Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»
Талқылау барысында салық салушы орган өкілдері, түрлі бизнес иелері мен сарапшылар қолданыстағы салық заңының жаңа жобада ескерілуге тиіс тиімсіз тұстарын айтып, өз ұсыныстарын білдірді. Расында, қолданыстағы Салық кодексі шағын және орта бизнес үшін қолайлы болмай тұр. Экономиканың негізгі қозғаушы күші орта бизнес десек, оның дамуы көп жағдайда салық ауыртпалығына байланысты екені белгілі. Қолданыстағы кодекс бойынша кәсіпкерлердің төлейтін салығы түрлі алымдар мен төлемдер арқылы 36%-дан асқан. Салықтың көптігі жеке кәсіпкерлерді заңды айналып өтуге итермелейді. Жұмысшыларды ресми түрде жұмысқа қабылдау кәсіпкерлер үшін тиімсіз. Жұмысқа заңды түрде қабылдағанмен, екі бухгалтерлік есеп жүргізіп, жұмысшылардың еңбегін ең төменгі жалақымен ұсынып, келіскен жалақыны салық салушылардан «тығып» беруге мәжбүр. Өйткені салық бойынша төлемдердің 8 түрі, жалақы мөлшерінен 40%-ға дейін бюджетке және бюджеттен тыс қорларға төлеу бизнесті шығынға ұшыратады.
Егер кәсіпкердің жұмысы жүріп, айналымы 20 000 айлық есептік көрсеткіштен (АЕК) – 73 840 000 теңгеден асып кетсе, онда қосымша құн салығына тіркеу және салықтың қосымша 12%-ын төлеу міндеті туындайды. Дивидендтерге салынатын жеке табыс салығы – 10%, яғни жылына 30 000 АЕК-тен жоғары деген сөз.
Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен салық мөлшерін кем дегенде 20%-ға қысқарту ұсынылған. Бұдан өзге, бірыңғай жер салығын салықтың жеке түрі ретінде алып тастау, алымдардың 6 түрін және мемлекеттік баждың 5 түрін қысқарту, зейнетақы төлемдерін жеке табыс салығынан босату да қарастырылған.
«Жаңа заң жобасы бойынша жалпы халықтық декларациялау туралы қоғамның пікірі әртүрлі. Мұнда мемлекеттік кірістер көлеңкелі бизнесті анықтауға, лауазымды тұлғалардың заңсыз баюын бақылай отырып, сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендетуге мүмкіндік беретініне сенеді. Декларация тапсыру – әрбір салық төлеушінің жеке мүлкі, табысы туралы есебі. 270.00 нысаны бойынша рәсімделетін декларацияда әрбір жеке тұлғаның барлық мүлкі, соның ішінде, мысалы, авторлық құқық объектілері, бағалы қағаздар және 10 000 АЕК-ке дейінгі, яғни 36 920 000 теңге қолма-қол ақшасы жазылады. Сонымен қатар 1000 АЕК-тен асатын асыл тұқымды малыңызды да қалауыңыз бойынша декларацияда көрсете аласыз. Мемлекеттік кірістер комитеті құны 1000 АЕК-тен асатын қымбат сыйлықтар, мәселен, ақша, пәтер мен автокөліктер декларацияда өтеусіз алынған мүлік ретінде көрсетіледі. Егер сыйлықтар жеке тұлғалардан алынса, бизнес үшін болмаса, онда оларға салық салынбайды», деп түсіндірді Максим Барышев «Respublica» партиясының ұйымдастыруымен өткен жиында.
«Josiny» әйелдер аяқкиімі желісінің иесі Жомарт Есімбековтің айтуынша, бөлшек сауда кәсібінде әйелдер аяқкиімінің 15 дүкені бар. Бүгінде салықты көп төлей бастаған.
«Тауар айналымы өсті, пайыздық мөлшерлеме жоғары. Соңғы екі жылда қосымша 8 жаңа дүкен ашылды. Шекті 2,2 миллиард теңгеге дейін көтеру маған 3 жеке кәсіпкер мен 1 ЖШС-ны жоюға көмектесті. Қазір барлық қызметпен бір компания айналысады. Бұл дүкендер арасында тауарларды тасымалдау, қызметкерлерді жалдау және жұмыстан шығару сияқты бизнес-үдерістерді жеңілдетіп отыр. Бірыңғай бухгалтерлік есеп жүйесін (1С) енгіздік, бұл біздің тиімділігімізді айтарлықтай арттырды. Бөлшек сауда салығы қызметкерлердің жалақысын ескеріп, салық жүктемесін азайтты. Соның арқасында штат 50%-ға ұлғайтылды. Бөлшек саудаға салынатын салық менің табысымда басты рөл атқарып, бизнесті өсіруге әрі дамытуға мүмкіндік беріп отыр. Ал шекті 500 миллион теңгеге дейін төмендету соңғы бір жылда белсенді динамика көрсеткен франчайзинг нарығына тағы қауіп төндіріп, ел экономикасына, отандық брендтердің имиджіне және сыртқы инвесторларды тартуға кері әсерін тигізеді. Мемлекет кәсіпкерлердің пікірін ескеріп, бизнесті одан әрі дамытуға, экономиканы нығайтуға ықпал ететін шешімдер қабылдайды деп сенемін», дейді.
Өзін-өзі реттейтін қоғамдық тамақтандыру қауымдастығының төрайымы Вероника Нұрпейісованың айтуынша, елімізде 78 мың қоғамдық тамақтану орны бар, оның 60%-ы дәмхана, бар мен мейрамханалар, бұл шамамен – 46 800 мекеме. Әрбір тамақтану орнының орташа айлық айналымы – 20 миллион, жыл сайын 240 миллион теңгені құрайды. Кәсіпкердің кез келген қалада осындай 5 орны болса, жалпы жылдық тауар айналымы 1,2 млрд теңге болмақ. Онда орташа есеппен 40 адам екі ауысымда жұмыс істейді. Бұл жерде қаржылық көрсеткіштерге назар аударсақ, тауар құнының айналымы – 35%, мекемені ұстауға кететін шығын – 40%, жалдау ақысы, коммуналдық қызмет, эквайринг пен салықты қоса алғанда үстеме шығыстар – 20%. Барлық шығыннан кейін қалған таза пайда шамамен 5% болады. Осылайша, қоғамдық тамақтану нысаны иесінің таза табысы жылына шамамен 12 миллион теңге, айына 1 миллион теңгені құрап отыр.
Қоғамдық тамақтану орындарының пандемиядан бері қордаланған көп қарызы бар. Пандемия басталғанда қоғамдық тамақтандыру нысандарының жалпы берешегі 1 триллион теңгені құраған. Қазір 500 млрд теңге шамасында. Бөлшек сауда салығын енгізудің арқасында кәсіпкерлер өз қарыздарын кезең-кезеңімен өтей бастады. Қоғамның жан-жақты талқылауын талап ететін жаңа салық жобасынан, бірінші кезекте орта бизнес өкілдерінің күтері көп.