Қоғам • 07 Маусым, 2024

Ел тұрғындарына Құрбан айтта демалыс беріле ме?

516 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін һижри жыл санауы бойынша зул-хижжа айы басталды. Сәйкесінше, Арапа күні биыл 15 маусымға сәйкес келеді. 16 маусым – Құрбан айт мерекесінің бірінші күні. Бұл туралы Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасы мәлімдеді, деп жазады Egemen.kz.

 

Ел тұрғындарына Құрбан айтта демалыс беріле ме?

Фото: Тұрар Қазанғапов

Бүгін, 7 маусым күні Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы алдағы Құрбан айтқа қатысты маңызды мәлімдеме жасады.

Ислам дінінде қасиетті күндер, түндер және айлар қамари жыл санауы негізінде анықталады. Мұндай жыл санақ ай фазасының өзгеруіне қарай есептеледі. Жаңа айдың (һиләлдың) көрінуімен жаңа ай басталады. Қамари ай кейде 29 немесе 30 күн болады.

«Зул-хижжа айын анықтау үшін зул-қағда айының 29-ында айды бақылайды. Күн батқан кезде жаңа ай көрінсе, келесі күні зул-хижжа айы басталған болып саналады. Егер ауа бұлтты болып, ай көрінбесе, зул-қағда айын 30 күнге толықтырады. Осыған орай, 2024 жылы 6 маусымда жаңа айдың көрінуіне байланысты биыл зұлхижжа айы 7 маусымда басталып, арапа 15 маусымға, ал құрбан айт 16 маусымға сай келеді», делінген хабарламада.

ҚМДБ Зул-хижжа айының алғашқы он күнінде барынша ықыласпен ғибадат етіп, көбірек ізгі істер мен жақсы амалдар жасауға тырысу керек екенін еске салды. Өйткені, хадистерде сол уақытта орындалған игі істердің сауабы еселеніп жазылатыны айтылған.

«Құрбан айт намазынан кейін үш күн ішінде жағдайы келген мұсылманға құрбандық шалу – міндет. Алла Тағала қасиетті Құранда: «Раббыңның разылығы үшін намаз оқы және құрбандық шал» («Кәусар» сүресі, 2-аят) деп бұйырған», делінген мүфтият мәлімдемесінде.

Бұған дейін ел азаматтары 17 маусым күні қосымша бір күн демалатыны хабарланған еді. Өйткені Құрбан айттың бірінші күні дәл осы күнге сәйкес келген. Бірақ ҚМДБ мерекенің бір күн бұрын – 16 маусымда басталатынын хабарлады.

«Бүгін ҚМДБ Құрбан айт 16 маусымға сәйкес келетінін мәлімдеді. Демалыс күндеріне сай келетін діни мерекелер жылжытылмайды. Сондықтан демалыс күні ауыспайды, 17 маусым - жұмыс күні болып қала береді», деп түсіндірді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі.