Қоғам • 11 Маусым, 2024

Шегірткеге қарсы күрес жөніндегі жедел штабтың отырысы өтті

42 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

10 маусым күні Үкіметте Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен орталық жедел штаб отырысында өңірлердегі өткен демалыс күндеріндегі шегірткенің таралуына қатысты жағдай талқыланды, деп хабарлайды Egemen.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Шегірткеге қарсы күрес жөніндегі жедел штабтың отырысы өтті

Фото: Үкімет

Белсенді таралу кезеңінде зиянкестермен күрестің әрбір күні өте маңызды. Сондықтан орталық жедел штаб аптасына екі рет отырыс өткізуге көшті. Барлық өңірлер қарқынды жұмыс режимінде: ахуал үнемі бақылауға алынған және өңдеуді күшейту қажет жерлерге техника мен пестицидтердің қосымша көлемі дереу жеткізіліп жатыр.

Түркістан облысында аптап ыстық пен шегірткенің қосымша 60 мың гектар алқапқа таралуы жағдайды қиындатып отыр. 10 маусымдағы жағдай бойынша оның 45,3 мың гектары өңделді: Арыста – 36,8 мың гектар, Шардара ауданында – 6,7 мың гектар, Келес ауданында – 1,6 мың гектар.

Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин ұйымдастыру жұмыстарын жедел басқару үшін Жетісу облысына, Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Түркістан облысына, Ауыл шаруашылығы вице-министрлері Қостанай және Ақтөбе облыстарына жұмыс сапарымен барады. 

Сондай-ақ Ауыл шаруашылығы министрлігінің 46 қызметкері Түркістан облысына іссапарға жіберілді, олар өңдеуге тиісті жерлерді анықтау мақсатында аумақтарды зерттейді. Зиянкестердің таралу аймақтары анықталған жағдайда химиялық заттардың екі еселенген дозасымен қайта өңдеу жұмыстары жүргізіледі.