18 Маусым, 2010

БІР ҚИЫРДАН... БІР ҚИЫР!

635 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Жұмыр Жер

1. 409 АРАЛЫ БАР ЕЛ

Дания... Осы бір бейқұт ел біздің жүрегімізді сонау балалық шағымыздан-ақ Ханс Кристиан Андерсеннің сиқырлы туын­дыла­рымен жаулап алған. Әсіресе, оның аста­насы Копенгагенді ұлы ертегішінің қаласы, өмір сү­ріп, ғұмыр кешкен ортасы деуіміз керек. Өйт­кені, ол туралы жа­зушының есімі бе­ріл­ген бульвар және ескерт­кіштер ғана емес, тіп­ті мұндағы әрбір пристань мен трактир, шір­кеу мен театрдың өзі еске салып тұрғандай. Мысал керек пе? Айтайық. Міне, готикалық стиль­мен салынған үйлердегі черепица шатыр­да Андерсен кейіпкерлерінің бірі – мұржа та­залаушы отыр. Оның қызметін Копенгагеннің көптеген тұрғындары әлі күнге дейін пайда­ла­нады. Ал мына бүгінде кәдімгі өзенге айналған бір кездегі ескі қамал төңірегі орларындағы су­да тағы да сол атақты қаламгер шығармала­рын­да сүйіс­пеншілікпен суреттелетін аппақ аққулар жүзіп жүр. Еске сала кетейік, 1874 жылы осы кербез құс Данияның символы етіп таңдалып алынған. Біз сияқты сырттан келген жандардың Ко­пенгагенмен танысуы анау қала түкпіріндегі ұлы жазушы Андерсенге ескерткіш орнатылған Рату­ша алаңынан басталады. Мейірімді ертегіші он­да қолында кітабы бар, шамшат ағашының кө­леңкесінде отыр. Қалада оған екі ескерткіш орна­тылған: біреуі король саябағында тұр. Ол өте көне, сондықтан да дат астанасының тұр­ғын­дарына етене жақын. Ал Ратуша алаңындағы бейне – жаңа. Бұл сырттан келушілердің көп жиналып, үйірсектейтін жері. Сондықтан да “ескерткіш түбінде кездесу” жергілікті копен­гагендіктер үшін бір бөлек те, туристер үшін бір басқа. Міне, дат астанасындағы келесі бір тарихи орын – Ньюторв алаңы. Бұл жерден Ан­дер­сеннің әлгі “Шақпақтас” шығармасындағы сот үйі жертөлесінің терезесі көрінеді. Есіңізде бо­лар, құрметті оқырман, ертегіде былай делін­беуші ме еді: “Таңертең солдат терезе жанына жақындап келіп, темір тордың арғы жағындағы көшеге көз салды: халық бұл бейбақты қалай дарға асатынын көру үшін қала сыртына қарай шұбыруда; барабандар соғылып жатыр, әскерлер сап түзеп өтіп барады. Бәрі асығулы, кейбіреуі тіпті жүгіруге көшкен. Алдына тері алжапқыш байлаған етікші балаға не жорық десеңізші. Бездеңдеп ол да кетіп барады. Құйын-перін боп шапқылаған оның бір туфлиі аяғынан ұшып кетіп, терезеден сыртқа қарап тұрған солдаттың дәл жанындағы қабырғаға ұрылды”. Иә, сол жертөленің нақ өзі бұл. Ол тым аласа екен. Оның жарық түсетін желдеткіш сияқты терезе көздерін көшеге төселген тастар уақыт өте келе жарым-жартылай көміп тастаған ба, қалай? Әлемдегі ең ұзын жаяу жол – осындағы жүргіншілер көшесі СтрҰтке жақын маңда көне де алып ғимарат – Дөңгелек мұнара тұр. Бұл жәдігер 1647 жылы бой көтергенімен, көрген жанды қазірде де қатты таңғалдырып, тамсан­дырады. Әрине, ертегіші атамыз кезінде мұны да назардан тыс қалдырмаған. “Шақпақтаста” ол мынадай теңеумен қамтылып өтіледі: “Ағаш сандықтың үстінде көсіліп жатқан иттің әр көзі Дөңгелек мұнарадай еді”. ХVІ ғасырдың ортасында бой көтерген бұл ғимарат салынып біткеннен кейін бір-бірімен мүлде үйлеспейтін мақсаттарға қызмет етіпті. Ол алдымен әулие Троицаның (әке, бала және рух құдайы деген үштік) шіркеуі болса, содан іле-шала Копенгаген университетінің обсерват­о­рия­сына айналған. Жергілікті тұрғындар көбінесе оны орта ғасырлық дана астроном Тихо Бра­генің есімімен байланыстырады. Мұны халық­тың өз перзентіне деген құрметі деп білу керек. Тек солай ұғу қажет. Себебі, шындыққа жүгінер болсақ, Дөңгелек мұнараның обсерваториясы ғұлама ғалым өмірден өткеннен кейін 40 жыл­­дан соң салынған еді. Бірақ ұлы дат астрон­о­мы­ның есімі бұл ғимаратпен тегін байланыс­ты­рылмаған. Өйткені ол өз кезінде ғылымның қолы жете қоймаған тың жаңалық ашқан. Атап айтқанда, аспандағы жұлдыздардың орналасу ретін дәл анықтап берген. Мұнараның ұшар басындағы алаңқайда Тихо Брагенің бюсті тұр. Ол туралы Андерсен өз шығармаларында талай мәрте еске алған. Қазір Дөңгелек мұнара обсерватория мәрте­бесін жоғалтқан. Сондықтан да енді оның басы­на астрономдар емес, туристер көтеріліп, биік тұғырдан көне қаланы, оның сан тарау көше­лерін еркін тамашалайды. Ғимараттың ұшар басына шығамын деген адам кірпіштен өріліп жасалған жол арқылы көтеріледі. Осы мұна­ра­ның тарихына қатысты мынадай да ғажап оқиға бар. 1716 жылы дат астанасының тұрғындарын таң-тамаша етіп, орыс патшасы Петр І Дөңгелек алаңға атпен кірсе керек. Одан асып түсуді көксеген Екатерина І де мұнара ішіне күймемен келіпті. Бұл копен­гагендіктерді тіпті айран-асыр қалдырған дейді. Андерсен ақсақал осы оқиғаны білген және оны көп ешкім сөз етпеген тағы бір дерекпен толықтырған. Ғимарат төбесіне көтерілген орыс патшасы өзінің нөкерлерінің біріне мұнарадан төмен қарай секіруді бұйырыпты. Әлгі байғұс ұлы ағзамның пәрменін орындауға бейім­делгенде дат королі араша түсіп, оны ажалдан аман алып қалыпты. Қаламгердің “Болу немесе бордай тозу” романында нақ осылай жазылған. Қаладағы өзіндік бет-бейнеге ие әсем жердің бірі ол Ньюхавн маңайы. Бұл атау “жаңа айлақ” деген мағынаны білдіреді. Білдірсе білдіргендей, ондағы гаванда тербеліп тұрған желкенді қай­ықтардан көз тұнады. Бұлардың төңірегі толған көне тұрғын үйлер. Үлкенді-кішілі олардың әрқайсысының өзі бір тарих. Ғажабы сол – көпшілігі тағы да ұлы ертегіші Андерсеннің есімімен тығыз байланысты. Неге десеңіз, бұ­лар­дың бірінде ол сонау алыс провинциядан ке­ліп, бірер ай болса да тұрып есін жиған. Екін­шісінде қала өміріне бейімделіп, шығармаларын жазуға кіріскен. Ал үшіншісінде өмірінің соңғы екі жылын өткізген. Сөйтіп, осы Ньюхавнде оған әлемдік даңқ әкелген “Корольдің жаңа жасауы”, “Түйме қыз”, “Кішкене Иданың гүлдері”, “Алтын бала” сияқты ертегілері дүниеге келген. Осы жердегі арналы өзеннің Конгенс-Ньюторв алаңына тірелер тұсы болып келетін жағалаудағы айлақта үлкен кеме зәкірі көрінеді. Бұл – екінші дүниежүзілік соғыс кезінде опат болған 1450 дат теңізшілеріне қойылған ескерткіш дейді гид. Осыдан кейін... иә, осыдан кейін біз сияқты мұнда бұрын болып көрмеген адамдар Копенгагеннің ең керемет көз тартар­лық ғажайыбына кез болары хақ. Ол Ланге­линие деп аталатын жағалаудың қалаға кі­рер тұсындағы сұрғылт таста ойланып отырған қола мүсінді “Су перісі” дер едік. Андерсеннің осындай ертегісі есіңізде шығар, құрметті оқырман?! Егер есіңізде болса онда: “Сен он бес жасқа толғанда, – деді әжесі, – саған теңіз бетіне жүзіп шығып, ай жарығымен жағалау­дағы тас үстінде отырып, төңірегіңді жанай жүзіп бара жатқан алып кемелерді тамашалауға рұқсат беріледі”, деген сөйлемдер бар емес пе еді. Міне, сондағы “Су перісі” – перизат қыз осы. Тіршілікке құштарлық пен пәк ой-ниетті және нәзіктікті бір бойына жинаған ару көптен бері-ақ Копенгагеннің символына айналған. Олай дейтініміз, міне 97 жылдан бері ол мына алып гранит тастың үстінде дат астанасына келіп кірген әрбір кемені қарсы алып, шығарып салып отырады. Бұл ескерткішті 1913 жылы мү­сінші Эдвард Эриксен арқылы өмірге әкелдіріп, жасаттырған атақты дат меценаты Карл Якобсен екен. Осы “Су перісі” бейнесі ма­ңында оның өзіне ғана тән өзгеше дәстүр қалыптасқан. Мә­селен, әлемнің әр елдерінен келген теңізшілер оған жақындағанда ай дидарлы аруға гүл шоқтарын шашып өтеді. Мұны сұлулыққа деген құрмет пен іңкәрлік деп білу керек. Көркем Копенгаген!.. Ол қонақтарды қашан да айлақтар мен вервьтердің кереметтей көрі­ністерімен, көз тұндырар көгілдір көлдерімен, абат көркі жарасқан көшелерінің алуан түр­лі­лігімен және үлкен қаланың қайнаған тірші­лі­гімен қарсы алады. Дат астанасының осы ға­жай­ып келбеті өздеріне ғана ұқсайтын ұлттық ерекшелігімен, табиғи болмысымен мәнді де сәнді. Ол әсіресе, ғасырлар бәйгесінен озып келген, неше ықылым замандардан қирамай, бүлінбей аман жеткен небір ғажап үйлер мен қабырғаларын қына мен мүк басқан көне қор­ғандардың молдығынан анық көрінеді. Мұны өзіміз сөз етіп отырған шаһардың басты ерек­ше­лігі әрі байлығы десе де болады. Бірақ кәрі тарих ХІV ғасырдың басына дейін Ко­пенгагеннің басқа қалалардан еш артықшылығы болмаған­дығын айтады. Тіпті, шаһардың оның саяси және экономикалық жағынан өте тиімді мекен – Эрезунд бұғазының жағалауында орна­ласқан болса да атағы онша алысқа кете қой­ма­ған. Ал оның байлығы сол кезде тіпті керемет еді. Саяхатшылар ол заманда былай дейді екен: “Эрезундта майшабақтардың көптігі сонша, оны найзамен түйреп, қылышқа қадап алуға болады”. Осындай жерден бастау алып, өсіп-өркен­деген Копенгаген ғой. Оның ең көрікті ғима­рат­тарының түгелге дерлігі ХVІ ғасырдың бірін­ші жартысында билік жүргізген король Крис­тиан ІV есімімен байланысты екен. Төрт ғасыр бойына былқ етпеген анау Бир­жа үйі, одан кейінгі Розенборг са­райы мен Фредериксборг резиден­циясы... Міне осылардың барлығы жасампаздық жолында жанып тұратын қасиеті үшін халық “ұлы құрылыстар иесі” атап кеткен король Кристиан ІV билік құрған жылдарда салыныпты. Тіпті, Копен­­гагеннен онша алыс емес Кронборг қамалының өзі де талай-талай жанған өрт пен күлден кейін осы корольдің тұсында мыз­ғымастай болып түбегейлі түрде қайта бой кө­тер­ген. Еске түсірейік, Андерсен шы­ғармаларында былай баяндалмаушы ма еді? “Данияда көне Кронборг қа­ма­лы бар. Ол күн сайын жүздеген алып кемелер жүзіп өтетін Эрезунд бұға­зының бойында тұр. Олардың ішінде Англияның да, Ресейдің де, Прус­сияның да су көліктері кездеседі. Бұлардың бәрі ары-бері өткенде көне қамалға зеңбірек залпы арқылы құрмет көрсетеді – бум-бум. Қамалдың зеңбіректері де оларға жауап қайтарады – бум-бум”. Иә, бұл бір замандарда өзіміз сөз етіп отырған Эрезунд бұғазының қыл­тасындағы шведтер шапқыншылығынан әбден зәрезап болып сорлап біткен Кроген атты елді мекеннің орны екен. ХVІ ғасырдың ортасында король Кристиан ІV ондағы жаман-жәутік лашықтарды сыпырып тастап, мұның орнына өзінің жаңа үлгідегі резиден­ция­сын салуға бекінеді. Дат билеушісінің ойынша бұл қорған, бекініс болып қала тұра, еуропалық қуат­ты мемлекеттердің қамалдарынан кем түспейтін сәулетті сарай үлгісіндегі ең үлкен ғимарат болуы тиіс еді. Со­лай деп ұйғарылған резиденцияның құрылысы 1574 жылы Ганс Паске деген сәулет­шінің басшылығымен басталады. Жеті жылдан кейін бұл бейбақ ішіп-жеп қойды деп кінәланып, абақтыға жабылады да оның орнына голланд Антониус Опберген тағайындалады. Сөйтіп сарай 1585 жылы толық салынып бітеді. Крон­борг деген атқа ие болады. Бұл “тәжді қамал” деген ұғымды білдіретін еді. Себебі, түр-тұрпаты мүлдем жаңа ғимарат өзінің сән-салтанаты келіскен әсемдігімен дат корольдерінің шетелдік қонақтарды ұялмай қабылдайтын тұңғыш әмбебап резиденциясы болды. Осылайша король Кристиан ІV билік құрған кезде Крон­борг елдің ұлылығын танытып тұрды. Ол мем­лекеттік шекара бекеті ретінде де Данияға кіре­тін су жолдарын қорғады және өз үкіметі үшін нағыз “аспаннан алтын жауған” кез деп аталған “Эрезунд салығын” өмірге әкелді. Аталмыш салық Данияны жанай өткен барлық кемелерге міндетті болды. Себебі, бұл ел сол уақытта Эрезунд бұғазының екі жағалауына да толық иелік ететін. Сөз ретіне қарай Кронборг қорғанының тағы бір ерекшелігін айтқымыз келеді. Ол оның баяғыдан бері Уильям Шекспирдің атақты “Гамлет” трагедиясымен байланыстылығы. Ұлы ағылшын драматургының пайымдауынша, аталмыш пьесадағы басты кейіпкер мен оған қатысты оқиғалар осында болған-мыс. Ал шын мәнінде дат принцінің бұл жерге ешқандай қатысы жоқ екен. Оның отаны да, иелік еткен замок-қорғаны да Данияның бір қиырындағы Ютландияда еді дейді гид. Соған қарамастан, Шекспир Гамлетті осы Кронборгта тұрған, спек­­такльдегі көптеген жәйттердің мына қа­мал­ға тікелей қатысы бар деген ұғым қалыптастырған. Данияда жыл сайын Иван күні атты жал­пыхалықтық мереке бар екен. Оған жергілікті және шетелдік актерлер көптеп келіп, осы Крон­боргқа жиналады дейді білетіндер. Олардың сондағы ең басты мақсаттары ол қорғандағы түнгі ашық аспан астында Уильям Шекспирдің біз сөз етіп отырған жауһар туындысын қойып қайту екен. Иә, жыл сайын мұнда келетін әрбір жаңа театр труппалары көрермендерге мәңгілік туындының өздері жасаған нұсқаларын ұсы­натын болып шықты. Бұл дәстүрдің қалып­тасқанына да 70 жылдай уақыт болып қалыпты. Алғаш рет осы жерде ағылшын труппасы өнер көрсеткен. Онда Гамлеттің рөлін атақты Лоуренс Оливье ойнапты. Қойылым, әрқашанда, аумағы атшаптырым қорғанның ішкі ауласындағы тас алаңқайда болады екен. Оны көргенде өзіміз сөз етіп отырған туынды мазмұнындағы суреттелетін дат принцінің қаңғыбас комедианттарға кімді қалай алдауды нақ осы жерде үйреткені ойымызға оралмай қалған жоқ. Сөзіміздің соңында Кронборг тек Гамлетпен ғана әйгілі емес дегіміз келеді. Көне қамалдың астындағы жерасты жолында дат корольдігінің негізін қалаушы, аты аңызға айналған адам – Хольгер Данскенің алып мүсіні тұр. Ол орынтақта отырып ұзақ ұйқыға кеткен кейіпте бейнеленген. Көне аңыз былай дейді: Хольгер Данияның басына қауіпті, қиын күн туа қалған жағдайда оянып кетеді-мыс. Сол кезде ол алып тұлғасын тіктеп жаумен шайқасатын болады. Жалпы дат корольдері өзге жұрттың монарх­­тарына қарағанда ақылдырақ болған және басқалардың қатесінен тез қорытынды шыға­рып, жедел шешімдер қабылдай білген. Мә­селен, 1848 жылы бүкіл Еуропада революция­лық дүрбелең басталғанда король Фредерик Париждегі елші­сінің әңгімелерін тыңдай отырып, бір жылдан соң өз еліне Конституция сыйлаған. Сондықтан да Данияда қантөгісті төңкерістер мен қыр­ғындар болған жоқ. Содан да Копе­н­гагенде сәнді сарайлар қирамады. Керемет қор­ған­дар тоналмады. Халықтың бет-бейнесін көр­се­тетін ғажайып архитектуралық ғимараттар осы­лайша сақталып қалды. 409 аралы бар елден тұратын бүгінгі Дания тұрғындары осыны мақтан етеді. Жанболат ӘЛИХАНҰЛЫ (АУПБАЕВ). КОПЕНГАГЕН, Дания.