
Жақында қара шаңырақ Қарсақбайда болғанымызда, өлкетанушы Тоңболат Мұханұлымен кездесудің сәті түсті. Ол өлкенің кешегісін де, бүгінін де жақсы білетін, Қарсақбайға қандай қонақ келеді, солардың бәрімен дидарласып, әңгіме-дүкен құруға ынтық кісі. Сол жолы ол кісіден біз де бір керемет әңгіме естідік.
«2023 жылы Қарсақбайға Әлкей Марғұланның қызы, халықаралық Ә.Марғұлан қорының вице-президенті Дәнел Марғұлан және Зейін Сәтбаевтың шөбересі, саяси ғылымдар докторы, философия, саясаттану және дінтану институтының жетекші ғылыми қызметкері Әділ Жүнісов келді. Ұлылардың ұрпағын құрақ ұша қарсы алдық, жақсы-жақсы әңгіме-сырға қанықтық. Маған, әсіресе Әділдің әңгімесі өте қатты әсер етті», деген Тоңболат аға бізге сол әңгімені әдемілеп отырып жеткізді.
«Оразай аға Шәмшиябану апамыз өмірден өткен соң, оның рухын аялаумен, ардақтаумен өтті. Бір күні үйіне барсам, аға үйдегі заттарды ақтарып әлдене іздестіріп жатыр екен. Мен «Аға, не іздестіріп жүрсіз? Мүмкін мен білетін шығармын», деп едім, ол кісі «Шәмшиябанудың шашы бар еді, сақтап жүретінмін, соны таба алмай жатқаным», деді. Ал мен бұл жағдайдан хабардар едім. Оразай аға бірде үйдегі құмыралардың ішінен ақ шүберекке оралған шашты алып шығып көрсеткен болатын. Сосын оның тарихын айтқан еді. Шәмшиябану апамыз кезінде шашын қидырғанда, қиылған шашты шаштаразға тастап кетпей, үйіне алып келіп сақтап қойған көрінеді. Апай дүниеден өткен соң, Оразай аға сағынышын басу үшін шүберекке оралған шашты алып, бір мезгіл иіскеп отырады екен. Мен бір барғанымда сондай сәттің үстінен түскенмін. Сонда аға маған: «Ертең мен дүниеден өткенде ата-бабамның жатқан жеріне, Қарсақбайдағы қорымға барамын. Бірақ Шәмшиябанудың мынау шашын да менімен бірге жерлеңдер» деп, қолындағы ақ шүберекті құмыраның ішіне салған еді. Шамасы, соны есінен шығарып алса керек. Мен дереу тауып бердім. Сонда аға маған: «Дұрыс болды ғой, Енді мұны көрінетін, кейін өзің қиналмай тауып алатын жерге апарып қой» деп тапсырды. Ағаны Қарсақбайдағы қорымға әкеліп жерлегенде апайдың ақ шүберекке оралған шашын да бірге көмген болатынбыз». Тоңболат ағаның Әділ Жүнісовтен естіген әңгімесі осы.
Оразай Батырбеков көптеген жыл бойы партия қызметінде болған, Алматы партия мектебін он үш жыл басқарған азамат еді. Қаныш Сәтбаевтың күйеу баласы болу бақыты бұйырған Орекең де текті тұқымның тұяғы болатын. Туған жердің төсінде тыныстауды ұйғарғаны да сол тектіліктің бір белгісі десе болғандай. Ал Қаныш атамыздың қызы Шәмшиябану апамыздың қиылған шашын шаштаразда қалдырып кетпей, үйіне әкеліп сақтап қойғаны да, керемет емес пе?
Әдетте ерлі-зайыптылар о дүниеде де қатар жатқанды қалайды. Сонымен бірге ата-баба қорымы, кіндік қаны тамған топырақта мәңгілік жай табу дейтін қастерлі түсініктер де бар. Оразай ағамыз сол екеуін қалай қиюластыра білген десеңізші! Ол адал жарының бұрымын жанына алып, ата-бабалары жатқан топыраққа келіп мәңгілікке жай тапты.
Ұлытау облысы,
Қарсақбай кенті