Балалар • 18 Маусым, 2024

Балалар қауіпсіздігі – елдік мәселе

75 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жыл­ғы 16 нау­­­­рыздағы және 2023 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан хал­қына арнаған Жолдауларында балаларға жасалған зорлық-зом­­бы­лықтың кез келген түріне қатысты жазаны күшейтуді тапсырған болатын.

Балалар қауіпсіздігі – елдік мәселе

Коллажды жасаған – Зәуреш Смағұл, «ЕQ»

Кейінгі уақытта қоғамда, оның ішінде көшеде, тіпті отба­сын­­­да бала­лар­ға қатысты түрлі қат­ы­­гез оқиғалар жиі болып отыр. Әлі оңы мен солын таны­ма­ған ба­ла­­лардың өз-өздеріне қол жұм­­сап, суицидке баруы да кездеседі.

Кейбір ата-ананың баласына зомбылық көрсетуінің соңы өкінішке әкеліп соққан оқиғалар да болды. Мұның барлығы күн тәртібіндегі маңызды мә­се­ле – тұр­мыстық зорлық-зомбы­лық­тың алдын алу саясатын қайта қа­рауды талап етті.

2024 жылы 16 маусымда әйел­­дер мен балаларды тұрмыстық зор­лық-зомбылықтан қорғау туралы заң күшіне енді. Заңдағы түзетулер мемлекеттік отба­сы саясатының құқықтық, әлеу­­меттік, институционалды негіз­дерін одан әрі же­тіл­діруге, бала­лар мен әйелдер құ­қын қор­ғауды күшейтуге бағытталған.

Мәселен, жаңа заңға бала­ларға қатысты жасалған зор­­лық-зомбылық жазасын қа­таң­датуға бағытталған норма­лар ен­гізілді. Оның ішінде ба­ла­­лар­ға жасалған буллинг үшін жа­уап­­кершілік, баланы жол­ақы­сын тө­лемегені үшін қоғамдық көліктен түсіріп кетуге тыйым салу, ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған ұйымдар мен лагерьлерді лицензиялауды енгізу секілді жаңа талаптар бар.

Еліміздің әр өңірінде пси­хо­логиялық қолдау орталықта­рын құ­ру көзделіп отыр. Бала­ның ішкі күй­зелісін, эмоциялық кө­ңіл күйін тап басуда психолог­тің көмегі аса қажет. Кейде бала ата-анасына, бауырларына, дос­тарына айта алмаған сырын, қорқынышын психологпен ғана бөлісетін кездер болады, себебі психолог бала үшін сенімді орта қалыптастырудың әдіс-тәсілін кәсіптік тұрғыда жақсы біле­ді. Психологиялық орталық­тар құ­рудың маңыз­дылығына мән берілудің себебі де осында. Бүгін­гі таңда педагог-психологтер­дің кәсіби біліктілігін арттыру бо­йын­ша да министрлік тарапы­нан жұмыстар жүргізіліп келеді. Ор­та­лықтардың басты мақсаты – ба­ла­ларға ғана емес, олардың ата-аналары үшін де қолдау көр­сету, сондай-ақ педагогтер үшін бір­лесіп кеңесетін, өзара тәжі­ри­бе­лерімен бөлісіп, әдістемелік ұсы­ным­дар алатын орынға айналу.

Мұндай орталықтар қазір­дің өзін­де 15 өңірде құрылып, жұ­мыс іс­тейді. Жыл соңыңа дейін қал­­ған өңір­лердің барлығында бір­­дей ашы­лады деп жоспарланып отыр.

Тағы бір айта кетерлігі, елі­мізде бала құқы жөніндегі өңір­лік уәкілдер институты енгізіліп жатыр. Қазіргі уақытта 20 облыста уәкілдер белсенді түрде жұмыс істейді. Мұндай институт өзінің тиімділігі мен қажеттілігін дәлелдеді деп ойлаймын.

Балалардың құқықтық сауат­тылығын арттыруға аса мән бері­луге тиіс. Оқушылар арасында бул­­лингтің жиі кездесетіні жа­сы­­рын емес. Бұрын мұндай жағ­дай­да баланы мектепішілік есепке алу­дан басқа жәбірлеу­ші балаға не­ме­се оның ата-анасына шара қол­данылмайтын. Енді жаңа заң та­лап­тары бойын­ша буллинг жа­са­ғаны, яғни басқа балаға зәбір көр­сеткені үшін кәмелеттік жасқа тол­маған баланың ата-анасы жауап береді. Бұл шара буллингке, кибербуллингке қарсы күрестің тиімді механизмін іске қосады.

Сондай-ақ зорлық-зомбылық пен буллинг құрбандарына кө­мек көрсету бағдарламасы жаса­лып жатыр. Бағдарлама бойынша арнайы кабинет ашылады, бүгінгі таңда оның барлық өңір үшін бірдей үлгісі әзірленеді. Сот-медицина сараптамасын жүргізу, полиция қыз­меткерлерінің сұрақ-жауап алуы осы кабинеттер­де жүр­гізіледі. Каби­нет үл­гі­­сін жа­сауда балалар үшін жай­­­лы­лық ескеріледі. Бала­лар­­мен тә­жі­ри­белі педагог-психо­лог­­тер жұ­мыс істейді. Министр­лік әзір­леген кабинет үл­гісі барлық өңір үшін бірың­ғай стандарт ретінде таратылады.

Балаларды жолақысын төле­мегені үшін қоғамдық көліктен түсіріп кету фактілері жиі тіркеледі. Мұндай жауап­сыз әрекеттің бала өміріне қан­ша­лықты қауіп төндіретіні – анық нәрсе. Бұл енді заңмен реттеле­тін болады. Егер баланы жолдан түсіріп кететін болса, ол құ­қықбұзушылық болып табылып, жаза қолданылады.

Ескерте кететін бір жайт, бү­гінде әлеуметтік желі мен мес­сенд­­жер­лерде жекелеген топ жа­ңа заң нормаларында баланы ата-ана­­сының дұрыс қарама­ға­ны үшін отбасынан тартып алу көз­дел­­ген де­ген жалған ақ­парат тара­ған. Мем­ле­кет отба­сы­лық құн­ды­лықтар­ды дәріп­тейді, жауа­пты тұлға тәр­бие­лей­тін отба­сы инс­титутын қалыптас­тыру мен дамытуды көз­дейді, баланың өз туған отбасында, туған ата-анасының бауырында өскенін қалайды және қолдайды. Сон­дай-ақ мемлекет үшін басты басым­дық – баланың құқын қор­ғау, қауіп­сіздігін қамтамасыз ету. Баланың денсаулығына не­ме­се өміріне қауіп төнген жағ­дайда ғана баланы мемлекет өз қам­қорлығына алуға мәж­бүр болады. Бұл бұрын да болған норма, сондықтан мұны жаңалық деп айтуға болмайды.

Бала – еліміздің болашағы. Олар­­­дың қауіпсіздігін қорғау, са­ла­­­маттығын қамтамасыз ету – бас­ты мін­дет. Және ол заңна­малық негіз­де жүзеге асуға тиіс.

 

Еділ ОСПАН,

Оқу-ағарту вице-министрі