Өткен демалыс күндері Алматы қаласына Әзербайжан, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Өзбекстан әскери-патриоттық клубтарының 14-17 жас аралығындағы 750 жас патриоты барды.
«Әли» оқу орталығы аумағында орналасқан далалық лагерь нақты кестеге сәйкес өмір сүруде. Бүгін таңғы сапқа тұруда Десанттық-шабуылдау әскерлері қолбасшысының орынбасары полковник Раджан Жанысов туған күн иелерін құттықтады. Олардың қатарында Жамбыл облысы «Айбар» әскери-патриоттық клубының тәрбиеленушісі Нияз Пашалиев, ҚР Мемлекеттік күзет қызметі «Жас қалқан» әскери-патриоттық клубының тәрбиеленушісі Арлан Ашербеков, ҚР ҰҚК Шекара қызметі «Жас шекарашы» әскери-патриоттық клубының тәрбиеленушісі Әлнұр Нұралы, «Батыс» өңірлік қолбасшылығы «Батыс» әскери-патриоттық клубының тәрбиеленушісі Айкөркем Аманқос және Павлодар облысы Қабанбай батыр атындағы «Жас сарбаз» мамандандырылған лицей-мектеп-интернатының тәрбиеленушісі Арыстан Мүбарак бар.
«Жарыстар басталды. Бағдарламада АК-74 автоматын жартылай бөлшектеу және құрастырудан нормативтерді орындау, «Айбын дарыны» зияткерлік ойыны, ұлттық спорт түрлері бойынша жарыстар және Smart sarbaz байқауы бар», деп атап өтті «Жас сарбаз» республикалық әскери-патриоттық қозғалысының төрағасы майор Мейірбек Меңдіғалиев.
Естеріңізге сала кетейік, әскери-патриоттық жиын Кеңес Одағының Батыры, № 1 Халық қаһарманы, Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтың туғанына 100 жыл толуына орайластырылған.
Жиынның салтанатты ашылуы ертең көрнекті әскери қолбасшының есімімен аталатын Құрлық әскерлерінің әскери институтында өтеді.