Қоғам • 12 Маусым, 2024

Статистика айқын болуға тиіс

73 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Статистика ғылымына көңіл бөлгісі келмейтін мемлекеттер ақы­рында жоспарлау, даму, елдің ішкі және сыртқы жағ­дайының шынайы өсу бағасын анықтауда қатты қателеседі. Адам өмірінің туу, некеге тұру, оқу, еңбек ету сияқты барлық қырларында фактілер мен сандар тұрады. Олардың өзгерісі мен толық­тырылуын мемлекет үнемі қадағалап отыруы керек. Сондықтан барлық деректерді жинақтау, талдау, сараптау, мониторингтеу ісімен айналысатын статистиканың мемлекеттің даму барысын анықтаудағы маңызы зор.

Статистика айқын болуға тиіс

Фото: tolqyn.kz

Деректерден алынған қорытындылар жи­нақ­талып, статис­­­­тикалық ақпаратты құ­рап, мемлекеттің қабылд­ай­тын шешімдері мен бағдар­ла­­маларына негіз болады. Ста­­тистиканың өзі бір кезде «мем­лекеттік істі жүргізу» деп аталған. Тек 1746 жылы неміс ғалымы Готфрид Ахенвалль статистиканы ғылымның бір саласы ретінде енгізген. Өркениеттің өріне шыққан мемлекет ретінде Қазақстан да статистика туралы заңын жетілдіріп, өзгертіп отырады. Биыл да «Мемлекеттік статистика туралы» заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Енді сол мәселелерге тоқталып өтейік.

Жуырда Ұлттық статис­тика бю­росының Солтүстік Қа­зақстан облыстық депар­та­менті бас­шысының орынбасары Жұл­дыз Нұрғалиевамен әңгіме­лескенімізде, біздің облыс­та эко­номиканың өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, сауда, ден­саулық сақтау, білім беру, спорт, т.б. салаларында 38 мың заңды және жеке тұлғалар іс-әре­кет ететінін білдік. Осы­лардың барлық қаржылық-шаруашылық әре­кеттерінің деректері – ресми статистиканың қайнар көзі. Кәсіби тілмен айтқанда, олардың бәрі «респон­дент» деп аталады. Міне, осы респонденттердің статис­ти­калық деректерін түрлі әдіс­термен жинақтау статис­тикалық ақпараттарды құрайды.

Жұлдыз Нұрғалиеваның айтуына қарағанда, биыл статис­тика органдары ай сайынғы, тоқсандық, жылдық кезеңде 120 бақылау жүргізеді. Оның 116-сы бойынша облыс кәсіпорындары, жеке кәсіпкерлер, шаруа (фермер) қожалықтары есеп береді. Әрбір кәсіпорын өздерінің еңбек ететін экономика саласы бойынша деректерді береді.

Ыңғайлы болу және уақытты үнемдеу үшін статистикалық есептілікті тапсыру 2014 жылдан бері «е-Статистика» БАЖ (біріктірілген ақпараттық жү­йесі) пайдалана отырып, он-лайн форматқа ауыстырылған. Барлық нысандар бойынша есептерді респонденттер ЭЦҚ (электрондық цифрлық қолтаңба) көмегімен, жұмыс орнынан шықпай-ақ тапсыра алады. «Мен есептердің алғашқы статистикалық деректері құпия болып табылатынын және мемлекеттік статистика орган­дарымен тек статистикалық ақ­паратты түзу мақсатында ғана пайдаланылатынын атап өткім ке­леді. Алғашқы статистикалық дерек­тердің құпиялылығын мем­лекеттік статистика орган­дары оларды жинау, өңдеу және сақтау кезінде қамтамасыз ете­ді», деді Ж.Нұрғалиева.

Сонымен бірге ол төтенше деректердің жиналуына үлкен мән берілетінін айтты. Өйт­кені оларға жасалған талдау нарықтың нақты жағдайын, оның даму векторын көруге, ағымдағы жылы қай салаға қандай факторлар әсер ететінін түсінуге мүмкіндік беретін көрінеді. Егер салалар бойынша қарастыратын болсақ, өнеркәсіптің даму көрсет­кіштерін анықтауға об­лыс­тағы 72 ірі және орта кәсіп­орын ай сайын өнім өндіру бо­йынша статистикалық есеп береді екен. «Олардың биыл ұсынған деректері негізінде 30 кәсіпорын 105 мың тонна ұн өндіргені туралы ресми ақпа­рат қалыптастырылды. Сол сияқ­ты басқа салалардың да ста­тистикалық көрсеткіштері  жүйеленеді», деді маман.

Статистика органдары жұ­мы­сының айқындаушы шарты – объективтілік пен жеделдік. Осылайша, Заң нормасымен респондентке уақтылы және дәйекті деректерді ұсыну міндеті жүктелген.

Мемлекет басшысы биыл 8 маусымда күшіне енетін «Қазақстан Рес­публикасының кейбір заң­на­малық актілеріне бизнес жүр­гізу мәселелері бойынша өз­геріс­тер мен толықтырулар ен­гізу туралы» заңға қол қойды. «Мемлекеттік статис­ти­ка туралы» заңына «Әкім­ші­лік дереккөздерге қатыс­ты мем­ле­кеттік статистика сала­сын­дағы мемлекеттік бақы­лау» атты 12-1-бабының және «Рес­пон­денттерге қатысты мем­ле­кеттік статистика сала­сындағы мемлекеттік бақылау» атты 12-2-бабының нормаларына өзгерістер енгізілді. Бұл өзге­рістер респонденттерге қатысты мемлекеттік бақылау жүргізу және алғашқы статистикалық деректерді ұсыну тәртібіне ті­келей қатысты. Сонымен бір­­­ге толықтырулар бизнес субъек­­­тілеріне қатысты мем­ле­кеттік бақылау және қадағалау нысандарын ретке келтіруді, биз­несті жүргізу жағдайларын жақ­сартуды бақылайды. «Атап айтқанда, мұнда салалық заңдар деңгейінде жедел ден қою шараларын қолдану, тергеу жүргізу тетіктері, бақылау субъектісіне бармай немесе барып профи­лактикалық бақылауды қол­дану тәртібі айқындалған», деді ста­тис­тика департаменті басшы­сының орынбасары.

Айта кететін жайт, респон­денттер статистикалық дерек­терін бұрмалап беретін болса, ондайларға Әкімшілік заң бұзушылықтар кодексінің 497-бабы бойынша іс қозғалады.

 

Солтүстік Қазақстан облысы