Екі күнге созылған семинарда инновациялық оқу бағдарламаларын әзірлеу мен сараптау мәселелері, ERG-мен білім алу: triple helix model – жұмыс берушілер мен білім мекемелерінің өзара байланысының жаңа форматтары, сонымен қатар білім бағдарламаларын әзірлеуде практикалық сессиялар мен пәндер сипаттамалары қарастырылды.
«Біз дәстүрлі мамандықтар технология, цифрлық сауаттылық пен креативтілікті талап ететін жаңа мамандықтармен алмасқан кезеңнің табалдырығын аттағалы тұрмыз. Бұл үрдіс мамандықтың маңызын өзгертіп қана қоймай, білім беру әдістерін өзгертуді де талап етеді. Жасанды интеллект пен роботтандыру дәстүрлі үрдістерді орындау жолын өзгертіп, рөлі мен қызметін қайта қарауға түрткі болады. Шаблонды емес әдістер мен тәсілдерді пайдалану, командада конструктивті әрекет ету дағдылары мен ұқыпты өндіріс қағидаттарын жүзеге асыру арқылы мәселелерді анықтап, шешу негізгі құзыреттіліктерге айналды», дейді С.Торайғыров университетінің ректоры Еркін Садықов.
Семинарға еліміздегі жоғары оқу орындарының проректорлары, оқу-әдістемелік басқармалардың басшылары, оқу хатшылары мен оқу-әдістемелік басқармаларының мүшелері, білім бағдарламасының әзірлеушілері қатысты.
Сондай-ақ тренинг аясында Жоғары білім ұлттық орталығы, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау Еңбек министрлігінің орталығы, «Samsung Electronics» компаниясы, «MATRIZ» қауымдастығы, ERG топтары, «IncomCompany» ЖШС өкілдері сөз алып, түрлі саладағы үдерістер туралы айтып, тәжірибелерімен бөлісті. Жаңа мамандықтарды игеруге көмектесетін табысты инновациялық білім бағдарламасы бойынша мысалдар таныстырды.
Айта кетейік, С.Торайғыров университеті жаңа мамандықтар атласы бағдарламасын жүзеге асырады. Жоғары оқу орнында еңбек нарығында сұранысқа ие 12 инновациялық білім бағдарламасы әзірленген. 2022 жылы, С.Торайғыров университеті еліміздегі алғашқы екі инновациялық білім бағдарламасын іске қосқан бірінші жоғары оқу орны атанды.