Тағы бір тоқтала кететін жайт, тізімге құрылысы әлі басталмаған рұқсат құжаты жоқ нысандар да кірді. Басқарма өкілдері осындай ТҮК бойынша ұсыныстар интернет ресурстардың мониторингі нәтижесінде анықталғанын алға тартып отыр.
Алматының қала құрылысын бақылау басқармасы былтырғы жылдың басынан бері соттарға заңнама мен құрылыс нормаларының талабын бұзғаны үшін 230 талап-арыз жолданғанын хабарлады. Бұл ретте 96 нысан толық немесе жартылай бұзуды талап етеді.
Сонымен сүрілетін нысандардың ішінде ТҮК пен таунхаустар бар болса да, міндетіне салғырт қараған құрылыс салушылар бірқатар пәтерді сатып үлгерген. Көбіне құрылыс салушылар қолданыстағы заңнамаға сәйкес үлескерлердің қаражатын тарту үшін 3-қабатқа дейінгі тұрғын үйлерге рұқсат талап етілмейтіндігін пайдаланады. Бұл көбінесе бастапқы жылжымайтын мүлік нарығындағы күмәнді мәмілелерге ықпал етеді. Осындай жағдайда тексеру мен сот талқылауын жүргізудің құқықтық нормасында белгіленген рәсімдерінің ұзақтығы міндетіне көз жұмып қараған жауапсыз құрылыс салушыға заңсыз нысанда пәтерлер мен тұрғын емес үй-жайлардың белгілі бір санын сатуға мүмкіндік береді.
Қала құрылысын бақылау басқармасы жүйелі түрде БАҚ-та қала тұрғындарын құлақтандыру үшін жылжымайтын мүлік сатып алуға ұсынылмайтын тұрғын үй кешендері туралы ақпарат жариялайды.
Алайда жылжымайтын мүлік нарығындағы мәміледегі шығындардың алдын алып, кейін сазға отырып қалмау үшін құрылыс салушыдан толық рұқсат құжаттарын талап ете отырып, қала құрылысын бақылау басқармасының +7 705 896 6000 WhatsApp анықтамалық арнасы арқылы тиісті құжаттарының бар-жоғы туралы сенімді ақпарат алу қажет екенін ұмытпаған жөн. Қала құрылысы және урбанистика басқармасынан құрылыс салушыдан үлескерлердің қаражатын тартуға рұқсаттың болуы туралы ақпарат алуға болады.
Егер тұтынушы жылжымайтын мүлікті заңсыз нысанда сатып алса, құрылыс салушы қаражатты қайтарудан бас тартқан жағдайда Алматы қалалық экономикалық тергеу департаментіне және құқық қорғау органдарына өтінішпен жүгінуі керек.
Басқарма сонымен қатар осы нысандардың бірқатары неліктен жартылай салынғанын және олардың құрылысы бастапқы кезеңде қандай себеппен тоқтатылмағанын түсіндірді.
«Қазіргі таңда сәулет-құрылыс бақылау органдары құрылыс нысандарына кедергісіз бару құқығынан айырылды. Жоспардан тыс тексерулер Кәсіпкерлік кодексімен регламенттеледі және тек ресми өтініш негізінде жүргізіледі. Осылайша, заңсыз құрылыс фактісін тіркеу және құрылыс салушыға шара қолдану үшін жоспардан тыс тексеру жүргізу қажет», дейді жоғарыдағы басқарма өкілдері.
Ресми өтініш алғаннан кейін материалдарды жинауды және тексеруді БП Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің басқармасында тіркеу үдерісі жүреді. Тексеру қорытындысымен бұзушылық анықталған жағдайда, оларды жоюға және құрылыс-монтаж жұмыстарын тоқтата тұруға нұсқама беріледі.
Нұсқау мерзімі өткеннен кейін тексеру субъектісі нұсқама талаптарының орындалуы туралы ақпарат беруге тиіс. Егер бұзушылық жойылмаса, материалдар жұмыстарды тоқтата тұру және әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы үдерістік шешім қабылдау үшін мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотқа жіберіледі. Содан кейін нысанды бұзу туралы азаматтық тәртіпте сотқа талап-арыз жолданады. Сот үдерістері нысанның көлеміне және істің күрделілігіне байланысты бірнеше айға созылады.
Қысқасы, заңсыз құрылыс мәселесі қала билігінің қатаң бақылауында екенін айта кету керек. Қала басшысының тапсырмасымен мегаполис бойынша талап қою қызметінің нәтижесіне сәйкес өткен жылдан бастап 35 заңсыз нысан толық немесе жартылай бұзылды. Оның ішінде бизнес орталықтар, мейрамханалар, қосалқы ғимараттар мен автосервистер, сондай-ақ «Мечта» және «Khan» сияқты ірі тұрғын үй кешендері бар.
АЛМАТЫ