Облыстық кардиохирургия бөліміне жылына жүздеген адам ат басын бұрады. Дертіне шипа іздеп келген науқастарға мейірім-шуағын төгіп тұратын мамандар мұнда да баршылық. Бөлім меңгерушісі, бірінші санатты кардиохирург Мұхамедияр Жайпановтың айтуынша, әріптестері анестезиолог Ақжан Мырзақұлов, кардиохирургтер Мұхит Бижанов, Марат Ақниязов, Жәлел Нұрбол секілді мамандармен бірлесіп, жылына жүзден астам адамға операция жасайды екен.
«Бізге түрлі дәрежеде жүрегіне салмақ түскен науқастар күн құрғатпай келіп жатады. Олардың бірінің жүзінен өмірге деген құштарлықты байқасақ, енді бірі тағдырдан баз кешіп кеткендей көрінеді. Дәрігердің міндеті – жаны шырқырап ауырып тұрған азаматтарға жылы-жылы сөз айтып, олардың бойында өзіне деген сенімділікті қалыптастыру. Операциядан қатты қаймығатындар аз емес. Біз маман ретінде оларды қолдауымыз керек», дейді Мұхамедияр Төлегенұлы.
Мұхамедияр облыстық аурухананың бөлім меңгерушісі қызметіне бірден топ ете қалған жоқ. 19 жыл бұрын мектепті үздік тәмамдаған тараздық түлек ата-анасының ақылын тыңдап, дәрігер мамандығына аңсары ауды. Содан да болса керек, С.Асфендияров атындағы жоғары оқу орнына түсіп, оны үздік аяқтады.
Қай кезде де білімін жетілдіруді мақсат тұтқан М.Жайпанов 2013 жылы Түркияның Ыстанбұл қаласында кардиохирургия мамандығы бойынша біліктілікті арттыру курстарын сәтті аяқтап, Жамбыл облыстық ауруханасында кардиохирург болып жұмыс істей бастады.
Ізденіс ізіне түскен білікті маман ұдайы білімін жетілдіріп отыруды өзіне парыз санады. Ол 2012-2016 жылдар аралығында Алматы қаласындағы үздіксіз білім беру медициналық университетінің резидентурасында білім алып, өзіне жүктелген бағдарламалық міндеттерді сәтті еңсергенін айта кеткен жөн. Ал 2016-2019 жылдар аралығында Халықаралық қазақ-түрік университетінде докторантурада оқуын жалғастырып, 2017 жылы Мәскеу қаласындағы біліктілікті арттыру университетінде аспирантура дәрігерлері арасында кардиохирургия саласы бойынша тәжірибе алмасу тағылымдамасынан өткен.
Дәрігердің айтуынша, операция жасауды 2014 жылы бастаған. М.Жайпановтың тікелей араласуымен мыңнан астам науқастың үміт оты қайта маздаған. Маманның іскерлігімен шағын инвазивті хирургия әдісін іске асыру жұмысы дер кезінде қолға алынды. Қазіргі кезде ол басқаратын бөлім кейде жылына жүзден астам науқасқа ашық кардиохирургиялық операция жасаса, кейбір жылдары жүз елуден астам науқастың өмірі үшін күреседі.
«Әкем де дәрігер болып жұмыс істеген. Оның анасы француз тілін үйреткен, сондықтан ұлы бес тілде еркін сөйлейді және әлемнің барлық заманауи медициналық технологиясынан үнемі хабардар болып отырады. Мен де асқар тауымның айтқан ақылы мен нақылын тыңдай жүріп, кәсіби маман ретінде қалыптастым. Ол кісінің үйретері әлі де көп», дейді дәрігер.
Облыстық аурухананың есігінен имене енген науқастардың бірі Мұқаң бастаған мамандардың арқасында өмірмен қайта қауышқанын айтып отыр. Ол Мұхамедиярдың кәсібилігін өте жоғары бағалайды. Командасындағы азаматтарға да айтар алғысы аз емес.
«Жүрекке түскен жүк жанымды жегідей жеді. Операция жасатудан айтарлықтай қорқып жүрдім. Бірақ бұл қадамға бармасам өмір жібінің кілт үзілуі ықтимал екенін дәрігерлер талай айтты. Тәуекелге бармай іс бітсін бе? Іс насырға шапқан кезде операция жасатуға тура келді. Жүзінен мейірім нұры себезгілеген Мұхамедияр бастаған мамандар жылы сөзін үйіп-төкті. Осылайша, бойымда сенімділік ұялатты. Өз ісіне адал мамандардың араласуымен басымда болған қиындықтың бәрі артта қалды. Әрине, қазір тиісті ем-домды уақтылы қабылдап тұрамын. Бастысы кеуде тұсымдағы жұдырықтай ет бұрынғыдай жанымды жегідей жегенді қойды», дейді қала тұрғыны Ғалия Әжім өз ойымен бөлісіп.
Жасанды қан айналымы және жүрек соғуы бар коронарлық артерияны шунттау, сол жақ қарыншаның аневризмасын кесу (миокард инфарктісінің асқынуы), қалпына келтіру, жүрек қақпағын механикалық және биологиялық протездермен ауыстыру және қақпақша пластикалық хирургиясы, ересектердегі туа біткен жүрек ақауларын түзету операциялары секілді күрделі операцияларды сапалы атқару әрине оңай емес. Сақтықты әрі кәсібилікті талап етеді.
Мұхамедияр Жайпанов практикалық жұмыстармен қатар ғылыми бағдарламаларға да белсенді қатысады. Халықаралық ғылыми журналдар мен жинақтарда 20-дан астам ғылыми-тәжірибелік жұмысы жарияланған. Бірінші санатты кардиохирург халықаралық және республикалық ғылыми конференциялар мен конгресстерде бірнеше рет баяндама жасаған. Әлденеше мәрте облыстық денсаулық сақтау басқармасының Құрмет грамотасымен және Алғысхатпен марапатталған. Жаңа әзірлемелерді алу үшін ол бірнеше рет шетелде, соның ішінде Израильде, Түркияда және еуропалық клиникаларда біліктілігін арттыру курстарынан өткен.
Ол жан жарымен бірге төрт баланы тәрбиелеп отырған үлгілі отбасының арқасүйер азаматы. Гиппократ антын қабылдаған маман үшін адалдық жолынан айнымау – маңызды ұстаным.
«Біздің жұмыс – кісі өмірін ұзарту, науқастардың дертіне шипа табу. Әрбір азаматқа жасалған сәтті операция – жеке адамның емес, жалпы ұжымның жеңісі. Адам жалғыз жүріп жетістікке жете алмайды. Қасымдағы азаматтардың кәсібилігі мен біліктілігінің арқасында жұмысымыз алға басып отыр. Сол үшін де басшылыққа, қасымдағы әріптестеріме айтар алғысым зор» дейді ол.
Жамбыл облысы