Фото: akorda.kz
Заң энергетика саласын қолдау және дамыту тетіктерін одан әрі жетілдіруге бағытталған.
Атап айтқанда, жаңартылатын энергетика саласында шағын генерацияны дамыту үшін «жаңартылатын энергия көздерін пайдалану жөніндегі шағын масштабты объект» (бұдан әрі – шағын масштабты ЖЭК) ұғымы енгізілді. Мұндай типтегі обьектілердің санатына қуаты 200 киловаттан аспайтын, жаңартылатын энергия көздерін пайдалана отырып электр және/немесе жылу энергиясын өндіретін техникалық құрылғылар жатады.
Шағын масштабты ЖЭК иелері осындай объектілер өндірген электр энергиясын және/немесе жылу энергиясын өз қажеттіліктеріне қазіргідей пайдалана береді және артық электр қуатын энергиямен жабдықтаушы ұйымға сата алады. Ал аталған ұйым оны Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитеті белгілейтін шекті бағамен сатып алады.
Еліміздің гидроэнергетикалық әлеуетін арттыру мақсатында 2023 жылғы 1 шілдеге дейін пайдалануға берілген, жиынтық қуаты 10 мегаваттан аспайтын шағын гидроэлектр станцияларының (бұдан әрі – ШГЭС) өндірген электр энергиясын жабдықтаушы ұйымдарға тікелей, яғни бірыңғай сатып алушының қызметіне жүгінбей өткізуге рұқсат етіледі.
ШГЭС өндірген электр қуатын энергиямен жабдықтаушы ұйымдар Энергетика министрлігі белгілеген шекті тариф бойынша басым тәртіппен сатып алады. Тариф әр жеті жыл сайын қайта бекітіліп отырады.
Сонымен қатар Заңда отынның баламалы түрі ретінде газды пайдалана отырып, энергия өндіретін қондырғылар салу арқылы бұрынғы электр станцияларын жаңғыртуға, реконструкциялауға және/немесе кеңейтуге арналған инвестициялық келісімдер жасау шарттары түзетілді.
Бұдан бөлек, коммуналдық меншіктегі өңірлік электр желілік компанияларға электр желілерін салуға, реконструкциялауға және жаңғыртуға бюджет есебінен кредит беру тәртібі енгізіледі.
Кредит беру қағидаларын Энергетика министрлігі Қаржы министрлігімен келісе отырып бекітеді.
Заңның мәтіні баспасөзде жарияланады.