Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «EQ»
Сонымен қатар отын-энергетика кешені, ауыл, су, орман және балық шаруашылығы, көлік пен коммуникация бойынша нысаналы даму трансферттері 161 млрд теңгеден 155 млрд теңгеге дейін қысқартылды. Сондай-ақ су тасқынынан кейін билік биылға жоспарланған имидж тұрғысындағы бірқатар халықаралық іс-шараны өткізуден бас тартты. Атап айтқанда, 13-14 маусымға жоспарланған Астана халықаралық қаржы форумы өтпейтін болды. 25-26 сәуірге жоспарланған Қазақстан машина жасаушыларының ХІІ форумы да өткізілген жоқ. Бұған дейін айтылғанындай, 2022, 2023, 2024 жылдар арасында өткен форум-конференция, семинар, байқау, спорттық мәдени іс-шараларға 63,3 млрд теңге бөлінген. Бұдан бөлек, мемлекеттік органдардың 2023-2024 жылдардағы өкілдік шығындары 2,3 млрд теңгені құраған.
Қаржы министрлігінің Абай, Түркістан және Ақтөбе облыстарын қоспағанда, көптеген облыстық бюджеттерді несиелендіру бойынша шығыстарды қысқартуға шешім қабылдағанын осы құжат жобасынан көруге болады. Ұлттық қордан трансферт арқылы республикалық маңызы бар жолдарды жөндеуді қаржыландыру 96 млрд теңгеден 70 млрд теңгеге дейін қысқарды.
Қазіргі шығын көлемі мемлекеттік деңгейде нақтыланған жоқ. Сарапшылар тасқынды еңсергеннен кейін шығындарды өтеу мәселесі алға шығатынын айтып отыр.
Мәжіліс депутаты Ерлан Саировтың айтуынша, Үкіметке де биылғы тасқын оңай тимеген.
«Менің есебім бойынша биылғы тасқынның шығыны 200 млрд теңгеден асып кетейін деп тұр. Сондықтан бізге жеке компаниялардың көмегі өте қажет. Далада қалған азаматтардың бәрі келесі қысты жылы үйде қарсы алуы керек. Басты мәселе – осы», дейді Ерлан Саиров.
Соңғы 30 жылда елімізде 8 ірі су тасқыны (1993, 2008, 2010, 2011, 2012, 2014, 2017, 2018 жылдары) болды. Осы жылдар ішінде келтірілген залалдың жиынтық сомасы 315,2 млн доллар болған. Ал биылғы шығын көлемі 445 млн доллар деген болжам енді айтылып жатыр.
Экономист Бауыржан Шормановтың айтуынша, өткен жылы мемлекеттік бюджет тапшылығы ресми түрде 784 млрд теңге болды деген мәліметке күмән келтіретінін айтады. Қаржы министрлігі ұсынған деректерде тапшылық 784 млрд теңге екені айтылса, «Halyk Finance» есептеулерінде 2,4 трлн теңге екені айтылған. Есепке алынбаған тапшылықтың айырмашылығы – 1,6 трлн теңге.
Сарапшының айтуынша, елде мұнай өндіру іс жүзінде тоқырап, мұнай бағасы құбылмалы болып қалса да, Үкімет пен Парламент бұл мәселені түбегейлі шешуге тырыспайды. Шикізаттық емес сектор да бюджетті теңгерімдеу үшін неғұрлым жоғары кірістерді қамтамасыз ете алмайды.
Сарапшының айтуынша, экономика түзуші деп үкілеген банктердің Ұлттық қор алдындағы қарызын халыққа қайтармай тұрып, дивиденд төлеу қарыздарын үстеме пайызсыз қайтару практикасы бізге түсініксіз. Оларға берілген демеу қаржы халықтың ортақ қазыналық қаржысынан жұмсалды.
«Банктердің пайдасы қайдан және қалай пайда болды?» деген сұрақты қойсақ, ар жағынан бизнес пен халықтың мүмкіндігі көтере алмайтын жоғары пайыздық мөлшерлемелердің құлағы көрініп тұрады. Енді солар топ-менеджерлеріне берілетін табыстың 20 пайызын экономиканы сауықтыруға жұмсауға тиіс. Біз сол кезде ғана тапшылықтың есепке алынбаған 1,6 трлн теңге көлеміндегі «ақтаңдақтың» орнын толтыра аламыз. Қазір Үкіметке сол 1,6 трлн теңгенің орнын қандай көздерден толтырумен қатар су тасқынынан зардап шеккен инфрақұрылымды қандай қаржы есебінен қалыпқа келтіру де кезек күттірмейтін мәселе болып тұр. Банктерге, ұлттық компаняларға жыл сайынғы пайдасының 20 пайызын бюджетке аударуды заң шеңберінде міндеттейтін кез келді. Ұлттық қор мен бюджет арасындағы трансферт деңгейін сақтайтын мүмкіндік осы. Олардың беріп жатқан демеу қаржысы табыстарымен салыстырғанда теңіздің тамшысындай ғана. Мемлекет пен шағын бизнес бір-біріне тәуелді. Бұл симбиоз шикізат экономикасына тәуелділікті азайтуға, жаңа жұмыс орындарын құруға, халықтың өзін-өзі жұмыспен қамтуын дамытуға, аймақтық және республикалық бюджетке қосымша салық салуға жол ашады», дейді Б. Шорманов.
Сарапшы сөзінше, базалық мөлшерлеменің өзгермеуі инфляцияның болжамға бағынбайтынын байқатып тұр.
«Біз судан келген шығынның инфляцияға әсерін алдағы 3-4 айда білетін боламыз. Себебі солтүстік пен орталықтың бидай өсіретін алқаптары су астында қалды. Мұның соңы ауыл шаруашылығы өнімдерінің тапшылығына алып келетінін бәріміз сезіп отырмыз. Қазір тапшылықты сезбей тұрған бірде-бір сала жоқ. Қолдағы қаржы форумдар емес, инфрақұрылымды қалыпқа келтіруге, кәсіпкерлердің шығынын жеңілдетуге бағытталуы керек», дейді.
Қаржы сарапшысы Расул Рысмамбетов тасқын зардабын еңсеру үшін Ұлттық қордан қаржы алудан өзге жол жоқ екенін айтады. Ал ондағы қаржы шекті мөлшерден төмендеп кетсе, үшінші тарап инвесторларын, соның ішінде шетелдік инвесторларды, сондай-ақ шетелдік компанияларды тартуға мүмкіндік бар.
«Біздің қазіргі осал тұсымыз су астында қалған инфрақұрылым және жұмысы тоқтап қалған бизнес болып тұр. Аймақтардағы шағын және орта бизнестің жұмысы тоқтаса, бюджетке тәуелді аймақтардың қатары еселеп артады. Әрбір қиын кезең жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Бізге кәсіпкерлердің капиталын орталықтан шалғай аймақтарға тарту маңызды. Шалғай аймақтарда заманауи талаптарға жауап беретін инфрақұрылым, мектеп, аурухана, спорт кешендері құрылысына Үкіметтің қолы жетпей жатыр. Үкіметтің аяғы мен қолы жетпеген жолды бизнес ұзартады, толықтырады. Қазір екі тараптың арасындағы әріптестік әртараптанбай жатыр. Бизнес «Үкімет бізге екі жақты әріптестіктің екі жаққа да тиімді нұсқасын ұсынса, кез келген ортадан жол табамыз» десе, Үкімет бизнес өзінің әлеумет алдындағы жауапкершілігін толық сезіне алмай отыр деп есептейді. Мемлекет пен бизнес әріптестігінің біз пайдаланбаған әлеуеті көп. Әзірге бұл жоба халқы 1 миллионнан асатын аймақтар үшін ғана маңызды болып қалды. Мемлекет басшысы «Forbes» тізіміне кіретін ірі кәсіпкерлерге су астында қалған аймақтарды бекітіп беру арқылы екі тараптың жауапкершілігін еске салды. Енді алдағы уақытта Үкімет тарапынан преференцтарға ие болып отырған компаниялардың мүмкіндігін ауылға бағыттау керек», дейді Р. Рысмамбетов.
АЛМАТЫ