Жалпы, жазы аптап өңірдегі жасыл желек қатары кейінгі жылдары сиреп қалғаны рас. Әр көктемде ауыл мен қала көшелеріне егілген көшеттің көбі су тапшылығынан қурап қалатыны да белгілі. Күн жылына егілген көшеттің көп ұзамай қаудыраған қурайға айналып шыға келуіне салғырттықтың да тигізер кесірі аз болмайтын. Жергілікті әкімдік «енді ондай олқылықты болдырмаймыз» деп отыр.
Былтыр жыл соңында қалада құрылған «Жасыл Қызылорда» КММ биылдан бастап каналдар мен арық жүйелерін тазалап, ұңғыма мен насостар арқылы талдарға су жеткізді. Аллеялар мен орталық көшелердегі гүлзарларды, көгалды күтіп ұстап, қураған ағаштарды кесу, баптау осы мекеме міндетіне кіріп отыр.
Мекеме жұмысшылары Жібек жолы, Сарқырама каналдарын толық тазалап, Қызылжарма, Табиғат каналдары мен қалаішілік арық жүйелері жағдайын бекітілген кестеге сәйкес күнделікті бақылайды.
«Бұрын аяқсуды бір мекеме жеткізсе, талдарға күтімді басқа компания жасайтын. Енді су алғаннан бастап парктер мен аллеядағы алаңдар мен тал-дараққа күтім жасау бізге жүктеліп отыр. Күзде арық біткенді қураған шөп пен жапырақ толтыратыны да көз үйренген көрініс еді. Бұл көктемде аяқсудың керекті кезде жетуіне әжептәуір кедергі келтіретін. Олардың тазалығымен енді біздің мекеме айналысады», дейді «Жасыл Қызылорда» КММ директорының орынбасары Болат Бейсенбаев.
Осы күні «Жасыл Қызылорда» жаңа техникалар алуды бастады. Мекеме жұмысшылары қаладағы көшет егілген аумақтарды, парктер мен аллеяларды күнделікті бақылап отыр.
Қызылорда