Жәдігер • 21 Маусым, 2024

Тайваньнан табылған құнды олжа

3583 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

Биыл көктемде Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті, Еуразия ғылыми-зерттеу инс­титуты және Қазақстан Орталық мемлекеттік архивінің бір топ қызметкері «Орталық Азияның тарихи географиясы» ғылыми бағдарламасы мен «Архив-2025» мем­лекеттік жобасы аясында Тай­ваньға іссапармен барып, Тайбей қаласындағы Гугун Ұлттық сарай музейі мен өзге де архивтерде жұмыс істеді.

Тайваньнан табылған құнды олжа

Ғылыми іссапардың мақсаты – Тайваньның ұлттық музей және архив қорларынан қазақ тарихына қатысты тарихи деректер мен құжаттарды іздестіру, анықтау және электронды көшірмесін алу. Сон­дықтан да іссапарға барған топ мү­шелері шағатай, көне қы­тай, қы­тай және ағылшын, араб жазуын­­дағы қадым қазақ тілдерін жетік білген зерттеушілерден жасақталды.

Тайваньға барған зерттеу тобы Тай­бейде жиі орын алған 5-6 бал­дық жер сілкінісіне қара­мас­тан, табысты жұ­мыс істеп, елге олжалы оралды. Дәлі­рек айтқанда, Тайваньның ұлттық музей және архив қорларынан XVII-XIX ғасырлардағы қазақ даласының саяси, әлеуметтік-экономикалық, рухани-мәдени тарихы туралы, яғни Қазақ хан­дығы мен Цин им­периясының қарым-қаты­насы, Қазақ елі шекарасының қалып­­тасуы, шекарадағы ру-тайпа­­лардың қо­ныстануы мен әр кезең­дегі көші-қон тарихына қатыс­ты бі­регей материалдар мен құжат­тарды тауып, электронды көшір­месін әкелді. Бұл мақалада Тай­вань архивінен табылған құнды архив құжаттарының біреуіне түсіндірме жасай отырып, оның араб жазуынан аудармасын ел назарына ұсынуды жөн көрдік.

в

Тайвань Сыртқы істер министрлігінің архивінде сақталған no. 910000126
құжат: «Қытай мен Ресей арасындағы қазақтардың юрисдикциясы туралы шарт» (бір фрагменті)

Белгілі себептерге байланысты Қы­тай архивтері зерттеушілердің қо­лына бермейтін аса құнды тарихи құжат­тардың табу мүмкіндігін ескерген зерттеу тобы бірінші кезекте Тайвань Сыртқы істер министрлігінің архивіне бас сұқты. Өйткені 1861 жылы құрылған Цин әу­летінің Цунли Ямень кеңсесі (Сыртқы істер кеңсесі) кезінен бастау алатын Тайвань Сыртқы істер министрлігінің архивтерінде көптеген құнды тарихи құжат сақталған. Мұнда келісімшарттар мен ережелерді қамтыған 3000-нан астам архив ісі, 615 шекаралық және жергілікті жерлердің карталары, 180 000 томнан астам басқа да құжат бар.

Аталған архивте Цин әулетінің Гуан­­сюй патшасы тұсында (1875-1909, қа­зақ­­тар осы патшаны Бадырғадұр деп ата­ған) Цин әулеті мен патшалық Ресей арасында жасалған келісімдердің түп­нұсқасы сақталған. Тайвань Сыртқы істер министрлігінің Тайбейдегі Гугун музейіне сеніп тапсырған Цин Сыртқы істер министрлігі архивтерінің арасында ұзақ уақыт бойы «қатаң құпия» мөрі басылған құжаттар ғылыми айналымға түспей келген. Тек 2001 жылы ғана Тай­вань Сыртқы істер министрлігі тарихи құжаттар архивін цифрлық форматқа көшіру жұмыстарын Гугун музейіне тапсырған. Осы архивтердің қорларында араб әрпімен көне қазақ тілінде жазылған аса құнды бес құжат табылды. Олар:

1) Қытай мен Ресей арасындағы мұсыл­­мандардың сауда және азаматтық істері туралы хаттамасы;

2) Қытай мен Ресей арасындағы Тар­бағатайдағы орыс көпестерінің сауда аймақтары туралы шарт;

3) Қытай мен Ресей арасындағы қа­зақтардың юрисдикциясы туралы шарт;

4) Қытай мен Ресей арасындағы Шәуе­шекті беру туралы келісім;

5) Қытай мен Ресей арасындағы Шәуе­шекте шекаралық тақталарды орнату туралы конвенция.

Бұл құжаттардың барлығы да XIX ға­сырдың 80-90 жылдарындағы Шәуешек келісіміне байланысты қазақтарға тікелей қатысты. Ең маңыздысы – осы құжаттар көне қазақ, ноғай (татарша), орыс, манжур, қытай тілдерінде хатталған. Табыл­ған құжаттардың мәтіндері сол кездегі Ресей империясының шекара істерінің ресми тілі – орыс тілімен қатар көне қазақ тілі болғанын айғақтап отыр. Құ­жат тілінің көне қазақша екендігі мәтінде анық жазылумен қатар, дау-дамай туын­дағанда қазақ тіліндегі нұсқасы негізге алынатыны арнайы атап көрсетілген.

Ресей мен Қытай арасында жасалған 1864 жылғы Шәуешек келісімінен кейін шығыстағы шекара мәселесінде шешімін таппаған көптеген мәселе қордаланып қалған. Соның бірі – ата-баба заманынан бері Барлық тауын мекендеген қазақтар мәселесі. Осы таудағы қазақтардың туыс-туғаны орысқа қараған шекарада қа­лып, шөбі шүйгін жерлерін тас­тап кеткісі келмеді. Осы себептен 1883 жылы қазанда Цин мен Ресей империялары арасында Барлық тауына қатысты «Тарбағатай оңтүстік-батыс шекаралық шарты» жасалады. Осы шарттың 4-бабында патшалық Ресейдің Барлық тауын жалға алу бойынша келесідей келісім жолдар бар:

па

Қазақтарға 10 жыл жалға берілген Барлық тауы (қызыл сызықтың іші, қазіргі Қытайға қарасты Шағантоғай ауданы мен Толы ауданының бір бөлігі)

«Бұрыннан бері Тарбағатайға қарас­ты және Барлық тауында өмір кешкен қазақтар Қытай шенеуніктерінің басқаруында болмаған, оларға салық төлемеген. Енді бұл шарт жасалған соң, Барлық тауы мен Тарбағатайдың басқа жерлері Цин патшалығына тиесілі болады, алайда осы аймақтағы қазақтарды Ресей жеріне көшіру қиыншылық тудырады. Сондықтан осы келісім жасалған күннен бастап Барлық тауындағы қазақтарға он жыл бойына Барлық тауын­да тұруға рұқсат етіледі, осы мерзім біткен соң, екі ел шенеуніктері арасында басқаша келісім болмаса, Барлық қазақтары Ресейге көшіріледі. Осы он жыл ішінде, қытай шенеуніктері қытай азаматтарын Барлық тауына көшірмейді, шекаралық қарауыл да құрмайды».

1884 жылдың желтоқсанында қол қойылған «Қытай мен Ресей арасындағы қазақтардың юрисдикциясы туралы шарттың» осы заманғы қазақшаға аударып шықтық. Бұл шартта Барлық тауы­н орысқа қараған қазақ еліне 10 жылға жалға беру туралы мазмұн мен Бар­лық қазақтарына қатысты әйгілі тарихи оқиға тіркелген. Шартта Бар­лық тауына қатысты жер аттары мен адам аттары кездеседі, мысалы, Еңсе Қаш­қынұлы – 1832 жылы Тарбағатайдың Терісайрық бойында дүниеге келген Жұмық елі тектілерінің бірі; Терісайрық – Тарбағатай ауданы, Шығыс Қазақстан облысындағы болыс; Маниту – Бақтының оңтүстігіндегі көне қарауыл; Қужак (мәтінде Қожака) – қазіргі Қытайға қарасты Шағантоғай ауданындағы Қусақ ауылы; Ямату – қазіргі Қытайға қарасты Толы ауданындағы Жа­маты ауылы, т.б. Қазақтар сол кездегі Цин мемлекетін Дай­цин (Ұлы Цин) деп атаған.

Осы шартта шала қазақтар туралы да айтылады. Олар Ресейден немесе Ор­талық Азияның басқа жерлерінен Қазақ даласына қоныс аударып, ата жағы татар немесе сарт, шеше жағы қазақ болған субэтнос немесе ата және шеше жағы татар не сарт, алайда шала қазақ мәртебесін алған кірме этнос. Олар патшалық Ресейдің әскерге алу, алым-салығынан құтылу үшін қазақ даласына қоныс аударғандар. Сол тұс­­та қазақтардан алым-салық алын­бай­тындықтан, қазақтардың әскери міндет өтеу борышы болмағандықтан, қазақ­тардың өзін-өзі билеу мәртебесі болғандықтан, сырттан келген мұндай этностық топтар шала қазақ мәртебесін алып, қазақ болған. Ол мәртебеге қол жеткізу үшін бір қазақ төресіне еріп, шала қазақтардың бір уәкілі Санкт-Петербургке барған. Орыс патшасы оларға арнаулы куәлік те берген. Шала қазақтар туралы алғашқы деректер XVII-XIX ғасырлардан бастап кездеседі. Ол заманда бұл атаумен орыс сарбаздарының, казактар мен қалмақтардың ұрпағын да атаған. Шала қазақтардың бірінші ұрпағы қазақ тілінде сөйлей білген болса, екінші ұрпағына үшін қазақ тілі ана тілге айналған. Сонымен бірге наймандардың қаракерей руының мәмбет елінің бір тармағы да шала қазақтар деп аталады.

«Қытай мен Ресей арасындағы қа­зақтардың юрисдикциясы туралы шарт» мәтіні:

«Ұлы Дайцин мемлекетінің Тар­бағатайдағы кәбе амбасы Си Луньға және Шәуешектің ежеку төресі Лю Куаньге; Ұлы Орыс мемлекетінің Тарбағатайдағы консулы Балқашиннен үкім еттік:

Кеңес басы, генерал Бабков және Фриде, үлкен Дайцин төресі Шэн Тай мен қол қойған уәденама бойынша, Ба­дырғадур патшаның тоғызыншы» жылы жетінші айдың оныншы күні яғни тоғы­зыншы айдың үшінші күні мемлекет арасын бөлу туралы төмендегідей шартқа қол қойды:

ф

Барлық тауы (В. Обручевтің 1905 жылғы Жоңғар картасынан алынды)

Бірінші, Дайцин бұқарасы деп білу керек: Тарбағатай облысында қалған, бұрын орысқа тиесілі Жайсаңға қарайтын Терісайрық елінің Байжігіт, Сайболат руы қазақтарының ел билеушінің кандидаты Еңсе Күшікбайұлына және старшындары Жиренше Жуанышұлына, Еңсе Қашқынұлына тиесілі 700 үйді, сондай-ақ әртүрлі елдерден Жайсаңға қараған 300 үйді, және Аягөзге қараған Еміл мен Барлық елінен дөртуыл, мәмбет, керей, туматай руларының старшындары Жаңқа, Қабақ, Ужакан басқарған 800 үйлі қазақтарды, жиыны 1800 үйді, Дайцин ұлықтары өз үкімдеріне реттеп, анықтап жазады. Егер бірнеше он үй артық немесе кем болса, ол үшін сөз айт­паймыз. Артығын Дайцин бұқарасы деу керек. Орыс бұқарасы деп білу керек: мың үйлі қазақтар найман, қожамбет, және басқа рулардан бұрын Дайцинге қарап, генерал Бабков пен Дайциннің үлкен төресі Шэн Тай мемлекет арасын бөлгенде, орыс жағында қалған сол қазақтарды орыс ұлықтары өз үкімдеріне реттеп, анықтап жазады. Егер бірнеше он үй артық немесе кем болса, ол үшін сөз айтпаймыз. Артығын орыс бұқарасы деу керек. Егер жаз­ғы тұрым орыс жерінен Дай­цин жеріне Байжігіт, Сайболат, Керей және басқа рулардан көшіп барып, әр уақытта Дайцин мемлекетінде қала­мыз десе, сол қазақтар туралы бөлек уағда етеміз. Бұл істен бас тарту керек: көшпелі қазақтарды үйрету үшін, өз ықтиярларымен бір мемлекеттен екінші мемлекетке көшпеуге.

Екінші, Ұлы Дайциннің (шекара бө­луші арнаулы ұлығы) төресі Шэн Тайдың белгілемесі бойынша, Бадырғадұрдың то­ғызыншы жылы тоғызыншы айдың үшін­ші күнінен бастап (3 қазан, 1883), Барлық, Еміл өзенінің оңтүстігіндегі жерлерді Орыс­қа қараған қазақтардың көшіп жүруіне 10 жылға жалға уақытша беріледі. Біздің жердің шеті белгілі болады: Қожакадегі 36-обадан, Майлы тауының солтүстік батысынан қытайдың өлшем бірлігі лимен санағанда Майлыға 10 ли жетпейді. Онан соң дала жолымен Яматуға таман саудагер жолына қытайдың өлшем бірлігі лимен санағанда 40 ли жетпейді. Яматудан Толыға жақын саудагер жолына қытайдың өлшем бір­лігі лимен санағанда 40 ли жетпейді. То­лыдан тура Аряамантуға дейін Хото-ио-иң е­гіндігіне жетпей, Арямантудан Ақсудың Емілдің құйғанынына дейін, Ақсудың құйғанынан Емілдің сол жаға­лауын жағалап 45-оба Манитуға дейін, осы жерлерді орыс ұлықтары қарайды. Соның ішінде әртүрлі қашқын, жаман ниетті адамдар және барымташылар жасырынып жүрмеуіне, орысқа қараған қазақтар тыныш өмір сүру үшін Тарбағатайдың кәбе амбасы Си Лунь өзіне керекті ағаштарды кесіп алуына болады. Орыстың ұлықтары мен қазақтар бұған бөгет жасамау керек. Орыс ұлықтары Барлықтың тыныштығын қарауға және қазақ істері туралы баруы үшін, мұнда орыс қазынасы есебінен қора және үйлер салынады. Бадырғадұрдың тоғызыншы жылы тоғызыншы күнінен бастап 10 жыл уақыт біткен соң, ол үй-қоралар жермен бірге Дай­цин үкіметіне қайтарылады.

Үшінші, егер орыс жерінде және Барлықта қашып жүрген Дайцинге қарасты жаман ниетті барымташылар болса, орыс ұлықтары әскермен ұс­тап, оларды Дайцин ұлықтарына тап­сырады. Егер Дайцинге қарасты жаман ниетті барымташылар қарсы­лық білдіріп, қашамын десе, ол уа­қытта орыс әскерлері оларды атады, және өлгеніне, жараланғанына арыз жүрмейді. Осылайша, Дайцин ұлықтары әскерлерін жіберіп Дайцин жерінде орысқа қарағандардан жаман ниетті барымташылар болса, ұстатып, орыс ұлық­тарына тапсырады. Егер орысқа қараған жаман ниетті барымташылар қарсыласып қашамын десе, ол уа­қытта Дайцин әскерлері оларды атады және өлгеніне, жараланғанына арыз жүрмейді. Егер орысқа немесе Дайцинге қараған барымташылардың әртүрлі мал ұрлығы немесе талағаны ұлықтарға мәлім болса, айыпты болса, сол мал иесін разы қылуға шамасы жетпесе, старшын елі мен зәңгі елі олар үшін құн төлейді. Егер старшын елі мен зәңгі елі төлеуге шамасы келмесе, болыс елі мен үкірдай елі төлейді. Осындай үкімді барымташыларға, оларды жауапқа тар­татын төресі арқылы орысқа және Дай­цинге қараған қазақтарға мәлім етейік.

Төртінші, орысқа және Дайцинге қараған қазақтардың әр түрлі істерін татулықпен бітіру үшін, жыл сайын күз маусымында сыяз болады. Сауырдың ар жағы Ұлыстыда, Аягөз маңайында, Айғыз, Тамда сияз өтеді. Осы сыяздарда қазақ істері, саудагерлер мен орысқа, Дайцинге қарағандардың ісі тыңдалады. Қазақ салты мен шариғат бойынша, Дайцин және орыс ұлықтары тыңдауға қатыспайды, тек сияздың тыныштығын бақылайды. Екі жақтың билері мен старшындары бірге жазып шыққан істерін Дайцин мен орыс ұлықтарына тапсырады. Бітпеген істерін келесі жылдың сиязына қалдырады. Егер біреу арыз қылып, екі жыл сиязға келмесе, сол істерді біткен деп есептейді. Сондай үкімді сияз төресі арқылы орыстың және Дайциннің қазақтарына мәлім етейік. Егер күздікүні сыяздан басқа сияз керек болса, ұлықтардың разылығы бойынша, басқа уақытта сияз ашу мүмкіншілігі бар.

Бесінші, орысқа қараған ноғай, сарт, шалақазақ және кірекештік ететін қазақ­тардың Дайцинге қараған жердің даласында малымен тұрушылар болса, консул мекемесі және Дайцин ұлықтары берген білеттері болу керек. Жалға алынған жердің жалдау ақысын Дайцин шенеуніктері белгіленген сома бойынша алады. Қазақтың жатақтары орыс жерінен Дайцинға қарағандарға қызмет ету үшін Дайцин жеріне барса және екі мемлекеттің қазақтары туысқандарымен көрісуге немесе жұмыс бабымен барса, оларда да билет болуы керек. Егер шынымен билетсіз кетіп және бұзақылық жасамаса, оларды жазаламау керек, олар туралы сөз айтпаймыз.

Алтыншы, жатақтар ұрлаған мал сатпау үшін, орысқа және Дайцинге қарағандар олардан сатып алғаны туралы Дайцин ұлықтарына мәлімдейді. Дайцинге қараған қазақ жатақтары үй салмайды. Сонымен қатар орысқа қарағандарға Шәуешекте жалға берген жердің маңайында қазақ киіз үйінде тұруына да рұқсат етілмейді.

Жетінші, егер қар қалыңдығынан, немесе шөп шықпағандықтан орысқа қараған қазақтар уақытымен Дайцин жеріне барамыз десе консул арқылы рұқ­сат алады. Консул Дайцин ұлықтарымен ақылдасып жалға алған жердің ақысын береді. Дайцин жеріне орыс жерінен барған қазақтар алымдарын өз старшындары арқылы консул мекемесіне төлейді.

Сегізінші, осы үкімді Дайцинше және қазақша алты бөлек қағазға жазу керек, бірі Бэйцзинге, бірі Петербургке жіберіледі, бірі ұлы генерал-губернатор Колпаковскийге жіберіледі, бірі кәбе амбан Си Луньда қалады, бірі Шәуешектің ежеку төресі Лю Куанда, және бірі консул мекемесінде қалады. Қазақша жазылды, соған инабат етіңіз (сеніңіз)».

Қорыта келгенде, Тайвань архивінен табылған осы бір құжат мазмұнынан сол кезеңдегі бөлініске түскен қазақ жерлерін мекен еткен қазақтармен екі үлкен империяның да санасқанын көруге болады. Құжатта «Қазақша жазылды, соған инабат (сеніңіз) етіңіз» деген тіркес осыны айғақтап тұрғандай. Құжаттың тілі қазіргі қазақ тілінен біраз ерекшелігі бар. Сондықтан біз оны «көне қазақ тілі» деп атауды жөн көрдік. Өйткені Абылай хан кезеңінен XX ғасырдың басына дейінгі қазақ құжаттары осы тілмен жазылып, дәстүрлі шағатай тілінен де ерекшеленіп, қазақ тілінің өзіндік фонетикалық және грамматикалық ерекшеліктері басым болды. Сонымен қатар қолданылған парсы-араб кірме сөздері негізінен жоқтың қасы. Бір сөзбен айтқанда, бұл құжаттың қазақ тарихы мен қазақ жазба тілінің тарихында алатын орны ерекше.

Осы орайда «Орталық Азияның тарихи географиясы» бағдарламасы мен «Архив-2025» мемлекеттік жобасы аясында елімізге осындай көптеген құнды құжат табылып, электронды кө­шірмелері әкелініп, олар қазақ тарихының «ақтаңдақ беттерін» ашып, төл тарихымызды тануға өлшеусіз үлес қосып жатқанын да айрықша айтқан жөн. Осыны ескеріп, ел үкіметі алдағы уақытта осындай ғылыми бағдарламалар мен жобаларға бөлінер қаржы көлемін ұлғайтса, ұлттық тарихымыз жаңғыра түсетініне сеніміміз мол.

 

Нұрлан Кенжеахмет,

Өмірбек Қанай,

Альбина Мұратбекова