Фото: ҚР СІМ
Мұрат Әуезов 1943 жылғы 1 қаңтарда Жамбыл облысы Меркі ауылында дүниеге келген.
Әлемге әйгілі жазушы Мұхтар Әуезовтің отбасында туған Мұрат Мұхтарұлы туған тіліне, халқына, мәдени мұрасына деген сүйіспеншілікті бойына сіңіріп өсті.
1965 жылы М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Шығыс тілдері институтын филолог-шығыстанушы мамандығы бойынша тәмамдады.
КСРО Ғылым академиясының Әлем әдебиеті институтында диссертация қорғап, әдебиет теориясы бойынша филология ғылымдарының кандидаты атанды.
Қазақстан Журналистика Академиясының толық мүшесі.
Мұрат Әуезов «Қазақфильм» киностудиясында бас редактор (1981-1987), Қазақстан Жазушылар одағының көркем аударма және әдеби өзара байланыстар жөніндегі алқасының басшысы (1988-1990), Қазақстандағы «Мир» телерадиокомпаниясының көркемдік жетекшісі (1990), Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланып, Кеңес президиумының мүшесі, парламентаралық байланыстар жөніндегі комитеттің төрағасы (1990), Ұлттық кітапхана директоры (2003-2006) секілді жоғары қызметтерді атқарған.
Еліміз тәуелсіздігін жариялаған кезде елді өзгертуге белсене атсалысты.
Парламент депутаты болды, сонымен қатар әдеби зерттеулермен айналысты, Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасындағы тұңғыш елшісі қызметін атқарды.
Көркемдік процестің теориясы мен практикасы бойынша 200-ден астам жарияланымның, сондай-ақ «Уақытты байланыстырушы жіп» (1972), «Иппокрена. Уақыт құдықтарын аралау» (1997) және «Қайта оралу үшін кету» (2002) сияқты танымал монографиялардың авторы.
2007 жылдан бері Мұхтар Әуезов атындағы қорды басқарып келді.