біз клиенттермен, ол “аяғы­нан тұра алып”, өтеу кестесіне ора­луы үшін барлық мүмкін болатын жағдайларды жасай отырып, дербес жұмыс істейміз: пайыздық ставка­ларды төмендетеміз, пеня мен айыппұлды есептен шығарамыз, мер­зімді ұзартамыз. Алайда пробле­малық несиелік қоржынмен жұмыс бір күнге де кідіртілмейді және тоқтатылмайды. Ал енді миллиард доллар дерлік қарызды есептен шығаруға келетін болсақ, бұл енді таза бухгалтерлік ресім – біз ба­ланс үшін есептен шығару ғана бол­­маса, банктің залалына еш­қандай есептен шығаруға бармай­мыз. Бұл есептен шығару банктің өзіне, оның есептілігіне қатысты­лықты ғана білдіреді – пробле­малық несиелердің өздері баланста ілініп тұрмауы үшін солай ету керек, ал енді мұндай проблемалық клиенттермен жұмысты біз еш доғармаймыз. Реті келгенде айта кетейін, “Қазақстан Республи­ка­сындағы банктер және банк қыз­меті туралы” Заңының 37-бабына сәйкес банктердің қарыз алушы­ларға кредиттік шарттарды ойда­ғыдай атқармағаны жөнінде банк­тің талаптарына келіспеушілік және талап ету өтініштеріне мерзімі өткендік таралмайды. Әңгімелескен Дамир САДЫҚАНОВ.