2024 жылғы 12-14 маусым аралығында Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстанның орталық, облыстық және аудандық архивтерінен жас мамандар, «Архивтану және құжаттану» мамандығы бойынша оқитын университет студенттері, магистранттары мен докторанттары, соның ішінде Италия, Қытай, Танзания және Франция елдерінен алмасу бойынша білім алушылар дәрістерге, семинарларға және шеберлік сыныптарына қатысты.
Университет төріндегі жас архившілер жиынын Президент Архивінің директоры Әлия Мұстафина ашты.
– Осы жылдарда жазғы мектепте 1 000-нан аса жас архивші біліктілігін арттырды. Алғашында форум жұмысына ТМД елдері архивтерінің жас мамандары қатысқан болса, жазғы мектеп жыл өткен сайын өзінің географиялық ауқымын кеңейтіп келеді. Қазіргі уақытта Мемлекет басшысы тарапынан отандық архив саласының дамуына ерекше назар аударылып отыр. Дәстүрге айналған форумның биылғы тақырыбы «Цифрлы трансформация жағдайындағы архивтерді жинақтау мәселелеріне» арналады, – деді Әлия Құсайынқызы.
Архив директоры форум қатысушыларына Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің басшысы Бақытжан Сариевтің құттықтау хатын оқып берді. «Қазіргі цифрлық технологиялардың қарқынды дамыған уақытында архив ісінің де маңыздылығы артып жатыр. Дәстүрлі қағаз негіздегі құжаттармен қатар электрондық құжат айналымына басымдық беріліп отыр. Бұл тұрғыда архивтердің жұмысын қайта қарау, қағаз құжаттармен қатар электрондық құжаттарды қалыптастырудың жаңа талаптары мен стандарттарын жетілдіру қажеттілігі туындап отыр. Осыған орай биылғы жазғы мектеп тақырыбы архив саласының маңызды бағыттарының бірі – құжаттарды жинақтау мен қалыптастырудың өзекті мәселелеріне арналады. Архив мамандары Ұлттық архив қорына мемлекеттік сақтауға қабылданатын құжаттарды іріктеу, олардың құндылығын сараптау, сипаттауда өздерінің жоғары жауапкершілігін сезінуі қажет», делінген Бақытжан Шөмішбайұлының құттықтау хатында.
Сондай-ақ жас архившілер форумының жұмысына табысты серіктес болып келе жатқан достастық елдері архив ісінің басшылары мен жетекші өкілдері онлайн форматта қатысып, форум жұмысына сәттілік тіледі. Ресей мемлекеттік гуманитарлық университетінің президенті, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ефим Пивовар, ҚазҰУ-дың ғылым және инновациялық қызмет жөніндегі департаментінің директоры Марғұлан Ибраимов, ТМД Атқару комитеті Экономикалық ынтымақтастық департаментінің кеңесшісі Марина Кулагина, Өзбекстан Республикасы Әділет министрлігі жанындағы «Өзархив» агенттігінің директоры Улугбек Юсупов, Бүкілресейлік құжаттану мен архивтану ғылыми зерттеу институтының директоры Павел Кюнг, Беларусь құжаттану және архив ісі ғылыми зерттеу институтының директоры Андрей Рыбаков халықаралық жиынның маңызын атап өтіп, цифрландыру дәуірінде архив ісін ұйымдастырудың тиімді тұсы туралы өз пікірін жеткізді. Цифрландыру – ақпараттық қоғамның ажырамас бір бөлшегі. Архив – осы қоғамның маңызды элементі. Жаңа, цифрлық әлемді қабылдау архив ісінің стратегиясын, құрылымын, қызметі мен нәтижесін қайта қарауды міндеттейді. Ал архив ақпараттарының қолжетімді болуын цифрлық технологияны пайдалану жолымен қамтамасыз ету бүкіл архившілердің ортақ мұраты болуға тиіс. Қазақстанның архив ісі саласына «цифрландыру» деген ұғым 2017 жылы «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының бекітілуімен бірге мықтап орныққанын айтқан Президент орталығы директорының орынбасары Дулат Жүкенов өз ойын былайша сабақтады:
– Әріптестердің назарын мына мәселеге ерекше аудару қажет. Сандық технология жағдайында архивтерді сапалы жинақтауға құжаттармен жұмыс істеудің барша технологиялық тізбегі байланысты, оларды іздеу ыңғайлы болу мақсатында ғылыми-анықтамалық аппарат жасау және ең ақырында құжаттарды пайдаланушыға ұсыну. Осыған орай қайсыбір тұғырнамаларды әзірлеудің бастапқы кезеңінде жүйе жолақтарын дұрыс әрі анық белгілеу аса маңызды, содан әрі қарай сапалы және қолайлы іздеу туындайды, сол арқылы қажет құжатты табады. Сонымен бірге іздеу тек архив ісінің мамандарына ғана емес, басқа адамдарға да қолайлы әрі түсінікті болуы қажет. Сонымен қатар нейротораптың қарыштап дамып бара жатқанын есепке ала отырып, қажетті құжатты жасанды интеллект оңай таба алуы керек.
Кейінгі жылдары елдегі архив мекемелерінде цифрландыру үдерісі белсенді жүргізіле бастады, соған сәйкес архив саласы өркениетті даму кезеңіне қарай қадам басты. Алайда экономиканы цифрлы технологияға көшірудің бүгінгі жағдайында сапалы электронды құжаттарды пайдалану мен сақтау мәселесі аса өзекті екенін атап өткен де маңызды. Сондай-ақ бүгінгі күні архив құжаттарын сақтаудың бірнеше жүйесі жұмыс істейді. Алайда архивтерді жинақтау-толықтыру үдерісі әлі де болса қолмен жасалады, ал бұл – уақыт шығындайтын тиімсіз жүйе. Бұл әртүрлі топтағы пайдаланушылар үшін архив құжаттарын тиімді басқару мен ақпаратқа қолжетімділікті арттыруды қамтамасыз ете отырып, Қазақстан архивтерін толықтыруды сапалы автоматтандыру үдерісін жеңілдетіп, жеделдете түседі.
Бұл шараның бәрі де барлық деңгейдегі пайдаланушыларды – сала мекемелерінің мамандарын да, архив саласына қатысы жоқ қарапайым азаматтардың да архив құжаттарын игілікке пайдалануына мұрсат береді. Яғни Мемлекет басшысы атап өткендей, архивті тек сақтау үшін ғана сақтамау керек, бүкіл қоғамның сапалы пайдалануы үшін сақтау керек.
Қазіргі кезеңдегі архив жұмысын жетілдіру бойынша жазғы мектеп бағдарламасы түрлі маңызды тақырыптарды қамтып, қатысушыларды топтарға бөліп, өз алдына жеке кіріспе дәріс, шеберлік сабақтарын ұйымдастырды. Негізгі дәріскерлер Президент Архивінің қызмет пен орталықтарының басшылары, РМГУ мен Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ғалымдары мен оқытушылары болды. «Ведомстволық архивтердің жұмысын ұйымдастырудың кейбір мәселелері», «Жинақтау көздері – мемлекеттік ұйымдардың ведомстволық архивтері қызметінің тиімділік рейтингі», «Электрондық құжаттармен жұмысты ұйымдастыру. Электрондық құжаттарды архивтік сақтау жүйесі», «Архивтерді электрондық құжаттармен жинақтаудың мәселелері», «Архив ісін әдістемелік қамтамасыз етуді әзірлеудің теориялық негіздері», «Жинақтау көздері ұйымдарының Ұлттық архив қорының құрамына кіретін архив құжаттарын қалыптастырудағы және оларды мемлекеттік архивтерге тапсырудағы мемлекеттік бақылаудың рөлі», «Цифрлық трансформация жағдайында архивтерді толықтыру кезінде құжаттарды есепке алу», «Архивтер және музейлер: жеке текті құжаттарды жинақтау және пайдаланудағы жаңашылдық», тағы басқа өзекті тақырыптарда баяндамалар жасалып, Қазақстан және достастық елдері архив саласының лауазымды тұлғалары мәселелерді бірге талқылап, өз елі мекемесінің тәжірибесі негізінде ой-пікір алмасты.
Форум аясында отандық және шетелдік ғалымдардың, архив саласының тәжірибелі мамандары мен жас архившілердің арасында аталған тақырып аясында сындарлы диалог құрылып, ғылыми ізденіс жолындағы қатысушылар өз жобаларын қорғады.
АЛМАТЫ