Мәселен, сонау бір жылдары өнерсүйер қауым кәдімгі маймылдың салған суреттерін француз суретшісі Пьер Брассоның туындыларымен шатастырған. Иә, бұл кім дерсіз. Авторды бұрын-соңды естімеуіңіз де заңды. Себебі ондай суретші өмірде болмаған.
Бірде шведтік журналист жалған суретші Пьер Брассоның туындыларын маймылдың суреттерімен алмастыруды ойлайды. Жоспары іске асып, көрмесі де сәтті өтеді. Көрмедегі картиналардың авторы – Пьер Брассо, ал шынымен салған – маймыл.
Сондағы журналистің мақсаты сыншылардың өзін сынау болатын. Кәсіби мамандарға маймыл салған суреттерді «Заманауи туындылар» деп таныстырады. Сөйткен жоспарлы ойы да нәтижесіз болған жоқ. «Пьер Брассоның» туындыларынан әсерленгені соншалық, сыншылардың бірі: «Брассо ұшталған бояу жаққыштарды пайдалана отырып, әрбір сызықты дәлдікпен жүргізеді екен. Көз алдыма бояу жаққыштың әрі-бері қозғалғанын елестеттім. Брассоның суреттері балет бишілерінің биінен аумайды», деп баға береді. Ал картиналардың шын авторын білген кезде сыншылар ұялып, дегенмен бәрібір таңғажайып туынды екендігін айтқан.
Сол көрмеде маймылдың салған картинасын жекеменшік коллекция жинаушылардың бірі 90 долларға сатып алады. Ең ерекше естелік деген осы емес пе?
Суретші Суда
Сонымен, талант тек адамға тән дегеніміз қате болғаны ма? Тіпті бұл сөзімізді ғалымдар да растайды. Олардың айтуынша, пілдердің де бойында ерекше дарын бар. Ғалымдар пайымы дәлелсіз емес.
Таиланд елін мекендейтін Суда есімді суретші пілдің өнерін көзбен көріп, куә болғандар бар. Әбден шынығып, нағыз шеберге айналған ол көпшіліктің назарына бірден іліккен. Суданың және басқа да пілдердің суретін тамашалау үшін жүздеген адам сурет салу алаңына келеді екен.
Ал енді адамның да бәрі өнерлі емес. Өнерсіз жандар да жетерлік. Десе де суретші Судаға қарап отырып, қолымызға қылқалам ұстай алмайтынымызға сәл-пәл ұялады екенсің.
Тағдыр ма, талант па?
Шығармашылық, талант, өнер – тағдыр десек, тым қалыпты естілуі мүмкін. Тіпті кей дарындар тағдырын қолдан жасап жатады. Бұл да таптаурын көзқарасқа еліктеуден туып отыр. Шындап үңілсек, нағыз таланттардың өмірінің астарында түрлі тағдыр, түрлі трагедия көміліп жатады. Таланты мен атақ-абыройына қызыққанмен, тағдырын тілемейтін қаншама тұлғалар бар. Ғұмыры аңызға айналған жандардың қайшылықты тағдыры сол күйі жұмбақ болып қалады. «Неге бұлай болды?» деген мәңгілік сұрақ сынды. Әлқисса.
Бүгінде тоқсанның төріне шыққан Яёи Кусама дәулетті отбасында дүниеге келген. Бала кезінен шимайлап, сурет салуға ынтық болады. Сөйтсе де отбасы оның бұл қызығушылығын қолдамайды. Өнерін таңдаған Яёи Кусама 30 жасында үйінен біржола кетіп, АҚШ-қа көшеді. Суретшінің Нью-Йоркте бағы ашылып, танымал бола бастайды. Ерекше стилімен көзге түсіп, сән әлемінде атағы айға ұшады.
Бұл да оның тағдыры шығар, 1977 жылы Жапонияға оралып, психиатриялық емханаға жатады. Суретші түрлі галлюцинациялар көріп, жүйкесі де жиі сыр беріп жүрді. Сонда да ол сурет салуды тоқтатқан жоқ. Кусама емхананың жанынан өзінің шеберханасын ашып, күнде бірнеше сағат сол жерге барып жұмыс істеді.
Таланты мен тағдыры қатар шапқан суретшінің 2018 жылы Токиода мұражайы ашылды. Сондай-ақ ол әлемдегі ең қымбат суретшілердің тізіміне кіреді. Кусаманың «Нөмір 28-ақ» картинасы бәссаудада 7,3 млн долларға сатылды. Бүгінде шебер қария «Louis Vuitton» сән үйіне арналған коллекциялар дайындайды.