Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі
Корея Президентінің айтуынша екі мемлекет арасындағы стратегиялық әріптестікті дамытуда шынайы, сенімді гуманитарлық және мәдени алмасулар маңызды рөл атқарады. 2010 жылы Корея Республикасы Орталық Азиядағы тұңғыш Корей мәдени орталығын Астанада ашты және содан бері екі халық арасындағы өзара түсіністікті тереңдетуге бағытталған түрлі мәдени іс-шаралар өткізіп келеді.
«Мысалы, 2022 жылы екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуына орай Корея мен Қазақстан 2022-2023 жылдарды «Өзара мәдени алмасу жылы» деп жариялады. Сондай-ақ анимация, театр, жастар өнері, K-pop сияқты салаларда ынтымақтастық ілгерілеп, екі ел халқы үшін етене түсіністік орнады. Осы бағытта мәдени және гуманитарлық алмасулар жыл сайын кеңейе бермек», дейді Юн Сок Ёль.
Корея Үкіметі қыркүйек айында Астанада өтетін «Comic Con» көрмесінде Корей жарнама орталығын құруды жоспарлап отыр. Онда K-pop қойылымдары мен дәстүрлі қолөнер сияқты көптеген қызықты іс-шаралар көрсетіледі.
Сонымен қатар Кореяның Куаңжу қаласында орналасқан «Азия мәдениеті мұражайы» келесі жылдан бастап халқымызды Орталық Азияның мәдени мұрасымен, соның ішінде Қазақстанмен жүйелі таныстыруды қолға алып, арнайы көрме өткізуді жоспарлап отыр.