Руханият • 20 Маусым, 2024

«Америка дауысын» шулатқан қаламгер

176 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Қазіргі кезде сатира сардарының бірі саналатын Берік Садырдың әзіл-оспақ аулына ат басын бұруы бекер емес. Әрідегі атасы Сүйіндік – үндемей отырып, ыңғайына қарай тауып айтып, тиіскенін сөзбен сүйкеп кеп жіберетін кісі болыпты. Ел арасында «Сүйіндіктің сүйкемесінен сақтан» деген тіркес кеңінен тараған екен. Бекеңе де «сүйкеп» айту сүйегіне біткен көрінеді.

«Америка дауысын» шулатқан қаламгер

Әу бастан Бекең есепке жүйрік. Алу мен кө­бей­туді шемішкеше шағатыны соншалық, ол қасиеті кейіннен жауапты хатшы кезінде қаламақы есептейтін тұста көп септігін тигізген. Мектепті де математикадан өте үздік бітіріп, аудандық оқу бө­лімінің «Мақтау қағазын» да алған. Кәмелеттік аттес­татта таңбаланатын 7 емтиханның алтауынан «бес­тік» түсіп, қызық болғанда, қазақ тілі мен әде­биетінен «4» деген баға қонжиды. Жазуы да айдақ-сайдақ... Оныншыны бітіре сала «мақтау» қағазы­ның демеуімен «нар тәуекел» деп, ҚазПИ-дің матема­ти­ка факультетіне құжат тапсырған. Емтиханнан тәуір бағалар алса да, конкурста жолы болмады. Еңбек ­өтілі болмаған соң, өкіметке деген өкпесі қара қазан­дай күйде аулына қайта оралды. Бір жыл кеңшар­дың қара жұмысына жегіліп, келер жылы әкесінің «енді қайтесің?» дегеніне «өзіңіз апарыңыз» дегеннен ­бас­қа амалы да жоқ еді... Еңбек өтілінің есебі бөлек болатынын алдын ала сезді ме, кім білсін?..

Әкесінің де күткені сол екен... Әкімқожа он перзентінің ішінен филологияны таңдайтын, мұға­лімдік жолын жалғайтын бір баласының болғанын қалайтын. Өйткені басқа балаларының барлығы әдебиеттің аулынан алыс мамандықты таңдаған. Бекең сөйтіп ҚазМУ-дың филология факультетіне «сүңгіді де» кетті...

Бесжылдық ілім-білімнің қыр-сырына әбден қа­ныққан Бекең университетті тәмамдап, өсіп-өнген «Қызылшекара» аулына тікелей тартты. Мұғалім болып оқыған-тоқығанын шәкірттеріне үйретіп бақ­ты. Бір жылдан соң Әкімқожа ақсақал Алматыға та­бан тіреді. Қаланың қақ ортасынан соғыс ардагері ре­тін­де пәтерге қол жеткізді. Әйтсе де КазГУ-дың дип­ломы бар Бекеңе оңайлықпен жұмыс табыла қоймады. ­Ол заманда, өткен ғасырдың 80-жылдары Алматы­дағы қазақ мектебінің саны бір қолдың саусағына ­да жетпейтін еді ғой. Қазақ тілі мен әдебиеті дегені­ңіз орыс мектебінде оқытылмайды да. Амал жоқ, біл­дей мұғалім «кочегар» сияқты тапшы мамандыққа ­бел шеше кіріскен. Кешке қарай үйге әрең жетіп, сүрі­ніп жығылатын жұмыс.

«Жақсы әке балаға қырық жылға азық» дегендей, ақыры әкесінің арқасында «Лениншіл жастың» корректорлық ортасынан бір-ақ шықты. Көп өтпей бір табан ілгерілеп, секретариаттың макетшілігіне ауысты. Секретариатта мүйізі қарағайдай журналистер Қасым Әзімхан, Ертай Айғали, Сапарбай Парманқұлдармен бірге қанаттаса жұмыс істеді. Секретариатта секеңдеп жүре алмайсың, макет жүргізумен қатар мақала жазуға да уақыт табу керек. Құрғақ ақпараттан, көлемді мақаладан гөрі бұның қаламы қысқа да нұсқа әзіл-қалжыңға қарай ойыса берген. Қанда бар дүние қоймайды екен, «Сүйіндіктің сүйкемесі» Әкімқожаның ұлына да жұғысты болғандай.

Ойда жүріп, қырда жүріп мидың қатпарында «пісіп-жетілген» әзіл атаулыны имене «Қазақ әдебиеті» газетіне жөнелтіп кеп жіберген. Көп өтпей жариялана қалмасы барма... Сөйтіп, аудан, облыстық басылымда әңгімесі басылып көрмеген Бекеңнің алғашқы сатиралық дүниесі басқа емес, Жазушылар одағының органы «Қазақ әдебиеті» газетінде (22 ақпан, 1980 жыл) жарқ ете қалды.

«Қолпаш» атты әңгіменің айтары – өзі куә болған оқиға. Ауыл мұғалімі басынан кешкенін баяндайды. Бір күні ұстаз атаулы абыр-сабыр, «Басекең кетті... шығарып салайық!..» деп мектепті жалғыз мұғалімге табыстап ізім-қайым тайып тұрған... Мұғалімнің ойына келгені: «Басекең марқұм болып... барлығы соны шығарып салуға кеткен екен-ау...» Кейін білсе, басекеңнің (кеңшар директоры) қызметі ауданға ауы­сып, ел-жұрты сол кісінің көшін «шығарып салуға» жөңкіген екен... Бұдан артық қолпаштау болар ма?

Тырнақалды туындыдан кейін сол жылы қалам­герлер басылымында үш білдей әңгімесі жарық көріп, Берік Садырдың сатираға біржола ден қоюына сеп болғаны. Осылайша, ол әзіл-оспақ отауы бар газет-журналдарды жағалап, уытты тілмен қоғамның көлеңкелі тұстарын шенеуге белсене кіріскен. Тілінің тікенегі барын байқаған атақты сатирик Оспанхан Әубәкіров «Лениншіл жас» газетінде:

«Бала кезімде бір жырау қарияның өлеңін естіп едім. Былай дейді:

«Сәлем берген ініні – жаным десе болады,

Шөлдеп ішкен сусынды – балым десе болады,

Инабатты қыздарды – сәнім десе болады,

Ерін күткен әйелді – ханым десе болады».

Сол қария айтқандай – сәлемін күткен, қағазын күткен, қаламын күткен, қалжыңбасын күткен, қазағын күткен қалжыңбас балаға ризамын.

Баланың мұрты бар, баяғы барымташыларға ұқсайтын тұрқы бар, Нарынқол деген жұрты бар, сықақшы болатын сұрқы бар. Болсын.

Жоғарыдағы қарияның сөзіндей – қаламын, қағазын қатты күтетін бала екен. Қағазың да, қала­мың да Құлагердей жүйрік болсын. Құлагер секілді алдыңнан «ағаларың» шықпасын. Айтқаным келсін. Әңгімелері сөзімнің соңында», деп батасын беріп, «Мінсіз қызмет...» әңгімесіне «Лениншіл жас» газетіндегі сатиралық отау «Сүзеген сөздің» бас бәйгесін бұйыртыпты.

Әулиелігі десеңіз өзіңіз біліңіз, сатира сардары Оспанханның сол батасы қабыл болып, Берік Әкімқожаұлы көп ұзамай сатирик санатындағы тұңғыш шығармасын жариялаған «Қазақ әдебиеті» газетінен бір-ақ шықты. «Сүйкемесі» бар қаламгер қарап жүре ме? Социалистік қоғамның көлеңкелі тұсын, өтірік ақпармен орындалған жоспарды, «жоқты бардай, ақсақты тыңдай етіп» көрсеткен шенеуніктерді сын садағына алмаса сатирик бола ма?

Бір күні «Қазақ әдебиеті» газетінің «Қожана­сыр қоржыны» атты сатира бетіне Берік Садырдың «­Кезек оныкі...» деген шағын бір әңгімесі жариялан­ған («Қазақ әдебиеті», 11 қаңтар, 1983 жыл). Онда жүр­гелі тұрған пойыз маңындағы екі адамның әңгі­месі арқылы «Ленин» орденін алған аңғал шопан­ның әрекеті әшкереленген. Озат шопан ағынан жа­рылыпты, «қойы аралас» Әлекеңдей ағайынның көмегі арқасында жетістікке жеткенін, орден алуында соның да үлесі бар екенін айтады. «Келесі орден алу кезегі соныкі» деп түйіндейді орденді шопан сөзін.

Туындыны газеттің оқырман­дары ғана оқыса жарады ғой, масқара болғанда әңгіменің әу-жайы мұхиттың арғы бетіндегі алпауыт АҚШ жұртына да мәлім болған. «Голос Америки» радиосы жерден жеті қоян тапқандай қуанып, Берік Садырдың сатиралық әңгімесін іле-шала аударып, эфирден беріп кеп жібереді. Төрткүл дүниеге жар салған америкалықтардың сондағы айтпағы: «КСРО-дағы «Ленин» ордені осындай жолмен беріледі екен» деп, тобықтан қаққан сыңай танытыпты. «Америка дауысын» күндіз-түні кірпік қақпай бақылап отыратын КСРО қауіпсіздік қызметінің кісілері мұндайды қалт жібере ме, мұхиттың арғы беті­нен шыққан «дауыстың» екпіні Алматыға бір-ақ жетіпті. «Мәселенің анық-қанығы анықталсын, рас болса – әңгіме авторы, газет басшылары жазалансын» деген бұйрық келіпті Мәскеуден.

Сатирик Садырдың ұрпағында зәре қалмаған. «Қап, ит ай, ә, бұл әңгімені қайдан ғана жазып едім... Анда отырған әшейіндегі қырағы көздер қайда қараған?» деп әбден әбігерге түсті дейсің.

Құдай сақтап, әйтеуір жазадан аман қалды. Ақылдылардың айтуынша, «сатирикті жазалайтын болса, «Американың дауысы» бұрынғыдан да қаттырақ шығатын көрінеді. «Өткенде біз сөз еткен сатирикті кеңес өкіметі қуғындап, көк есекке теріс мінгізіпті» деп одан сайын ұшындыра түспекші. Одан гөрі ештеңе болмағандай, қазанды жабулы күйінде қалдырған дұрыс» деп шешіпті. Америка радиостансасының архивінде сатирик Берік Садырдың әңгімесі тілге тиек болған хабар әлі күнге дейін сақтаулы да болар. Қалай болғанда да, бұл қысқа әңгімесімен ЦК-ны селкілдетіп, «жұмақ жүйенің» осал тұсын әшкерелеген сатирик шығармашылығындағы есте қаларлық ерекше оқиға екендігі сөзсіз.

«Сегіз ұлым – бір төбе, Ер Төстігім – бір төбе» демекші, Бекең әкесінің сенімін ақтауға барын салды. Әкесі сияқты мұғалім болмағанымен, қазақ әдебиетіне қатысты шаруаның басы-қасында жүрді. Алғашқы перзенттік парызы – ұстаз Әкімқожаның еңбегінен қалың жұртшылықты мейлінше хабардар етті.

Әкімқожа – ҚазПИ-дің тіл-әдебиет факультетін 1939 жылы бітіріп, студент кезінен әдеби сын мақа­лалар жазып, онысы соғысқа аттанғанша газет-журналдарда жарияланып, ұлы Мұхтар Әуезов назар салған шәкірт болған кісі... Майданда жарақат алып, шығармашылықпен шұғылдану мүмкін болмай, амалсыз елге оралып, мұғалімдікпен айналысуына тура келген. Ұстаз Әкімқожаның алдын көрген шәкірттерінің әрқайсысы кейін қазақ әдебиеті мен ғылымының темірқазық тұлғаларына айналған. Бер­дібек Соқпақбаев, Мұқағали Мақатаев, Тел­ғожа Жанұзақов, Тұрсынжан Шапаевсыз қазір қазақ әдебиетін, ғылымын елестету мүмкін емес. Осын­дай тұлғаларды қазақ тілі мен әдебиетінің қазына­сы­н молайтуға қызықтырған ұстаздың пайым-парасаты да осал болмағаны ғой. Бекең алдымен ұлы жазушы Мұхтар Әуезов туралы әкесінің естеліктерін жария­лады, ­артында қалған мұрасын қаттап, жарыққа шығар­ды. Әкімқожа ақсақал да әдебиет әлеміне қадам бас­қан қаламгер баласының 1987 жылы «Жалын» баспа­сынан «Не десем екен!?» атты тұңғыш кітабын көріп, риза екенін айтып, батасын берді.

Бекең «Қазақ әдебиеті» газетінен соң, елі­міздегі жалғыз сатиралық «Ара» журналында шығар­ма­шылығын шыңдап, сатираның төл қазанында қайнады. «Тамаша», «Бауыржан-шоу» сатира­лық театрларында редакторлық қызмет атқарды. «Егемен Қазақстан» газетінде ширек ғасыр уақыт бойы әзіл-оспақ, сын-сықақ «Сөз сойыл» бұрышын жүр­гізіп, күлкі жанрының көркеюіне септігін тигіз­ген сатириктерді Балғабек Қыдырбекұлы атын­дағы сый­лық арқылы ынталандыруға үлес қосты. Сатиралық әңгімені де өндірте жазды. «Қосымша ми», «Біз өсек айтпаймыз», «Ойсоқты», «Ойхой, өмір» атты шығармалары күлкі сүйер қауымның ықыласпен оқитын туындысына айналды. Аударма саласына да атсалысып, шетел сатириктерінің «Әлем әзіл әңгімелері» атты кітабын оқырманға ұсынды. Сондай-ақ әлемге әйгілі тұлғалар мен қазақ қайраткерлерінің тапқыр сөздерінің басын құрап «Бірде...», оған қоса «Ауылдың айтқыштары», «Ауыл әзілдері» атты қос жинақты қалың көпшілікке тарту етті.

Айтпақшы, сатирик бұрынғы жазғандарын қайта сараптаудан әсте жалыққан емес. Зейнетке шық­қаннан соң, барлық жазған сатиралық әңгіме­лерін қайта сараптап, 93 әңгімесін «барсакел­меске» аттандырып, жарамдыларын арнайы дәп­терге тізімдеген. Соңғысының ұзын саны 575 болыпты. ­Ал аударманың саны 360 әңгімені құрапты. Еңбек­қор­лық емей немене!

«Алаш» халықаралық әдеби сыйлығының лауреаты Берік Әкімқожаұлы ана бір жылы ел аузында Қожанасырдың туған жері саналатын Түркия­ның Ақшехиріне барып, шаһар жұртының күлкі әлеміне қатысы жайында жан-жақты баяндаған. Ендігі мақ­саты – Болгарияның Габрово қаласына бару. Габрово да күлкіні ерекше бағалайтын, қағытпа қалжың­дары кісі өлтіретіндей тұрғындар қаласы екен. Бұл күндері жас жағынан жетпіс атты желкенді көтеріп, «Бүгінгі сатира» айдарын желдей есіп келе жатқан «Егеменнің» ардагері Берік Садырға жоғарыдағы мақсатың орындалсын дейміз-дағы.