Қазір ауданда тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 5 673-ке жетті. Олардың 688-і – бұл қатарға жыл басынан бері қосылып, жұмысын бастағандар. Соңғы 5 айда мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде 1 миллиард 532 миллион теңге болатын 48 жоба қаржыландырылыпты.
Жыл басында Жалпыұлттық бірыңғай жобалар пулы аясында «Жанкент Агро» ЖШС күріш өңдеу зауытын іске қосып, өнім шығара бастады. Жалпы құны 501 млн теңге болатын кәсіпорын Қазалыдағы өнеркәсіп және өңдеу өнеркәсібі саласының өсіміне оң септігін тигізбек. Жыл басынан бері ауданда өнеркәсіпте 8,2, ал өңдеу өнеркәсібінде 7,2 миллиард теңгенің өнімі өндірілгені кәсіптің көзін тапқан жергілікті іскерлердің табысты тірлігін аңғартады. Бөлшек сауда көлемі 3,8 миллиард теңгеге жетіп, 11 кәсіпкерлік нысаны қолданысқа берілді.
Мемлекет басшысы бастамашы болған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясына да қазалылықтар қарқынды үлес қосты. Арнайы іс-шаралар жоспары бекітіліп, барлық кент, қала және ауылдық округте сенбіліктер ұйымдастырылды. Тазалық апталығының тақырыптарына сәйкес аудан орталығы мен барлық елді мекеннің көшесі, аяқ су арығы, саябақ, сквер, мекеме, кәсіпорын аумағы, ауданның ішкі, сыртқы аймағы қоқыстан тазартылды.
Биыл Сырдағы «Руханият» жылы аясында жүзеге асатын жоба жетерлік. Солардың қатарындағы «Руханият» орталығы Әйтеке би кентінен бой көтеретін болды. Музей, кітапхана, мұрағат, неке қию залы, ардагерлер және аналар кеңесі, жастар орталықтары, азаматтық қоғам өкілдері мен тарихи-мәдени ұйымдар осы типтік үлгідегі орталықтан орын алады.
Аудан әкімінің айтуынша, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Жанқожа батыр ауылынан 300 орындық мектеп ғимаратының құрылысы басталды. Жаңа оқу жылына дейін аяқталатын нысан мердігері – «Асар» ЖШС. Қазір 2-қабаттың кірпіші қаланып, ішкі сылақ, терезе орнату, жертөленің жылу жүйесі және кәріз желісі жұмыстары жүргізіліп жатыр. «Жайлы мектеп» жобасымен биыл Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласының аралығынан тағы 600 орындық мектептің құрылысы басталады.
Осы жылы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен 3 спорт кешені мен 1 ауылдық клуб құрылысына 200 млн теңге бөлініп, жұмыс басталып кетті. Былтыр ауданда халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 50 отбасыға үй тапсырылған болатын. Биыл да жалға берілетін баспана сатып алуға қаржы қаралып, әрқайсысы 2 пәтерлі 75 үй құрылысы салынып жатыр.
Еңбекпен еңсе тіктеген қазалылықтар егінге ерте дайындалды. Жоспар бойынша 17 377 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егілуі керек. Оның 6 200 гектары – күріш. Жалпы, кейінгі жылдардағы су тапшылығы қай ауданға да жеңіл тиіп отырған жоқ. Оның ішінде дарияның теңізге құярлығында жатқан қазалылықтарға қиын. Содан да қазір ауданда егісті әртараптандыруға ерекше мән беріледі. Биылғы жылдың егіс сызбасын даярлау барысында да солай болды, өткен жылмен салыстырғанда жаздық бидай 81 гектар, жаңа жоңышқа 126 гектар, ескі жоңышқа 112 гектарға артық егілді. Керісінше суды көп ішетін күріш 250 гектарға кеміді.
Су тапшылығына байланысты вегетация кезіндегі қажетті су лимиті 350 миллион текше метр болып жоспарланған. Алайда бұл мөлшер 335 миллион текше метр төңірегінде бекітілді. Аудандағы іргелі шаруашылық «РЗА» АҚ жаңбырлатып суғару арқылы 260 гектарға сүрлемдік жүгері, «Smart Agro» ШҚ тамшылатып суғару тәсілімен 6 гектарға бақша егіп, күтімге алды.
Облыс басшылығының бастамасымен қазір өңірде қыстың қамын жаз ойлап, картоп, көкөніс, бақша дақылдарын егемін деген жандарға жер дайындалып, арығы тартылып берілетін үрдіс пайда болды. Бақшаға шыққандардың қысқа керегін жинап алатынын көрген жұрт та қызығып, жыл сайын олардың қатары көбейіп келеді. Биыл ауданда 281 адам бірігіп 146 гектар жерге картоп, көкөніс пен бақша дақылдарын егуді бастап кетті.
Халықты ауызсумен қамтуда Қызылорда облысы көп өңірден әлдеқайда алда тұр. Былтыр күзде жасалған мониторинг облыс тұрғындарының 98,7% орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосылғанын көрсетті. Бұл игіліктен шалғайдағы шағын ауылдар да шет қалып жатқан жоқ. Ауданда 2022-2025 жылдар аралығында ауылдарды орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесіне қосудың сызбасы бекітіліп, соған сай алыс жатқан елді мекеннің бірі Шәкен ауылы үшін 389,4 миллион теңгелік жоба-сметалық құжаттары әзірленді. Сарбұлақ, Шилі елді мекендеріне қатысты жоба сараптаманың оң қорытындысын алды. Ажар, Жұбан, Бірлік елді мекендерін су тұщытқыш қондырғы арқылы ауызсумен қамту үшін 2024 жылға аудандық бюджеттен 26 млн теңге бөлініп, мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілу үстінде. Келер жылы аудандағы барлық 42 елді мекен тұрғындары таза ауызсумен қамтамасыз етіледі.
«Сыр өңірі – ел қорғаған ерлер, әруақты әулиелер, ғұлама ғалымдар мен би-шешендер туған киелі топырақ. Әрине, олардың алғашқы легінде ХVІІІ-ХІХ ғасырларда Сыр бойындағы ұлт азаттығы күресінің қолбасшысы Жанқожа Нұрмұхамедұлы тұр. Биыл қазалылықтар елінің еркіндігі үшін атқа қонған батырдың 250 жылдығын кең көлемде атап өтпек. Мерейтой аясында облыстық жыр-дастан орындаушылар байқауы, конференция, ұлттық спорт түрлерінен сайыстар, тағы басқа да ауқымды шаралар жүзеге асады. Сондай-ақ ерлік пен батырлықтың үлгісіне айналған халық батырына арнап еңселі ескерткіш орнату жоспарланып жатыр», дейді аудан әкімі Мейрамбек Шермағамбет.
Қызылорда облысы,
Қазалы ауданы