- F тобының алғашқы турын бастаған Түркия мен Грузия құрамалары арасындағы тартыс Дортмунд қаласындағы «Сигнал Идуна Парк» стадионында өтті. Матч алдында екі құраманың қызуқанды жанкүйерлері жаға жыртысып, жұдырық сілтесіп те алды. Қала аспанын торлап, жөңкіле көшкен бұлт бүркіп жаңбыр да толассыз жауып тұрды. Табиғаттың тосын мінезі де, жанкүйерлердің текетіресі де тартысты матчтың өтуіне кедергі бола алмады.
Сөз жоқ, ойында таразының ауыр басы Түркия құрамасына қарай қисаятыны белгілі еді. Олар Еуропа чемпионатына алтыншы мәрте ат байлап отыр. 2008 жылы жартылай финалға дейін жетіп, қола жүлде олжалағаны тағы бар. Осындай өлшемге салған жауырыншылар Түркия құрамасының жеңісіне шүбәсіз сенді.
Ойынның 25-минутында Мерт Мөлдір есеп ашып, Түркия құрамасын алға шығарған. 32-минутта Жорж Микаутадзе есепті теңестірді. Грузия футболының тарихына есімін қашаған Микаутадзе осылайша Еуропа чемпионатында тұңғыш гол соққан футболшы атанды. Екінші таймда сұғына шабуылдап, еміне ентелеген түріктер дегеніне жетіп тоқтады. Түркияның Мессиі деген мадаққа ие 19 жастағы Арда Гүлер 65-минутта алыстан шірене тартып, Гиорги Мамардашвилиді сан соқтырып кетті. Аргентиналық төреші Факундо Тельо негізгі уақытқа 6 минут қосқан. Грузиндер таразы басын теңестіруге тайлы-таяғымен шабуылдады. Тіпті соңғы шабуылға қақпашы Мамардашвилидің өзі де келген еді. Түріктердің тас қамал қорғанысы тойтарыс берді. Қарымта шабуылда ала допты алдына салып анталай ұмтылған Керем Ақтүрікоғлы иесіз қалған қақпаға үшінші голды тоғытты. Есеп – 3:1. Осылайша, түріктер Еуропа чемпионатының топтық кезеңінен шығудың қадамын сәтті бастады. 2021 жылы өткен Еуропа чемпионатының топтық кезеңінде өткізген үш матчтың барлығында ойсырай ұтылған түрік футболшылары жеңіске сусап келгендігін көрсетті.
- Осы топтағы кезекті тартыс Лейпциг қаласында өрбіді. 2016 жылы Еуропа чемпионы атанған Португалия құрамасы Чехия ұлттық құрамасын 2:1 есебімен ұтты. Матчтың аутсайдері саналған Чехия футболшылары қырықтан асқан Пепе, оған тете Роналду (39 жаста) бастаған кәрі тарландардың қыспағына төтеп берді. Тіпті тең дәрежеде тартысты деуге де болады. Еуропа чемпионатының дуын 19 жасынан бері көріп келе жатқан Криштиану Роналду алтыншы мәрте аламанға қосылып отыр. 2004 жылы 19 жасында Еуропа чемпионатының күміс жүлдесін, 2012 жылы қола медалін олжалады. 2016 жылы Португалия құрамасының капитаны ретінде алаңға жігіттерді бастап шыққан Роналду Еуропа чемпионы атанды. Дегенмен де аңыз футболшының шау тартып қалғаны шабан қимылынан аңғарылып-ақ тұрды. Әйтпесе, Португалия футболының тарихында Еуропа чемпионатына ең көп қатысқан (25 матч), құрлық біріншілігінің ең үздік сұрмергені (14 гол) атанған саңлақтың гол соғатын мүмкіндігі болды. 7-минутта әуелеп жеткен пасты басымен бұруға талпынғанымен, иығына тиіп, қиыс кетті. Одан кейін де бірнеше мүмкіндігін мүлт жіберіп алды.
Чех футболшылары жұлдызды құраманың даңқынан да, дақпыртынан да ыққан жоқ. Тіпті есепті қонақтар ашты. 62-минутта Провод гол соғып Чехия құрамасы алға озған. 2023 жылы Португалия ұлттық құрамасының бас бапкері лауазымына тағайындалған Роберто Мартинес алаң жиегінде әбден дегбірі қашты. 69-минутта Португалия құрамасының шабуылы сәтті аяқталды. Әуелеп жеткен пасты Нуну Мендеш маңдайымен сүзе Чехия қақпашысы Ийндрих Штанекке бағыттаған. Қақпашы қауіпті шабуылдың бетін тойтарып, допты қаққанымен, орталық қорғаушы Робин Граначтың аяғына тиіп автогол тіркелді. Биылғы Еуропа чемпионатының алғашқы турында автогол жиі соғылды. Матчтағы жеңісті голды негізгі уақытқа бас төреші үстеген қосымша минутта соғылды. Кезекті шабуылды голға ұластырған – Франсишку Консейсау. 21 жастағы саңлақ өмір дерегіне Еуропа чемпионатында соққан алғашқы голын жазды. Консейсау – «Порту» клубының шабуылшысы. Бұл клубты Франсишкудің әкесі Сержиу Консейсау баптайды. 2000 жылы өткен Еуропа чемпионатында жасындай жарқылдап, Германия құрамасына 3 гол тоғытқан да осы Серижу Консейау еді. Әкесінің тәліміндегі саңлақ алаңға 90-минутта шыққанына қарамастан «алтын кездік қап түбінде жатпайтынын» көрсетті. Еуропа чемпионатында әкесі де, баласы да ойнап қана қоймай гол соққан саңлақтар тым сирек.
Португалия құрамасы – Еуропа чемпионатының кубогін иеленуден үмітті команданың бірі. Криштиану Роналду спорттық мансабындағы соңғы құрлық біріншілігін көңілді нотада аяқтағысы келетіні белгілі.
Кеше Еуропа чемпионатының екінші тур ойындары өтті. В тобында Хорватия құрамасы Албанияға қарсы ойнаса, А тобында Германия – Мажарстан, Шотландия – Швейцария тартысқа түсті.