10 маусымда 8-11 сынып оқушыларын қамтыған мерейтойлық Абай оқулары Семей қаласында салтанатты ашылды. Мазмұнды шарада Оқу-ағарту министрлігі Орта білім беру комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашев қатысушыларға ізгі лебізін арнады. Сондай-ақ бұған дейін байқаудың ұйымдастыру жұмысына белсене атсалысқан білім, ғылым және өнер саласының майталмандары марапатталды. Осыған дейінгі байқауда топ жарған жеңімпаздар да іс-шарадан шет қалмады.
«Абай оқулары» – оқушылардың рухани дамуына ерекше әсер ететін айтулы шара. Еліміздің әр түкпірінен келген жас дарындардың басын қосатын киелі мекенде әр қатысушы сөз өнері шыңында сыналып, қабілет қарымын арттырып, талабын үстейді. Жаңа буын өкілдерінің хакім мұрасынан нәр алып, ұлағатын ұғуға деген талпынысы асқақ поэзия рухын аспандата түседі. 2000 жылдан бері өткізіліп келе жатқан байқауда Абай және Шәкәрім шығармашылығын қадір тұтатын 3 мыңнан аса жас өскін қабілеттерін шыңдап, дарынын дәлелдеді.
11 маусым күні облыстық кезеңнен сүрінбей өтіп, республикалық байқауға жолдама алған 130-дан астам оқушы мен ұстаз қауымы Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығының бөлімі Бөрілідегі М.Әуезовтің музей-үйіне, Сырт Қасқабұлақтағы Абайдың туған жеріне сапар шегіп, «Еңлік-Кебек» ескерткіші маңындағы театрландырылған көріністі тамашалады. Сонымен бірге ақынның Жидебайдағы музей-үйіне табан тіреп, Қарауыл ауылындағы Абай ескерткішіне гүл шоғын қойды.
12 маусым күні оқушылар білім, ғылым, әдебиет саласының білікті мамандарынан құралған қазылар алқасы алдында «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы», «Абайдың қара сөздері», «Абайдың ақын шәкірттерінің шығармалары», «Көңілім әнді ұғады», «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда»,«Сөз өнеріндегі ұлы Абай бейнесі» аталымдары бойынша өнерлерін көрсетті. Оқушылар байқау барысында ақынның өлеңдері мен поэмасын, қарасөзін жатқа айтты.
Жидебайдағы «Абай-Шәкәрім» мемориалдық кешенінде түйінделген байқау қорытындысында Оқу-ағарту министрлігінің дипломымен 47 оқушы марапатталды. Атап айтсақ, I дәрежелі дипломмен 6 қатысушы, II дәрежелі дипломмен 18 қатысушы және III дәрежелі дипломмен 23 қатысушы марапатталды.
Сондай-ақ «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» аталымында Абай облысы атынан бақ сынаған Аружан Болатхан топ жарса, «Абайдың қара сөздері» аталымында Жетісу облысының үмітін үкілеген Аяжан Сәрсенбай үздік деп танылды. Сонымен бірге «Абайдың ақын шәкірттерінің шығармалары» аталымын Қарағанды облысының ойлы оғланы Изат Нұрғасыр жеңіп алса, «Көңілім әнді ұғады» аталымында Назарбаев зияткерлік мектебінің талантты оқушысы Сырсұңқар Базарбайұлының бағы жанды. «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» аталымында Павлодар облысынан келген Еркебұлан Тіленіш жеңімпаз атанса, «Сөз өнеріндегі ұлы Абай бейнесі» аталымында Жания Отар І орынды иеленді.
Жүлдегерлердің бәрі «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы тағайындаған бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Абай облысы