Пықыптың істеп отырған тірлігін одан басқа маман ауыстыра алмайтын болғандықтан, ілдәлап жарты штаттық қызметте қалдырғанмын. Томаға тұйық, аздап жүріс-тұрысында әпербақандық та бар, замандастарымның арасында «қожанасырлығын» да білетінмін...
Біраз күн өткен соң, Пықекеңнің үйіндегі жеңгей хабарласады.
– Айналайын қайным, осы ағаңды жарты «штатқа» түсіргеніңе рахмет!.. – дегенінде, жеңгем де қырсығын ширатып тұр ма десем, жо-жоқ, ағынан жарылып аңқылдап тұр. – Жарты штатқа түскелі бері, жарты күн түзде, жарты күн үйде, рақат! Рақат дейтінім, бұрын бұрылып қарамайтын үй тірлігіне араласып, кәкір-шүкірден тартып, біз жұмыстан келгенше тап-тұйнақтай етіп отыратын болды. Ғұмыры араласпаған асханасын бір-екі ас әзірлеп-ақ еңсеріп алды... Толық штатта жүргенінде екі күннің бірінде әләуләйін айтып кештетіп келіп жүруші еді... Жарты штаттық қызметіне барса да, бізден бұрын үйде... Бұрындары күніне міндетті түрде бір қорап темекіні әрең-пәрең жеткізуші еді, қазір: «мен жарты штаттамын, сондықтан екі күнге бір пәшкі жетеді», деп жасаған үнеміне ризамын!
...Пықыптың қызметтегі сырлас-сыбайласы Ілдебайды шақырып, жарты «штаттағы» досының хал-ахуалынан сыр суыртпақтап едім:
– Ойбай, басеке, өзгеріп кетті ол антұрған! – деп зарлай жөнелсін. – Бір ғана қылығын айтайын. Күн аралата түскі тамаққа барғанда, бірге тұрып ас аламыз. Біріншісі ғой, «половинка» алады. «Котлетті» де, гарнирін да дауласып отырып: «Мен жарты штаттағы адаммын» деп айғайға басып, ақыры аспазшы атаулыны көндіріп, бәр-бәрін: жарты котлет, жарты гарнир, жарты кампот, ең аяғы тілім нанды да екіге бөлдіріп алып жеп отырады...
...Жарты айдан соң жеңгей хабарласады, дауысында діріл, сөзінде үрей басым.
– Қайным-ай, өткенде қуанғаным ертерек бопты. Пықыптан қорқа бастадым... Түн ұйқысын қысқартып, түн ортасы ауа: «Маған толық түн ұйықтауға болмайды», деп түрегеліп отыратынды шығарды... Не тамақ істесең де, жартылай ішіп, жартылай табағында қалдыратын болды. Әңгімесін тек жартылай айтып, әрі қарай аузын буған өгізден әрмен болып алады... біреу-міреу телефонмен сөйлескенін естіп, ар жағындағының не ойлап, не пішіп қалғанын біле алмай дал боламын... несін айтайын, бәрі жарты... бәр-бәрі... —деп кемсеңдеп қоя бергенінде не айтарымды білмедім...
...Бар қызметкердің басын қосып жиналыс өткізіп отырғанмын. Бір уақытта жиналыстың тұп-тура орта кезеңінде біреу есікті ашып шығып кетіп бара жатыр, сұлбасынан таныдым – Пықып...
Ертесінде Пықыпты жеке шақырттым:
Әншейінде айқара ашып кіретін есігін жартылай ғана ашып қысылып-қымтырыла кірді. Орнымнан тұрып:
– Ассалаймағалейкум! – деп қол ұсынып едім:
– Әлик... – деп қана, бұрынғы ала жүгіретін қос алақанының жартылай ұшын ғана ұсынды. Отыруын өтініп едім, орындыққа жартылай ғана құйрық ұшымен жайғасыпты.
Бірлі-жарым бір нәрселерге сұрау салып едім, бәрі жарты, сөзінің аяғы, ойының ортасы жоқ ойсырап-ақ қалыпты...
Мән беріп үсті-басына көз жүгіртсем: шашының жартысы таралған, тең жартысы ұйпа-тұйпа... бір аяғы жартылай айна дерсің, екінші етігін тазартпағалы бір айдың жүзі болған-ау шамасы... шалбарының бір балағының қыры оқтай, қарсы бұты қатпар-қатпар, кәрі қошқардың мойнынан әрмен... Бет әлпетіндегі жарты мұрты мен қарсы жағындағы жартысы алынған сақалына көзім түсіп еріксіз мырс етіп күліп жібергенімді де білмей қалдым...
Қалың ой үстіндемін. Пықекеңді бұл бейшара халден құтқарып, толық қызметке алайын десем, жағдай көтермейді. Толық бостандық беріп біржола құтыла қояйын десем, мамандығы керек, одан басқалар атқара қоятын іс емес...
Күні бойы дел-сал күйде, бір шешімге келе алмай, екі ортада жартылай бастық болып отырдым да қойдым.
Берік САДЫР