Біздің елдігіміз, қазақ жұртының арғы түбі ғұндардан басталады. Ғұндардан кейін көктүріктерге жалғасады. Одан кейін Алтын Орда орнығады. Сөйтіп, хандық дәуірге ұласып, кейін біртіндеп тәуелсіздікке тіреледі.
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ,
(Ұлытау биігіндегі сұхбаттан).
Бұрынғы бір «ертегі» – бүгінгі күннің ермегі
Заман да, адам да өзгереді. Уақыт өте келе тарихи шындыққа негізделмеген, үстіртін ой-пікірлер ығысып, дәйекті жаңа тұжырымдарға орын беріліп жатады. Себебі, бұл – өмір заңы, онсыз қоғам дамуы жөнінде сөз болуы мүмкін емес. «Жеңіске жеткендердің» «ой қуатымен» жазылған қазақ халқы тарихының пайымдалуы да соңғы уақытта өзгеріске ұшырауда. Қайта қарастырылған проблемалардың бірі – көшпелі социумдардың өркениеттің құрамды және интегралды бөлігі екендігі, көшпелі қоғамды отырықшы және қалалық даму жолы тәжірибелеріне негізделген тұжырымдамалар мен схемалар арқылы түсіндіруге болмайтындығы. Осыған қарамастан, қазақтардың өз дамуында «шаруашылық қауымнан», не болмаса «әскери одақтан» жоғары көтерілмегендігі туралы «уәждер» әлі де кейбір саясаткерлер мен ғалымдар тарапынан сан-саққа жүгіртілуде. Қазақ халқының тарихын бұрмалап, ол жөнінде әлем жұртшылығына теріс түсінік беруге тырысушылықтың мақсаты – халқымыздың өткенін тарихи құжаттар негізінде сараптап, өзінің ой-пікірін білдіру емес, еліміздің егемендігіне, ішкі, сыртқы саясатына күйе жағу екендігі құпия емес. Осыған орай 1996 жылдың сәуірінде Қазақстан Президенті Н.Ә. Назарбаевтың: «Бұдан бұрынғы кезде қазақтардың мемлекеттілігі болмағандығы туралы түрлі сыпсың пікірлерге тосқауыл қою қажет», «тарих ғылымының кезек күттірмес міндетінің бірі» осы деп айтқан ұлағатты сөздерінің мән-мағынасы мен өзектілігі күн санап артып келеді («Егемен Қазақстан», 1996 жылғы 30 сәуір). Қазақ халқына ақыл айтуға, оның әлемдік өркениеттегі орнын өзі белгілеуге бейім авторлардың мәлімдемелері, мүмкін, оның Ресей құрамында болған кезін меңзейтін шығар. Мұндай жағдайда олармен келісуге де болады. Ресей империясының құрамына енгеннен кейін қазақтардың өз мемлекеттілігінен айырылғаны рас. Патша өкіметі ХVIII ғасырдың ортасынан бастап қазақ мемлекеттілігін жоюға, Орта жүз бен Кіші жүз хандарын сайлаусыз, өзі тағайындауға тырысты. Ал ХІХ ғасырдың 20-жылдары хандық билікті біржолата жою шаралары жүзеге асырылды. Кеңес заманында да, сөз жүзінде болмаса, қазақ ұлттық мемлекеттілігі қалпына келтіріле қойған жоқ. Қайта жартысына жуығы қырғынға ұшырап, қазақ халқы тарих сахнасынан өшіп кетуге аз-ақ қалды. Осылайша, қазақтар екі жарым ғасырдан астам уақыт бойы отарлықтың құрбанына айналып, өзінің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуы тұрғысынан кенжелеп қалды, ұлттық санасы уланды, сан алуан тәжірибе нысанына айналды... Алайда, өткенге салауат дейік. Дүниежүзінде отарланған ел біз ғана емеспіз. Ресейдің өзі де екі жарым ғасыр бойына Алтын Орданың құрамында күн кешкен жоқ па еді?! Талас тудырып келе жатқан мәселе – білімділігінен гөрі менмендігі басым, еуроцентристік көзқарасты тарихи шындыққа жетудің бірден-бір методологиясы ретінде қарастыратын авторлардың мұнан бұрын да, яғни Ресеймен бетпе-бет келгенге дейін «қазақтардың мемлекеттілікті бастарынан кешпегендігі» жөніндегі пікірлері. Қазақтардың өз дамуында мемлекеттілік дәрежеге қолдары жетпеді деушілер сол баяғы, ХVIII ғасырдан бергі көшпелілік пен мемлекеттілік бірін-бірі жоққа шығарады-мыс секілді болжамдарға сүйенеді. Олар қазақтарды сайын сахарада табиғат маусымдарына орай көшіп-қонып жүрген, ұшарын жел, қонарын сай білетін адамдар тобыры ретінде ғана қабылдайды. Мұндай пікір Гегель және басқа да батысеуропалық философтардан кейін патшалық Ресей заманындағы А.И.Левшиннің еңбегінен бастау алды. Ресейдің Орталық Азиядағы «ағартушылық миссиясы» деген тұжырымдама осыны талап етті. Кеңес заманында да қазақ мемлекеттілігіне көзқарас түбірлі өзгере қоймады. Ол уақытта «қазақтарда мемлекет болды» деген сөз үшін ғана оның авторына «ұлтшылдық» айып тағыла салатын. Осылайша, 1945 жылы «Большевик» журналында жарық көрген М.А.Морозовтың мақаласында Қазақстан тарихына арналған еңбек авторлары «ұлтшылдар» болып шыға келді. Материалистік әдіснаманы ұстанған ғалымдар мемлекеттің пайда болуы мен дамуын таптық қатынастардың жемісі ретінде қарастырды да, Еуразия көшпелі социумы тарихының күрделі беттерінің бірі болып табылатын бұл мәселе жөніндегі пікірталастар негізінен «көшпелі феодализм» шеңберінде өрбіді. Өз кезегінде бұл тұжырымдама орта ғасырлар мен жаңа заманның бас кезіндегі көшпелілердің мемлекеттігін феодалдық қоғамдық қатынастардың дамуы тұрғысынан зерттеуге ғана мүмкіндік берді. Зерттеушілер негізгі өндіргіш күш ретіндегі жерге қалыптасқан феодалдық жеке меншіктің болмауына байланысты қазақтарда мемлекет құрылмады және оған тиісті жағдай тумады, тек мемлекеттіліктің кейбір нышандары ғана байқалды деп түйіндеді. Л.В.Дюков, А.М.Давидович деген авторлар қоғамның рулық-тайпалық негізде ұйымдасуының сақталып келгендігіне байланысты қазақтарда 1917 жылға дейін ешқандай мемлекеттілік болған емес, қазақ қоғамы ХV – ХVIII ғасырларда әскери демократия жағдайында өмір сүрді деген қасаң қағиданы дәлелдеуге тырысты. Ондағы априори айтатындары таптар, тайпалар одағы және мемлекеттің қалыптасу үдерісі бір уақытта қатарласа жүрмейді-мыс. Бұл авторлар жекеменшік, таптар және таптық күрес қана қоғамының рулық-тайпалық ұйымдасуын өшіріп, оны мемлекетпен ауыстырады деп есептейді. Мемлекеттің пайда болуына қажетті алғышарттарды жерге жекеменшіктен, таптар мен таптық күрестен іздеушілік, оны бір таптың екінші тапты бағыныштылықта ұстау құралы ретінде есептеу сан алуан сұрақтар тудырып, зерттеушіні тығырыққа тірейді. Материалистік әдіснама көшпелі қоғамда туыстық және генеалогиялық байланыстар негізінде мемлекеттің пайда болуы жөніндегі көпшілік таныған идеяны мүлдем қостамайды. Бұл секілді философиялық-әлеуметтанушылық ағымның кезінде еуропалық елдердің тарихи дамуының тәжірибесіне негізделген ой-пікірдің жемісі екендігі, көшпелі қоғамды оның тар шеңберінде ұғынудың мүмкін еместігі ғылыми әдебиетте мойындалған. Көшпелі социумдардағы биліктік қатынастардың мәні мен ерекшеліктерін отырықшы-егіншілікті мемлекеттердегі биліктік қатынастар моделі тұрғысынан түсіндіру мүмкін емес. Тарих ғылымында көшпелілердің, олардың ішінде қазақтардың орта ғасырларда саяси және әлеуметтік дамуы жөнінде жаңа көзқарастың орын алып отырғандығына, ғылыми айналымға қытай, араб, парсы, түрік дереккөздерінің енуіне байланысты көптеген тақырыптарға басқаша баға берілуде екендігін естімейтін «саяси саңыраулық» бүгін де баршылық. Дүниежүзінің көптеген ғалымдарының Еуразия тұрғындарының әлемдік өркениетке сүбелі үлес қосқандығын жазып жүргені бүгін ғана емес. Неміс ғалымы Г.Шварц: «Сонау көне заманнан қазіргі уақытқа дейін Орталық Азия мен оның тұрғындары бүкіл адамзат баласына зор ықпал жасап келеді. Орталық Азиясыз көршілес жатқан елдердің тарихы қаншалықты түсініксіз болса, шығыстағы Қытай, батыстағы Жерорта теңізі маңайындағы мемлекеттер мен оңтүстігіндегі Үндістансыз ортаазиялық елдердің тарихы соншалықты бұлдыр көрінер еді», – дейді (Гельмгольт Г.История человечества. Всемирная история. Т. ІІ. СПб, 1902. С. 112, 115). Ғалымның бұл сөздері көшпелілердің томаға-тұйық, Даниель Дефоның ХVII ғасырдағы беймәлім аралында өмір сүрмегендігін, олардың орасан зор аймақта отырықшы мемлекеттермен тығыз қарым-қатынаста болғандығын көрсетеді. Мұндай пікірдегі Г.Шварц – жалғыз емес. Профессор И.С.Брагинский де: «Орта Азия – адамзат өркениетінің алғашқы ошағының бірі ретінде есептеледі», – деп жазады. Көшпелілер жөніндегі позитивті ой-пікірлердің, жазба және археологиялық жәдігерлердің молаюы біраз ғалымдарды ескі қисындар мен пайымдаулардан бас тартуға мәжбүрледі. Олар енді көшпелілердің уақытша мемлекеттік бірлестіктерге қол жеткізуі мүмкін, алайда, бұл құрылымдар отырықшы халықтардың ықпалымен дүниеге келді дегенге көшті. Басқаша сөзбен айтқанда, көшпелілер жасампаздық әлеуеті төмен, еліктеуге ғана қабілеті жетерлік халық болып шығады. Мұндай тұжырым 1996 жылдың 3-5 сәуірінде Алматы қаласында өткен «Қазақстанның мемлекеттілік эволюциясы» деген халықаралық конференцияда жасалған бір баяндамада көрініс берді. Онда Ұлы Даладағы көшпелілер мемлекеттілігінің шаруашылық қызметтің ұйымдасуын қамтамасыз ете алмағандығы, сонымен бірге, көп жағдайда геноцидпен аяқталатын үздіксіз соғыстарға әкеліп отырғандығы, өте тұрақсыздығы, қайшылықтарды шешу қабілетінің төмендігі, өз үстемдігі арқылы Ресейдің Ұлы Далада, кейін Түркістанда тыныштық орнатып, Еуразияның геосаяси біртұтастығын қамтамасыз еткендігі туралы пікір алға тартылды (Вестник КазГУ. Сер. истории: 1996. №3. С. 192). Бұл сөздерді айтып тұрған бүгінгі күнгі құрметті профессор емес, Ресейдің «культуртрегерлік миссиясын» уағыздаған ХІХ ғасыр авторы ма деп қаласың! «Мемлекет» дегеніміз не? Әдебиетте оның жүзден астам анықтамасы бар. «Қазақтарда бұрын мемлекет болмады» деп жүрген авторлар оның батыстық моделін ғана мойындайды және ол «классикалық анықтама» деп аталады. Оған сәйкес келмейтін мемлекеттік құрылымдар «ерте феодалдық», «мемлекеттік функциялары шектеулі» саяси ұйымдасу формасына жатқызылады. Еуразия көшпелілерінде соңғылар генераторлық сипаттағы ішкі күштердің емес, сыртқы факторлардың ықпалымен пайда болды, олар «классикалық дефиниция» тұрғысынан шынайы мемлекетке жатпайды делінеді. Бұл ағым өкілдері мемлекеттіліктің орын алуын көшпелілердің отырықшы өңірлермен қарым-қатынасқа түсуімен байланыстырады. Олардың бір өкілі – Т. Барфилд (АҚШ) «далалық империялардың» (саяси орталығы Моңғол үстіртінде орналасқан мемлекеттерді айтады. – К.Е.) пайда болуы және өмір сүруі мен Қытай мемлекетінің саяси және экономикалық күш-қуатының артуы арасында каузальды байланыс болғандығын дәлелдеуге тырысады. Қытай бір орталыққа бағынған және қуатты мемлекетке айналған кезде көшпелілер де сондай деңгейге көтерілді. Қытай саяси анархия мен экономикалық депрессияға ұшырап құлдыраған шақта, далалық мемлекеттер де сондай күйге түсті дейді ол. Профессор Питер Голден (АҚШ) Еуразияның көшпелі түркі тайпалары «алғашқы қауымдық», яғни мемлекетсіз қоғам мен «дамыған күрделі қоғам» сатылары арасында өмір сүрді, сол себепті әңгіме мемлекеттің пайда болуы емес, көшпелілердің мемлекеттілікті сырттан әкелуі немесе өмір сүріп жатқан мемлекетті көшпелілердің жаулап алуы жөнінде ғана болуы керек дегенді айтады. Мұнан П.Голден тұжырымдарының Т.Барфилд теориясының көшірмесі екендігін көреміз. Профессор А.М.Хазановтың «Көшпелілер және сыртқы дүние» атты кітабының квинтэссенциясы да «көшпелілер өз алдына, сыртқы дүниенің тікелей ықпалынсыз өмір сүре алмайды» дегенге саяды. Далалық империялардың қуатты Қытай империясының «көлеңкесі» ретінде пайда болуы жөніндегі теорияның тарихи фактілерге сәйкес келмейтіндігі көптеген ғалымдар тарапынан дәлелденіп отыр. Профессор Майкл Дромп (АҚШ) «Ішкі Азияда империялық мемлекеттің құрылуы» деген мақаласында VI – IX ғасырлар арасындағы түркі мемлекеттері тарихын зерттеу жұмыстары нәтижесінде Т.Барфилд теориясының бұл мемлекеттердің пайда болуы мен ыдырауын түсіндіре алмайтындығын, сол себепті, оның негізсіздігін көрсетіп берді. Никола Ди Космо (Италия) Т.Барфилдтің билік циклдары проблемалары мен биполярлық экономикалық модельге негізделген тұжырымдамасының шектеулілігіне нақтылы дәлелдер келтіріп, оның орнына көпфакторлы әдіснаманың маңыздылығына тоқталады. «Мемлекет» дегеніміз, құрылымдық-функциялық талдау тұрғысынан алғанда, қоғамды ұйымдастырушы – реттеуші жүйе, сонымен бірге қоғамның ресми билік органдарының және атрибуттарының тұтас жиынтығы болып табылады. Көшпелі қоғамда мемлекеттіліктің объективті және субъективті алғышарттары қандай жағдайда қалыптасып, қоғамды ұйымдастыру және реттеу қажеттілігі туындайды? А.М.Хазанов, Н.Н.Крадин, Т.Д.Скрынникова және басқа да ғалымдардың еуразиялық көшпелілер қоғамында басқару сұранысына әкелетін катализаторлық сипатқа ие ішкі күштер болмады деген пікірлерінде негіз бар ма? Көшпелі экономиканың тұрақты дамуы және қосымша өнімнің, кейбір жағдайда отырықшы – егіншілікті аудандардан да, көп өндірілуі еуразиялық түркілерде басқару аппаратын құруға жетелегендігі тарихи дереккөздерімен дәлелденеді. Материалдық және адам ресурстарының жинақталу және шоғырлану процестерін былай қойғанның өзінде, көшпелілер қоғамында бір саяси құрылымға бірігудің экономикадан тыс жатқан, мүдделілік пен қажеттіліктен туындайтын факторлар баршылық. Оларға: қауымдар арасында жерді пайдалану жөніндегі өзара қатынастарды реттеу, көшу бағыттарын анықтау, жайылымдықтарды бөлісу, руаралық мәселелерді шешу, экологиялық, одан туындайтын әлеуметтік және экономикалық апаттарды болдырмау, көрші отырықшы және көшпелі өңірлермен сауда-экономикалық және саяси қарым-қатынастарды ұйымдастыру, сыртқы жаулардан қорғану жатты. Осы қажеттіліктер тайпалардың, тайпалық одақтардың, олардан да жоғары тұрған бірлестіктердің, жүздердің және т.б. ірі бірлестіктердің (мысалы, алшын, «алаш мыңы») қалыптасуына әкеледі. Саяси эволюция барысында бұл әлеуметтік организмдер арасындағы қатынастарды реттеп отыруға қажетті тетік ретінде иерархиялық сипаттағы потестарлық-саяси ұйым пайда болады. Ол генеалогиялық туыстық принципіне негізделеді. Әскери-потестарлық бірлестіктер басқа рулар мен тайпалар есебінен ұлғайып, осы негізде мемлекеттік бірлестік – хандық құрылады. Сонымен, көшпелі мал шаруашылығы өндіріске қатысушылардың барлығынан жоғары деңгейде ұйымдасуды, қоғамның ішкі өмірін де реттеп отыруды талап ететіндігін көреміз. Басқаша сөзбен айтқанда, көшпелілердің өзінің саяси дамуында тек тайпалық конфедерация дәрежесіне жеткендігі, мемлекеттіліктің қарсаңында ғана тұрғандығы жөніндегі пікірлердің негізсіздігі айқындала түседі. Көшпелілік мемлекеттілікті жоққа шығармайды, көшпелі социумның даму заңдылықтары да тіршілік императивтеріне бағынады. Алайда, көшпелі өмір сүру салты жөнінде қаншалықты теріс көзқараста болғанымен, көшпелілердің барлығын бірдей «номадтар» деп жалпылама қарастыруға болмайды. Зерттеулерде көшпелілер қоғамына қатысты терминологиялардың да түрліше қолданылатындығы ескеріле бермейді және олардың семантикасы түрліше ұғынылады. Индиана университетінің профессоры Лоуренс Крадер (кейін Германияға қоныс аударды) қазақтар тарихына арналған еңбектерінде мал шаруашылығынан тәуелді адамдар қоғамына «пасторализм» (бақташылық) терминін қолданады. Бірақ, әдебиетте «бақташылық» пен көшпелілік терминдерінің қолданылуы да бір жүйеге түспеген. Профессор А.Хазанов «бақташылықтан» гөрі «көшпелілер» терминіне ден қойса, Т.Барфилд «көшпелі бақташылық» терминіне ықылас танытады. Оның (яғни Т. Барфилдтің) жерлесі Д.Синор номадтардың барлығы бірдей бақташы болған емес және бақташылардың бәрі бірдей номадтар болған жоқ деп дұрыс ескертеді (Sinor D. Reflections on the history and historiography of the nomad empires of Central Asia // Acta Academiае Hung. Vol. 58 (1). 2005. P. 7). Шынында да, «номадтардың» барлығы бірдей көшпелілер болған емес, сол себепті бұл екі терминді синонимдер ретінде алуға негіз жоқ (мысалы, тайга терімшілері немесе аңшылар, мұхит үстіндегі көшпелілер, бұғы өсірушілер, т.б.). Д. Синор саяси орталығы Еуразияның ашық өңірінде орналасқан тұрғындарды «аттылы номадтар» деп атағанды жөн көреді. Қалай болғанда да, Еуразия халықтарының тарихын, әсіресе, оларда мемлекеттіліктің пайда болуы тетіктерін зерттеу үшін барлығына бірдей «жалпы заңдылықтарды» таңбай, әрқайсысын нақтылы түрде, бірақ көршілес елдермен байланыстар контекстінде қарастыру қажет. Себебі, мемлекеттердің құрылу процестері мен формалары түрлі халықтарда біркелкі бола бермейді. Көшпелі тұрмыста өмір сүрген халықтарда да мемлекет генезисінің өзіндік ерекшеліктері бар. Орталық Еуразия тарихының негізгі концепциясына тән жалпы қателік бұл өңір тұрғындарының үздіксіз миграциялық қозғалыста болғандығы жөніндегі көзқарас болып табылады. Батыс тарихшыларының пікірінше, «аттылы көшпелілер – жаулаушылар» Қытайдан Еуропаға үнемі жорықтар ұйымдастырып отырады. Ішкі Азия арқылы Қытайдан Еуропаға жалпы миграцияның жасалуы жөніндегі идея Жозеф де Гиньнің «Хундардың, түріктердің, моңғолдардың және шығыс татарларының жалпы тарихы» деген еңбегінен бастау алады. Батыс авторларының еуразиялық көшпелілердің үнемі үдемелі сипаттағы миграция құшағында болғандығы және миграциялық қозғалыстың тек Шығыстан Батысқа қарай бағытталып отырғандығы жөніндегі пікірлері де тарихи шындыққа сәйкес келмейді және мемлекеттілік тарихын зерттеуге көмектеспейді. Орталық Еуразия тарихнамасы, деп жазады Д.Синор, кітаптан кітапқа, мақаладан мақалаға ауысып отыратын негізсіз клишелер, жалған түсініктер мен болжамдарға толы. Қазақ мемлекеттілігін жоққа шығаруға тырысушылықтың астарында геосаяси мүдделерден туындап жатқан мәселелерді былай қойғанда, ғылыми зерттеулердегі кедергілер де баршылық. Сонымен бірге көптеген ізденістердің әдіснамалық тұрғыдан әлсіздігі – оларда еуразиялық кеңістік тұрғындарының экономикасын «таза көшпелілік» сипатта ғана танып, басқа шаруашылық укладтарын жоққа шығаруында; көшпелілік пен отырықшылық арасындағы қарым-қатынастарды антагонистік сипатта емес, екі өндіріс тәсілінің ықпалдасуы, симбиозы ретінде қарастырылмауында, әсіресе, қазіргі Қазақстан аумағында ерте және орта ғасырларда пайда болып, бірін-бірі ауыстырып отырған (сақтар, сяньби, ғұндар заманынан бастап) мемлекеттердің қоғамдық құрылысы, билік институттары, т.б. белгілерінің бір-бірімен салыстырмалы зерттелмеуінде. Алайда, қазақ мемлекеттілігі жөнінде түрлі қаңқу сөздердің таралуының басты себебі өзімізде көне дәуірден Қазақ хандығына дейінгі кезең жөнінде этногенетикалық, мемлекеттілік, ділдік, тілдік, діни, әдет-ғұрыптық, антропологиялық дәстүр сабақтастығына негізделген кешенді де іргелі еңбектердің жоқтығына байланысты. Бұл орайда отандық ғалымдардың сан алуан объективтік қиыншылықтармен ұшырасып отырғандығы да жасырын емес. Осылардың кейбіріне тоқталатын болсақ, көне және ортағасырлық дереккөздерінде этнонимдер мен әкімшілік терминдердің зерттеліп отырған халықтың тіліне сәйкес келе бермейтіндігі және бір халықтың бірнеше атаумен ұшырасатындығы. Мысалы, хундар византиялық дереккөздерінде тоғыз, венгрлерде он тоғыз түрлі аттарымен белгілі. Венгрлер өздерін түркітектес мажарлар деп санайды, фин-угор тілінде сөйлейді және әкімшілік терминдері славян тілінде қалыптасқан. Басқаша сөзбен айтқанда, әкімшілік терминологияға да, этнонимдерге де үлкен сақтықпен қарау керек. Мысалы ІХ ғасырда Русь халқының жетекшісі қаған лауазымын алып жүрді, бірақ бұл ол түрік дегенді білдірмейді. Осы мәселеге байланысты Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының ғылыми қызметкерлері Нәпіл Базылхан мен Жанымхан Ошанның ғылыми ізденістері жаңа нәтижелерге қол жеткізеді деп ойлаймын. Бірақ, қазіргі кезде мұндай мамандар әлі де саусақпен санарлық. Әсіресе, кеңес заманынан бері келе жатқан ауыр «мұраның» бірі – тарихшылардың лингвистикалық дайындығының төмендігі, олардың басым көпшілігінің қазақ, орыс тілдерімен ғана шектелетіндігі. Шет тілдерінде жазылған зерттеулерді аудармашылар арқылы пайдаланудың сүріндірер тұстары аз болмайды. Ерте және орта ғасырлардағы Қазақстан тарихын шетелдік дереккөздерінсіз зерттеу мүмкін емес. Себебі, ол кезеңге қатысты жергілікті халықтың тілінде жазылған дереккөздері өте сирек, ал сыртқы дереккөздері бірнеше тілдерде жазылған. Түпнұсқалық материалды пайдалану үшін тарихшы орта ғасыр кезіндегі, ең кемінде, екі-үш тілді білуі тиіс. Бұл талап орындалмаған жағдайдың өзінде шет елдерде үлкен мән беріліп отырған этнолингвистикалық және басқа да еңбектердің ғылыми жетістіктерін білу қажет. Индиана университетінің профессоры Д.Синордың пікірінше, қазіргі заманғы тілдерге келетін болсақ, батыс елдерінде ХХ ғасырдың екінші жартысынан бастап тарихшылардың жас буыны арасында француз және неміс тілдерін игеру әлсіреп, оның орнына қытай және жапон тілдеріне көбірек назар аударыла бастаған. Бірінші үрдіс өкінішті болса, екінші үрдіс – қажетті де құптарлық құбылыс, себебі, көптеген тақырыптар қытай және жапон ғалымдарының еңбектерімен танысуды талап етеді дейді атақты шығыстанушы. Соңғы он жыл шамасында бізде де тарихшылардың шет тілдерін игеруі жөнінде оң қадамдар жасалуда, бірақ оларды жеткілікті дей алмаймын. Тарихшылардың лингвистикалық дайындығын арттыру үшін ынталандыруға және «мәжбүрлі» оқуға негізделген қосымша жаңа шаралар қажет секілді. Кешегі «кеңес шинелінен» шыққан тарихшылар шетел тілдеріндегі дереккөздерін пайдалануға ықыласының жоқтығын олардың «еуроцентристік» көзқарас тұрғысынан жазылғандығымен бүркемелеуге тырысады. Әрине, еуропалық дереккөздерінің біразы Ішкі Азия тұрғындары жөнінде негативті пікір ауанында құрастырылғаны мәлім. Бірақ бұл ерекшелік олардан мүлдем теріс айналуға негіз бермейді. Ғалымдарымыздың тілдік дайындығын жаңа деңгейге көтермей, этнолингвистикалық зерттеулерге ден қоймай, салыстырмалы-функциялық, өркениеттік талдауларды меңгермей отандық тарихымыздың – әлемдік тарихтың құрамды бөлігіне айналуы қиын, «қазақ мемлекеттілігі» тақырыбы да Рашид-ад дин мен Мұхаммед Хайдар Дулатидің төңірегінен алысқа бара алмайды. Көшім ЕСМАҒАМБЕТОВ, тарих ғылымдарының докторы, профессор. (Жалғасы бар)