«Таза Қазақстан» • 08 Маусым, 2024

Аула күтімі – аймақ күтімі

123 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Павлодарда «Amanat» партиясының «Таза бейсенбі» экологиялық акция­сы бастау алды. Акцияға қатысушылар алғашқы күні 11 тоннадан аса тұрмыстық және құрылыс қоқыстарын жинады.

Аула күтімі – аймақ күтімі

Өңірде жүзге жуық адам аумақты таза­лауға қатысты. Экологиялық іс-ша­раға «Amanat» партиясының мүше­ле­рі, «Жастар рухы» ЖҚ белсенділері, жергілікті колледждердің оқушылары, өңірдің қоғамдық ұйымдарының өкілдері қатысты. Тазалау орны ретінде Зеленстрой шағын ауданындағы қоқыс жылдар бойы жиналған учаске таңдалды.

«Коммуналдық мекеме қызмет­кер­ле­рі қаланың барлық аумағын жедел қамти алмайтыны мәлім. Біз еліміздегі тазалық мәдениетін қалыптастыру және экологиялық тепе-теңдікті сақтау мақсатындағы бастамаларды барынша қолдаймыз. Бүгінгі іс-шараға жастарды барынша тартуға тырыстық. Бұл бір­рет­тік жоба емес, «Таза бейсенбі» акция­сы апта сайын тұрақты өткізіледі», деп атап өтті партиялық ұйымның өңірлік филиалының төрағасы Илья Теренченко.

Жергілікті жастар, оның ішінде ақ­па­раттық технологиялар және түсті металлургия колледждері акцияға бел­сене қатысты. Олардың пікірінше, мұндай іс-шаралар шаһардың экология­лық жағдайын жақсарта түсуге мүмкіндік береді.

«Жастарды қоғам тәрбиелеп отыр. Пай­далы іспен айналысып, бір-бірімізге көмекке келу аса маңызды. Ал қоғам бірік­се, бірлігіміз нығаяды. Бүгінде жас­тардың дүниетанымы өзгеру үстін­де. Біз студенттермен бірге аумақты қо­қыстан тазарта жүріп, ән салдық. Бас­ты­сы бізге көңілді болды», дейді түсті метал­лургия колледжінің педагогі Исламбек Әлжанов.

Экологиялық акцияның алғашқы күнінің қорытындысы бойынша облыс орталығында 11 тоннаға жуық тұр­мыстық және құрылыс қоқыстары жиналды. Сондай-ақ бұл күні Ақтоғай және Ертіс аудандарында, Ақсу мен Екібастұз қалаларында осындай тазалық іс-шаралары жүргізілді.

 

Павлодар облысы