Суретті түсірген – М. Аяғанов
Аққулы ауданына қарайтын Тілектес аулындағы мектептің әбден көнеріп тұрғаны туралы мәселе кейінгі екі жылда биік мінберлерден жиі айтыла бастаған. Ғимарат қамыстан салынған, есік-терезесінен, қабырға жарықтарынан жел гулеп, қыста іші салқындап кетеді. 2022 жылы оған мемлекеттік техникалық сараптама тағайындалып, нысанға күрделі жөндеу жүргізу қажет деген тұжырым жасалды. Сөйтіп, биыл бюджеттен 150 млн теңге қаражат бөлініп, оны жөндеуге конкурс жарияланды. Балаларының суық әрі тозған ғимаратта оқып жатқанына қашанғы төзе берсін, жергілікті ата-аналар бұл шешіммен келіспей бас көтерді. Мектептің қамыстан салынғанын, оны жөндеу емес, орнынан сырып тастап, заманға сай жаңасын салуды талап етті. Тіпті болмаған соң, жергілікті белсенді азаматтар мен қоғамдық ұйымдардың қолға алуымен тәуелсіз сараптама ұйымдастырмақ болды. Абырой болғанда, өңірлік білім басқармасы ауыл мектебіне қайтадан сараптама жүргізіп, нәтижесінде шын мәнінде ғимараттың апаттық жағдайда тұрғаны белгілі болды.
Аққулы ауданының белсенді тұрғыны, кәсіпкер Руслан Мусин жергілікті шенділер жаңа мектеп салуға асықпай отырғанын сынға алды. Айтуынша, ол салынғанға дейін Тілектес аулының балаларын жақын жердегі Қызылқоғам аулына тасуға тура келеді. Өткен жылы облыстың бірнеше ауданында қысқа мерзімде жаңа мектептер тұрғызылды. Сондай қауырт тірлікпен жұмыс істесе, күзге дейін Тілектесте жаңа білім ұясын ашып тастауға әбден болар еді деп есептейді ол.
Тілектес орта мектебінің директоры Айнұр Бекбауованың сөзінше, ғимараттың төбесінен су сорғалап, кейбір жерлерінде төбесі отыра бастаған.
«Қабырғасының жарылған жерлерін үнемі цементпен бітеп, ағартып отырамыз. Бұл мектепті кезінде өзім де аяқтағанмын. Педагогтер мен шаруашылық қызметкерлерінің арқасында осы уақытқа дейін мүмкіндігінше ұстап келдік. Балалар қалыпты жағдайда оқуы үшін ғимараттардағы кейбір кемшіліктерді жасыруға тура келді. Барлық санитарлық нормаларды сақтап отырдық. Алайда мектепте спортзал мен мәжіліс залы жоқ. Сондықтан қыстың күндері денешынықтыру сабақтарында балалар арқаларын жазып ойнай алмайды. Мектебіміз мемлекеттік тілде білім береді. Қазіргі уақытта 51 бала білім алып жатса, алдағы уақытта аулымызға еліміздің оңтүстігінен көптеген отбасы көшіп келеді деген жоспар тұр. Яғни келешекте оқушы саны ұлғая түседі», дейді ол.
Өңірлік білім басқармасының басшысы Самал Айтқазина аталған мектеп құрылысы бойынша қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп жатқанын, алайда мектепті күзге дейін салып бітіру ойға сыймайтынын мәлімдеді.
«Осыдан 1,5 жыл бұрын біздің басқарманың тапсырысымен Тілектес аулы мектебінің жағдайын білу үшін техникалық сараптама жүргізілді. Тап сол уақыттағы сараптама нәтижесі мектеп ғимаратын апаттық жағдайда тұрған жоқ деп көрсетті. Яғни біз оны апаттық жағдайда тұрған білім ұяларының тізіміне қосқан жоқпыз. Естеріңізде болса, былтыр өңірімізде 3 мектептің апаттық жағдайда тұрғаны анықталған. Облыс басшылығының шешімімен олардың орнына жаңадан білім ғимараттары тұрғызылды. Атап айтқанда, Железин ауданындағы Моисеевка, Павлодар ауданындағы Сычевка, Баянауылдағы Қаражар мектептері. Егер осыдан бір жарым жыл бұрын Тілектестегі оқу ғимаратының апаттық жағдайда тұрғаны белгілі болса, былтыр ол жерге де жаңа мектеп салынған болар еді. Ал Тілектес мектебінің ата-аналары бұл мәселені жуықта ғана көтерді. Соған орай біз биылғы көктемде мектепке қайтадан техникалық сараптама жүргізуге тапсырыс бердік. Оның нәтижесінде қамыстан салынған нысанның шын мәнінде апаттық жағдайда тұрғаны мәлім болды. Енді біз соған сай әрекет жасап жатырмыз. Яғни мектепті апатты деп танып, орнына жаңа ғимарат тұрғызуға кірістік. Құрылыс басқармасы қазіргі сәтте жобалық-сметалық құжаттарды дайындатқызу үстінде. Ол дайын болысымен құрылысқа кіріседі», деп жауап берді басқарма басшысы.
Жаңа мектеп 50 балаға шақталып салынады. Онда 13 оқу кабинеті, спорт залы, екі киім ауыстыратын орын, 40 оқушыға шақталған асхана, технология кабинеті, мәжіліс залы, 20 бала тәрбиеленетін шағын орталық болады. Сондай-ақ жобада шағын футбол мен баскетбол алаңдары, балаларға арналған ойын алаңы қарастырылған. Мектеп салынып біткенше жаңа оқу жылы жеті шақырым жердегі Қызылқоғам аулында ұйымдастырылады. Аудан билігі қазіргі уақытта білім басқармасына автобус бөлу туралы өтінім жіберген.
Жақында Аққулы ауданына арнайы барған Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов 50 орындық мектеп салу қаржылық тұрғыдан тиімдірек екенін және оқушылар екі ауысыммен білім ала алатынын жеткізді.
«Үлкен мектепті ұстап тұрудың шығыны көп болады. Жыл сайын электр қуаты, жағатын көмірі бар. Тіпті еден жуудың өзі шаршы метрмен есептелетіні мәлім. Мысалы, 50 бала оқитын 100 орындық мектептің күтіміне жылына 100 миллион теңге бөлетін болсақ, 50 бала оқитын білім ұясына 50 миллион теңге қарастырылады. Сондықтан түптеп келгенде бұл жоба тиімді», деді өңір басшысы.
Әйтсе де, Тілектес аулының тұрғындары мектепті 100 орындық етіп салып беруді сұрап отыр. Жақын уақытта оңтүстіктен отбасылар көшіп келе бастайды. Сол кезде мектепті кеңейту мәселесі алдан шығуы мүмкін. Қазірдің өзінде мұнда 51 бала бар, ал қыркүйекте бірінші сыныпқа бес бала барады деп күтіледі. Сондықтан көптің бұл бұйымтайы әбден заңды деп ойлаймыз. Қазіргі уақытта Тілектес аулында 256 адам тұрып жатыр.
Павлодар облысы,
Аққулы ауданы,
Тілектес аулы