Туризм • 21 Маусым, 2024

Келбеті көз арбаған Көккөл

42 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жердің көркіне телінетін Меркінің табиғатына тамсанған көз тойсын ба? Мұндағы сұлулық көздің жауын алады. Тау ішіне кірген сайын небір сұлулыққа куә боласың. Ал шипажайдың жоғары жағында, қырғыз елімен шекарада орналасқан үңгір ішіне дендеп енген сайын шіліңгір шілденің аптап ыстығы есіңнен шығып кетеді...

Келбеті көз арбаған Көккөл

Суретті түсірген – Алтынбек Қартабай

Қарақыстақ жайлауында орна­ласқан Көккөл де көрген көзді тәнті етпей қоймайды. Табиғат тамашасын жергілікті халық «Әулиекөл» деп те атап кеткен. Ел арасында осы бір тылсымға толы көл ішінде айда­һар бар деген аңыз да жиі айтылады. Маңайда тұратын ел әңгіменің ма­йын тамызып айтқанда, шынында да, көл ішінде айдаһар бар ма деген ойға шоматының анық. Өзге елден келген туристер де Меркі десе, Көккөлді көруге асығып тұрады.

Алатаудың ұшар биігінде орна­ласқан көл Ақтоған ауылынан жүз шақырымнан астам қашықтықта жатыр. Әрине, ел «Әулиекөл» атап кеткен су айдынына жету қиямет қайым. Әйтсе де табиғаттың тамаша тартуын көруге асыққан халық ебін тауып тау басына тартып тұрады. Дерекке жүгінсек, Көккөлдің суы аптап ыстықта да, қар қалың жауған қыста да тартылмайды әрі толып кетпейді. Бір қалыпта тұрады екен.

«Біз шынында да Әуликөлден айдаһар көргенбіз. Кескін-келбеті жыланға ұқсас бір өркешті түйе де дәл осы маңда жүреді. Тіпті кей кез­де бураның ақырған даусы да талып естіледі» деген секілді әңгімені жер­гілікті жұрт аузынан талай рет естідік. Кім білсін, бұл да бір таби­ғат­тың біз білмейтін бір тылсым сыры шығар...

Еліміздің қай қиырын алып қарасақ та, қасиет дарып, құт қонған жер аз емес. Сондай-ақ қойнауына талай сырды бүккен құпияға толы мекендер де жетіп артылады. Кісі баласы шеше алмайтын жұмбағы мол Көккөл солардың бірі ғана. Бажайлап қараған адам тау ортасында тұрған айдынның пішінін жүрекке де ұқсатып жатады. Бір қызығы, бұл көлге еш жақтан ағын су келіп құйылмайды. Ол аз десеңіз, Көккөлдің суы еш жаққа жі­берілмейді екен. Соған қара­мас­тан судың деңгейі жоғарыда айт­қа­нымыздай, төрт маусым бойы бір деңгейде тұрады. Асып-таспайды да, кемімейді де. Мұны Жаратқанның құдіреті демеске шараң жоқ.

Меркі өңірін мекендеген халық­тың айтуынша, Көккөл маңын­да сан түрлі экспедиция ұйым­дас­тырылғанына қарамастан, табиғат тарту еткен ерекше айдынның құпиясы әлі күнге ашылмаған. Ал көл суын ішуге келген мал да, құс та көз ілеспес жылдамдықпен суға тартылып кетеді екен. Бір сөзбен айтқанда, ұшқан құс пен шөлден қаталаған талай малдың ажал апанына айнал­ған.

Тұңғиығы шешілмейтін жұм­баққа толы көлді 40 жыл бұрын арнайы мамандар зерттеп көрген көрі­неді. Біршама уақытын арна­ған геологтер сол заматта өзде­рінше байлам жасапты-мыс. Олар Көк­көл мұздықтар мен мореналық қыр­­тыстар қабатында пайда бол­ған деп анықтама берген екен. Әрине, оқығаны мен тоқығаны мол мамандардың өз айтары бар екені даусыз. Әйтсе де мамандар кел­тір­ген дерек ақиқатқа жата ма, әлде бас­қа бір шешім бар ма? Ол жағы әзірге белгісіз.

Кереметімен көз арбаған Көккөл туралы сан түрлі дерек жетіп артылады. Бір мәліметтерде Көккөлдің 2 542 метр биіктікте құлаған тау ортасында орналасқаны туралы айтылыпты. Ал ұлт басылымы саналатын «Ана тілі» газетінде жарияланған мақалада журналист Досжан Балабекұлы «География институты» ЖШС қызметкері Виктор Благовещенскийдің пікіріне сүйеніпті. «Ол 2 542 метр биік­тік­те оң жақ аңғар беткей мен құла­­ған таудың қапталы арасында ор­на­ласқан. Болжам бойынша көлдің орташа тереңдігі шамамен 10 метр, ең терең жері 30 метр болуы мүмкін. Көл грунт суларымен және атмосфералық жауын-шашынмен қоректенеді. Көлдің мезгілдік деңгейінің ауытқуы үлкен емес. Спутниктік түсірілімге қарағанда көлдегі су кемерінен ақ жиектер байқалады.

Көккөл көлінде су таза, ашық көк түсті, оның «Әулие» деп аталуы соған байланысты болуы мүмкін. Бұл мореналық көлге жатпайды, ол тек үйінді көл. Мореналық көлдер болуы үшін оның айналасында мұздықтар болуы керек. Бұл аймақта қазіргі кезде мұздықтар жоқ. Бірақ бұл жерден ежелгі мұздықтардың табаны байқалады», депті аталған мақалада ой білдірген маман.

Әлбетте құпиясы әлі күнге дейін толық ашылмаған Көккөл туралы ел айтатын аңыз аз емес. Түрлі нұсқадағы әңгімелерді ел аузынан өзіміз де естігенбіз. Алайда қалай десек те, сол тылсымға толы құпиясы арқылы Көккөл өзіне шақырып тұр. Әулиекөл түптің түбінде туристік орталыққа айналатын да шығар. Кім білсін?

 

Жамбыл облысы,

Меркі ауданы