Әр оқу жылы Қазақ ұлттық университетінде әлемнің 30 елінен 100-ден аса шетелдік профессор дәріс оқиды. Фараби ұстаздың Шығысқа сапары әлемге ашылған терезе саналды. Әлемнің екінші ұстазы салған ағарту сапарын университет профессорлары табысты жалғастырып отыр. Олар Мажарстан, Германия, Моңғолия, Франция, АҚШ, Ресей, Түркия, Өзбекстан, басқа да елдердің университеттерінде ғылыми зерттеулермен айналысып, білім береді.
Бүгінде бірегей жоғары оқу орны Ла-Сапиенца университеті (Италия), Лотарингия университеті (Франция), Висмар университеті (Германия), Реймс Шампань-Арденна университеті (Франция), Кадис университеті (Испания), Лиссабон университеттік институты (INCSTE) (Португалия), Н. Коперник атындағы Торун университеті сияқты беделді шетелдік университеттермен бірлескен және қосдипломды бағдарламаны жүзеге асырып жатыр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында қоғам күретамырының тынысын кеңейтетін жол ғылымда деп атады. Осы орайда Қазақ ұлттық университеті ғылымның әлеуетін техногендік және табиғи апаттарды болжау, климат өзгеруіне қарсы күресте стратегиялық қадамын атауға болады. Ғылым дерекқорларындағы ең озық зерттеулер, іргелі және қолданбалы нәтижелерге мониторинг жүргізу, нәтижесінде тиімді шешу механизмін ұсына білген университет ректоры Жансейіт Түймебаев климаттың өзгеруін зерттеуге және білім беруге арналған «Тұрақты даму және табиғатты ұтымды пайдалану» ғылыми орталығының құрамына тұрақты даму мақсатын іске асыратын 10 инновациялық зертхана ісін жолға қойды.
Жаһандық зерттеу көшінен лайықты орнын алған ғылыми орталық климат және модельдеу, цифрлық картография және қолданбалы геодезия, GlobalSky (атмосфералық зерттеулердің инновациялық зертханасы), тұрақты туризм, су ресурстарының сапасын талдау бағытында жұмыс істейді. Сонымен қатар ландшафттардың деградациясын геоақпараттық талдау, геодемографиялық және әлеуметтік-экономикалық зерттеулер, экологиялық қауіпсіздік, топырақ экологиясы, қоршаған ортаны бақылау шараларын іске асырады. Бұл – аталған зерттеулер еліміздегі су тасқыны салдарын зерттеу мен алдын алуда, оңтайлы технологияларды енгізуде үлкен бетбұрыс.
Университеттің климат өзгеруінде «Қашықтан зондтау технологиясы және қолдану» қазақ-қытай бірлескен зертханасы жұмысынан бастау алғанын атап өткен абзал. Зертхана Орталық Азия өңірінде климаттың өзгеруі салдарынан орын алған су тапшылығы, құрғақшылық, жердің құнарсыздануы сияқты экологиялық мәселелерге мониторинг жүргізеді. Бұл өз кезегінде Қазақстан, Қытай және Орталық Азия үшін жоғары деңгейдегі халықаралық ресурстық және экологиялық платформа құруға мүмкіндік береді.
Жаһандағы озық ойлы, іргелі қауым алысқан климат өзгерісіне күресте үшінші қадам ретінде заманауи «Farabi Chem Science» кластерінің құрылуы. Құрамына 9 ғылыми зертхана кіретін кластер химия және химиялық технологиялар факультетінде орналасқан.Заманына сай ашылған зертханалар қоршаған ортаны ластаушы заттарды айқындап, талдап, химиялық тоқ көздеріне арналған жаңа материалдарды әзірлейді. Мұнай химиясы саласында тереңдетілген зерттеулер жүргізе отырып, қазақстандық медициналық-биологиялық құралдар мен бактерияларға қарсы қорғаныш жабындарын алуды мақсат тұтады.
Химиялық ғылым кластеріне аналитикалық химия және қоршаған орта зертханасы, электрохимиялық өндіріс технологиясы зертханасы, мұнай-химия зертханасы, химия-медициналық зертхана, жұқа органикалық синтез зертханасы, энергияны көп қажет ететін наноматериалдар зертханасы, перспективалық материалдар мен технологиялар зертханасы, жоғары дәлдіктегі материалдарды диагностикалау зертханасы және «Chemical Coatings Innovations» ғылыми-өндірістік орталығы кіреді. Сонымен бірге еліміздегі химия, медицина, биология ғылыми мектептерінің жетекші зерттеу ортасы да осында. Сондай-ақ БҰҰ аясында 2026 жылы Қазақстанда Аймақтық климат саммиті өтпек. Климаттың өзгеруіне қарсы күресте отандық ғалымдардың ортақ шешімдеріне, зерттеу нәижелеріне жетуде мұндай зерттеулер мақсатты болмақ.
Таяуда Қазақ ұлттық университеті QS халықаралық университеттер рейтингінде әлемдегі ТОП-200 жоғары оқу орындарының қатарына қосылды. Көшбасшы жоғары оқу орны 9 көрсеткіш бойынша 67 позицияға жоғарылап, 230-орыннан 163-орынға көтерілді. Бұл деректен байқарымыз, ҚазҰУ – Орталық Азия жоғары оқу орындары арасында ең үздік 200 университеттің қатарына енген алғашқы және бірегей жоғары оқу орны. Айта кетейік, кейінгі оқу жылдарында университетте кешенді құрылымдық жаңғырту жүргізіліп, бірлескен ғылыми халықаралық зертханалар ашылды. Жоғары стандарттарға сәйкес халықаралық аккредиттеуден өткен эксперименттік білім беру бағдарламалары әзірленіп, шетелдік университеттердің филиалдары ашылып, өз жұмысын бастады.
Білім ордасының әрбір оқытушы-ғалымы үздіксіз даму формуласына үлес қосып отыр. Зерттеу ұжымы жұмыла БҰҰ Тұрақты даму мақсаттарының 17 бағыты бойынша білім беру бағдарламалары сапасын арттыра, инновациялық зерттеулер мен жаңа технологияларды жандандыра отырып, университеттің тұрақты экожүйесін құру үстінде. Академиялық бәсекелестік пен биіктік өлшемінің келесі нәтижесі – Ұлттық университетті «Times» жоғары оқу орындарының ықпалы рейтингісінде 400 позициямен алға жылжытты. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті алғаш рет топ 401-600 жоғары оқу орындары қатарынан орын алды. Бұл халықаралық рейтингке әлемнің 1 963 университеті енген. UNAI - БҰҰ академиялық ықпал ету бастамасының хабы ретінде ҚазҰУ тұрақты даму мақсаттарын орындауда көш бастады. №5 «Гендерлік теңдік» бағытында 56-орынға, ал №7 «Қолжетімді және таза энергия» бағытында 68-орынға жайғасып, үздік 100-дікке кірді. Университеттің парасат биіктігінен көрінуі – бұл білікті менеджмент пен ұжымның тұрақты мақсатының арқасында қол жететін тұғыр.
Гүлмира СҰЛТАНБАЕВА,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, саясаттану ғылымдарының докторы