Фото:kazislam.kz/
Сауд Арабиясының билігі қажылық кезінде халықтың көптігі мен аптап ыстыққа қарамастан жұқпалы аурулардың ошағы пайда болмағанын айтып, қажылардың денсаулығын қорғау миссиясы сәтті өткенін хабарлады.
Ресми мәліметке зер салсақ, қажылыққа барлығы 1 миллион 830 мыңға жуық адам қатысты, оның 1,6 миллионнан астамы - шетел азаматтары.
BBC агенттігі қаза болғандар санын нақтылай алмады, алайда қажылықтан оралған адамдар биылғы қажылық қандай жағдайда өткенін баяндады.
Қажылық кезінде адам өміріне қауіп төндіретін алты негізгі фактор анықталды:
1. Аптап ыстық:
Басты фактор - қажылыққа тұспа-тұс келген аптап ыстық. Меккеде көлеңкедегі ауа температурасы Цельсий бойынша 51 градустан асып, түнде анда-санда ғана 40 градустан төмен түскені байқалды.
Қажылар, әсіресе қарттар мен сырқат адамдар көлеңке таба алмай, кең далада аптап ыстыққа шыдауға тырысқан. Кейбір қажының тиісті рұқсат құжаттарынсыз қажылыққа заңсыз баруы олардың медициналық көмекке қол жеткізуін айтарлықтай шектеді.
Билік шеру барысында «салқындату станцияларын» ұйымдастырып, қажыларға судың жанынан өтпеуге кеңес берген. Алайда көптеген адам аптап ыстық салдарынан көз жұмды.
Ғалымдар климаттың одан әрі өзгеруі жағдайды нашарлатуы мүмкін екенін ескертсе де, қажылық кезінде аптап ыстықтан қайтыс болу жаңа құбылыс емес екені айтылды. Зерттеулерге сәйкес, егер орташа температура 1,5°С көтерілсе, қажылық кезінде ыстықтан қайтыс болу қаупі 5 есеге артуы мүмкін.
2. Халықтың көптігі мен санитарлық мәселелер:
Биыл қажылардың басым бөлігі тұрмыс жағдайының нашарлығына жиі шағымданды. Кейбіреулер шатырларында адам толып, салқындату жүйесі мен санитарлық қондырғылардың жоқтығына наразы болған.
3. Көлік мәселесі:
Кейбір мәліметтерге сүйенсек, аптап ыстыққа қарамастан, қажылар күн астында ұзақ жүруге мәжбүр болған.
Қажылыққа қатысушылардың бірі жеті шақырым жолды көлеңкесіз, бір тамшы сусыз жүріп өткенін айтып, бұған жолдағы кедергілер себеп болғанын алға тартты. Тағы бірі қажының айтуынша, жүздеген адам ыңғайсыз әрі жағдайы нашар лагерьлерде тұруға мәжбүр болған-ды.
«Мен Құдайдың рақымымен ғана аман қалдым. Тек қолшатырды пайдаланып, үнемі су алып жүрдім», дейді Нигериядан келген қажы Айша Идрис.
Кейбір ақпарат көздері қажылардың пайдалануына берілген көліктерді сынға алды. Олардың айтуынша, жолдардың жабылуына байланысты қажылар өткен жылдармен салыстырғанда едәуір ұзағырақ жүруге мәжбүр болған. Бұл адамдардың, әсіресе медициналық көмекке мұқтаж жандардың денсаулығына қауіп төндіретін тағы бір фактор.
4. Медициналық көмек:
Қажылар медициналық көмектің сапасына шағымданған. Жедел жәрдем бригадасын ұзақ күту, медицина қызметкерлерінің салғырттығы туралы мәселелер жиі қозғалды.
Әмина есімді қажы өзінің клаустрофобияға шалдыққан досына шақырған жедел жәрдемді жарты сағаттай күткенін айтты. Жедел жәрдем келсе де, дәрігер науқастың жағдайын мұқият тексермеген.
Алайда Сауд Арабиясының билігі қажылар үшін жеткілікті медициналық ресурстар бөлінгенін алға тартты. Билік қажылардың денсаулығын бақылау үшін 190-ға жуық аурухана мен медициналық мекеме, мыңдаған медициналық персонал мен жүздеген жедел жәрдем көлігі жұмылдырылғанын хабарлады.
5. Ресми құжаттардың жоқтығы:
Тиісті құжаттарды рәсімдемеген қажылар көмекке мұқтаж болса да, билікпен байланыс орнатудан жалтаруы мүмкін, бұл көлік ағынын басқаруды және медициналық көмек көрсетуді қиындатады.
Бұл да қажылық кезіндегі өлім-жітім деңгейінің жоғарылауына себеп болды.
Сауд Арабиясының дипломаты мәлім еткендей, Мысыр елінің қайтыс болған 630-дан астам азаматы тиісті құжаттарды рәсімдемеген.
Билік заңсыз иммигранттарды жауапкершілікке тартып жатыр. Оларды анықтау үшін ресми қажыларға киелі орындарға кіруге арналған рұқсат карталары беріледі.
6. Сырқат немесе қарт қажылар:
Көптеген адам өмірінің соңында қажылық парызын өтеуге тырысады. Тіпті «қажылық кезінде қайтыс боламын» деген үміт арқалағандар да баршылық.
Мәселен, Бангладештегі мұсылман қауымы марқұмға ерекше мәртебе беретіндіктен, қажылық кезіндегі өлімді үлкен жетістік деп санайды.
Қажы қажылық кезінде қайтыс болса, бұл туралы жақындарына хабарланады, олар марқұмның аты-жөнін растайды. Содан кейін марқұмның денесі жуылып, Сауд Арабиясының үкіметі бөлген мұздатқыштарға тасымалданады.
Жерлеу рәсімі мешітте өтеді, бірақ қабірлердің өзі қарапайым, кейде бірнеше мәйіт бірге жерленеді..
Қырмызы ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,
ЕҰУ студенті