- А тобында 2-турды бастаған азулы Германия құрамасы Мажарстан футболшыларын 2:0 есебімен еңсеріп, плей-офф кезеңіне өтуге күні бұрын қамданып қойды. 22-минутта Мажарстан құрамасының қақпасы алдындағы абыр-сабырда Жамал Мусиаланың ұрымтал тұстан шірене тепкен добын мажарлық футболшылар тойтара алған жоқ. Германия құрамасын алға шығарған Мусиала Еуропа чемпионатындағы екінші голын еншісіне жазды. Бірінші турда Германия құрамасы Шотландия футболшыларын 5:1 есебімен жеңгенде Мусиала да бір гол соққан болатын. Жамал – Штутгартта туып, жеткіншек шағында Англияға қоныс аударып, «Челсидің» академиясында шыңдаудан өткен саңлақ. Тіпті Англияның жасөспірімдер жастар құрамасында да ойнады. 17 жасында Германия ұлттық құрамасының жейдесін киді. 21 жастағы талантты футболшы Алмания жеріндегі аламанда талайдың таңдайын қақтыратынын тағы бір байқатты.
Тартысты матчтағы екінші голды Германия құрамасының капитаны, Гельзенкирхеннің түрігі Илкай Гүндаған еншісіне жазды. 67-минутта Максимилиан Миттельштадттың берген пасын Гүндаған мүлт жіберген жоқ. Мадиярлар барын салып шабуылды өрістеткенімен, мүмкіндікті оңтайлы пайдалана алмады.
- Бұл топтағы кезекті тартыс Шотландия мен Швейцария құрамалары арасында өрбіп, тең тарқасты. Матч алдында Шотландия құрамасының бас бапкері Стив Кларк қалайда жеңіске жетіп, шотланд халқын қуантамыз деп ірі сөйлеген еді. 13-минутта Мактоминэйдің соққысы Швейцария құрамасының ойыншысы Фабиан Шердің аяғына тиіп автогол тіркелді. Десе де шотландықтардың қуанышы ұзаққа созылған жоқ. 26-минутта Шотландия құрамасының қорғаушысы Энтони Рэллстонның қаңғалақтап жүріп қиыс тепкен пасын Жердан Шакири ұтымды пайдаланып, таразы басын теңестірді.
Бұл топта Германиядан сырт Швейцария құрамасы да плей-офф кезеңіне сынық сүйем жақын тұр.
- В тобының 2-тур ойынын Хорватия мен Албания құрамалары өткізді. Матчтың 11-минутында қорғаушы Эльсейд Хюсайдың аспандатып берген пасын жартылай қорғаушы Казим Лаци голға ұластырып, Албания құрамасын алға шығарған. Албандар басымдықты 72-минутқа дейін ұстап тұрғанымен, 73-минутта Андрей Крамарич таразы басын теңестіріп кетті. Осы голдан кейін албандардың сағын сынып, тауы шағылғандай әсер қалдырды. Алаңға 2-таймда шыққан Лука Сучичтің (76-минутта) тепкен добы албан футболшысының (Клаус Гясуля) аяғына тиіп автогол тіркелді. Екінші таймның негізгі уақытына бас қазы 6 минут қосқан. Автогол соққан айыбын жуған Клаус Гясуля 94-минутта Албания құрамасын кезекті жеңілістен құтқарды, есеп: 2:2.