– Еліміздің 2028 жылы WPC Energy конгресін өткізу мүмкіндігіне ие болуы сөзсіз, үлкен жетістік. Біздің білуімізше, Астанада мұнай-газ саласына қатысты дәл осындай ауқымдағы іс-шара тұңғыш рет өткелі тұр. Ғасырға жуық тарихы бар конгрестің елімізде өтуінен нендей нәтиже күтеміз?
– Иә, алғаш рет қазақ жерінде өткелі тұрған конгрестің мән-маңызы ерекше. Бұл ұйымдастыру комитетіне осы іс-шараны лайықты өткізу және Қазақстанның ұзақ мерзімді инвестициялар үшін сенімді серіктес әрі жаһандық энергетика саласы бойынша ең маңызды шешімдер талқыланып, қабылданатын алаң бола алатындығын әлемге көрсету үшін айрықша жауапкершілікті жүктейді.
Конгресс саяси, инвестициялық және имидждік тартымдылықты арттырып, еліміздің әлемдік аренадағы орнын нығайтып, қызмет көрсету саласын, іскерлік туризмді, Астана мен басқа да өңірлердің инфрақұрылымын дамытуға мультипликативті әсер ететінін атап өткен жөн. Бұл жаңа жобалардың дамуына серпін беріп, ұлттық экономикаға инвестиция тартуға мүмкіндік береді.
Конгресті қаржыландыру халықаралық демеушілік қаражатты тарту, делегат орындары мен көрме алаңдарын өткізу есебінен жүзеге асырылатынын атап өту қажет. Іс-шарадан түсетін барлық ықтимал пайда қайырымдылық мақсаттарға, соның ішінде Атырауда Мұнай мұражайын құру бойынша әлеуметтік жобаны жүзеге асыруға немесе саладағы техникалық жоғары оқу орындарының ел студенттері үшін арнайы білім гранттарын құруға бағытталады.
Дүниежүзілік мұнай конгресінің форматы ауқымды іскерлік бағдарламаны қамтиды және жаһандық салалық элитасына экологиялық жауапкершілік, ESG инвестицияларын жұмылдыру, тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу жөніндегі Мемлекет басшысының бастамалары мен еліміздің ұстанымын жеткізуге мүмкіндік береді.
– Бұрын Дүниежүзілік мұнай конгресі Ұлыбритания, АҚШ, Қытай, Испания, Қатар, Канада сынды тағы бірқатар дамыған елде өткені белгілі. Әр елдің өзіндік ерекшелігі, мүддесіне қарай жоспары болатыны да анық. Еліміз қандай жоспар ұсынып отыр?
– Қазақстан конгресс аясында 2050 жылға дейінгі болашақ тұрақты энергетика стратегиясын жүзеге асыруға, 2060 жылға қарай елімізде көміртегі бейтараптығына қол жеткізу мақсатын жүзеге асыруға арналған жаһандық форумдарды өткізуді жоспарлап отыр. Жаһандық газ индустриясындағы өзекті мәселелерге, жаңартылатын және баламалы энергия келешегіне, сондай-ақ қазба отындары мен бейбіт атом энергиясын пайдалану мәселесіне ерекше назар аударылады. Біз Орталық Азия елдері үшін аса маңызды энергетикалық қауіпсіздік пен ынтымақтастықтың өңірлік аспектілерін талқылауды да жоспарлап отырмыз.
Біріккен Ұлттар Ұйымында аккредиттелген Дүниежүзілік мұнай конгресінің ғасырға жуық тарихы мұнай-газ өнеркәсібіндегі негізгі мәселелерді талқылаудың өзектілігін дәлелдейді.
ДМК мүшелері дүниежүзілік энергия өндіру мен тұтынудың 96%-дан астамын құрайтын әлемнің 60-қа жуық елі болғандықтан, ДМК аясындағы диалог ұстанымдарды шоғырландыруға және көмірсутек шикізаты мен әртүрлі энергия көзін өндіру, өңдеу, сақтау, өткізу, сонымен қатар тұтынуға қатысы бар барлық ел үшін практикалық шешімдерді пысықтауға ықпал етеді.
– Қазақстанның кандидатурасын қарастыру кезінде WPC Energy кеңесінің мүшелері саланың жоғары даму деңгейін, оның әлемдік индустрия үшін маңыздылығын, еліміздің белсенділігі мен беделін атап өткен екен. Дауыс беру қорытындысы бойынша Кеңестің барлық қатысушысы Астананың өтінімін бірауыздан қолдапты. Дәл мұндай сенімге құрылған серіктестік қай кезден басталып еді?
– Дұрыс айтасыз, бұл – үлкен сенім әрі зор жауапкершілік. Қазақстан мен WPC Energy ынтымақтастығының тарихы туралы айтатын болсақ, 1997 жылы еліміздің Мұнай және газ өнеркәсібі министрлігі ДМК-ға қосылу және Бейжіңде өткен XV Дүниежүзілік мұнай конгресіне қатысу туралы бастамасын көтерді. Алайда түрлі жағдайға байланысты бұл ұйымның құрамындағы қызметіміз ұзаққа созылмады. Бірақ кейінірек, 2008 жылы 2 маусымда Мадридте өткен Дүниежүзілік мұнай конгресінде Kazenergy қауымдастығының бастамасымен Қазақстан ДМК мүшелігін жаңартты, содан кейін біз ДМК белсенді қатысушыларының бірі болуға дайын екенімізді мәлімдедік.
Осы уақыт ішінде еліміздің сарапшылары Дүниежүзілік мұнай кеңесінің ірі іс-шаралары мен отырыстарына жүйелі түрде қатысып отырды, бұл оларға дүниежүзілік энергетикалық күн тәртібін «қадағалап отыруға», мұнай-газ, энергетика салаларын дамытудың қазіргі жағдайы мен перспективаларын объективті әрі толық бағалауға мүмкіндік берді.
ДМК Қазақстан ұлттық комитеті жұмысының алғашқы күндерінен бастап ұйымға қатысушылардың оң бағасын алған бірқатар маңызды іс-шараға бастамашы болды.
Мысалы, 2012 жылы Қазақстанның елордасында Kazenergy VII Еуразиялық форумы аясында ДМК, сондай-ақ ДМК Атқарушы және Бағдарламалық комитеттерінің отырыстары өтті. ДМК барлық ұлттық комитеттерімен әріптестік қатынастар орнаттық, бірлескен жобалар жасап, өзара тиімді ынтымақтастықты нығайттық.
ДМК-мен өзара іс-қимыл жасаудың есте қаларлық сәті ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында 2017 жылғы 5 қыркүйекте Дүниежүзілік мұнай кеңесі күнін өткізілуі еді, оған ДМК Президенті Тор Фаерен қатысқан болатын. Бұл сапар көптеген іскерлік кездесу мен қызықты мәдени бағдарламаға толы болды. Бұл ДМК EXPO іс-шараларына алғаш рет қатысқанын және бұл ұйым тарихындағы шын мәнінде маңызды сәт болғанын атап өткім келеді.
2018 жылы елордада ДМК отырысын өткізуге тағы да мүмкіндік алдық. Оның жұмысына ДМК-ға мүше елдердің ұлттық комитеттері – ОПЕК-ке мүше елдерді қоса алғанда, 30 елдің ірі халықаралық салалық корпорациялары мен үкіметтік ұйымдарының өкілдері қатысты. Сол кезде біз ДМК тәжірибесіне арнайы инвестициялық сессияларды ұйымдастыруды алғаш рет енгіздік. Қазақстанның идеясы ДМК-дағы әріптестерімізге ұнады, енді олар ДМК-ның кезекті іс-шараларын өткізу кезінде бастамамызға қолдау көрсетуге тырысады.
– Халықаралық байланыста кімнің десі басым, беделі биік, соның сөзі өтімді болатыны анық. Бұл тараптан алғанда қаншалықты айтқанымыз жүріп, ұсынғанымыз өтіп тұр? Еліміз тағы қандай жобаларға бастамашы болды?
– Жалпы, Қазақстан комитеті – ең белсенді ұлттық хатшылықтардың бірі. Пандемия кезінде де біз цифрлық формат арқылы қарқынды диалогті жүргізе алдық, ұстанымдарды нақтылап, бірлескен шешімдер табуға ерік-жігерімізді көрсете алдық. Жаһандық ДМК хатшылығы біздің тағы екі бастамамызды қолдағанын атап өткен жөн.
Біріншісі, ДМК алаңдарындағы талқылауларды бақылайтын және олардың ақпараттық алаңдарында ДМК мүшелерінің ұстанымдарын көрсететін БАҚ пулын құруға қатысты. 2022 жылы Алматы жастар форумы кезінде біз ДМК басшылығының халықаралық БАҚ журналистерімен бірінші бірлескен кездесуін өткіздік, олар ДМК барлық іс-шарасына қатысуға мүмкіндік алды.
Біздің екінші маңызды бастамамыз WPC Energy демеушілігімен политехникалық университеттердің дүниежүзілік желісін құруға қатысты. Бұл бастама Алматы жастар форумының нәтижелерінің бірі болды және ДМК қолдауымен әлемнің жоғары техникалық оқу орындарын бір энергетикалық хабқа біріктіруді көздейді. Бастаманың маңызды әлеуеті мен келешегі ДМК басшылығы тарапынан қолдау тапты. Қазақстаннан бұл бастаманы жүзеге асыруға еліміздегі жетекші техникалық жоғары оқу орындарының бірі – Қазақ-Британ техникалық университеті қатысып жатыр.
Жылдар бойғы қажырлы да табанды еңбектің арқасында бүгінде ел экономикасының мұнай, газ және энергетика салаларындағы жетістіктері туралы батыл әрі мақтанышпен айта аламыз. Қазақстан дүниежүзілік энергетикалық нарықта жетекші ел ретінде өзінің мәртебесін қамтамасыз етті және қазірдің өзінде әлемдік өнеркәсіп көшбасшыларымен тең дәрежеде диалог жүргізіліп жатыр.
Біздің еліміз тиімді инвестицияларды тарта алды, мұнай-газ нарығына қатысушылардың – мемлекеттік және жекеменшік, отандық, шетелдік, трансұлттық корпорациялар мен шағын бизнестің мүдделерін теңестіре алды. Бүгінде инновациялық даму, жергілікті қамтуды күшейту, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі, қоршаған ортаны тиімді қорғау, іргелі ғылыми зерттеулер мен өндірістік инфрақұрылымды синтездеуді еліміздегі басым бағыттар ретінде атап өту керек.
– Осы уақытқа дейін Астанаға алыс-жақын шетелдерден қаншама мейман ат ізін салып, үлкенді-кішілі талай мәжіліс өтті. Міне, енді конгресс өткелі отыр. Халықаралық деңгейдегі мұндай іс-шаралардың саяси, экономикалық нақты тиімділігі неде?
– Бірқатар жаһандық имидждік іс-шараны сәтті өткізу (АӨСШК саммиттері, ШЫҰ саммиттері, ЕҚЫҰ саммиті, ИЫҰ саммиті, Азия ойындары-2011, Астана экономикалық форумы, «Астана» халықаралық форумы, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі, Kazenergy тұрақты форумдары, Қазақстан энергетикалық апталығы, ДМК-2017 Жастар форумы, ЭКСПО-2017) еліміздің әлемдік орталықтардың бірі ретіндегі ұстанымын нығайтуға ықпал етті. Егер бұрын Қазақстан өңірлік ойыншы ретінде қарастырылса, қазіргі уақытта әлемдік қауымдастық елімізді дүниежүзілік тәртіптің шешімдеріне әсер ететін жаһандық ықпалды ойыншы ретінде қарастырады.
Конгресті Астанада өткізу мемлекеттің халықаралық беделін нығайтуға, еліміздің әлемдік қауымдастыққа ықпалдастығын күшейтуге жол ашады, сондай-ақ еліміздің басқа мемлекеттермен инвестициялық ынтымақтастығына қуатты серпін береді.
ДМК қызмет ету жылдарында жаһандық деңгейде 31 маңызды форум (24 Дүниежүзілік мұнай конгресі және 7 Жастар форумы), әлемнің әртүрлі елінде жүздеген түрлі семинар мен мамандандырылған іс-шара ұйымдастырды. Соңғы онжылдықта ДМК өз дамуының әрбір кезеңінде мұнай-газ саласында болып жатқан үдерістерге әсер еткен экономикалық, саяси, әлеуметтік, табиғи факторларды талдап, көрсетті.
Өз кезегінде, ДМК қызметі әлемдегі жағдайға, саладағы ғылыми-техникалық прогрестің дамуына, іргелі және қолданбалы ғылымдардың жетістіктеріне, ұлттық экономикалардың жағдайына әсер етті, ғылыми-техникалық жаңалықтардың кеңінен таралуына және халықаралық ынтымақтастықты жетілдіруге ықпал жасады.
Қазақстан көміртегі бейтараптығы, климаттық мақсаттар, жаңартылатын энергия көздерін дамыту, көмір зауыттарын газға көшіру, газ кен орындары мен газды өңдеу, мұнай-химия, сутегі энергетикасы бойынша биік мақсаттар қойып отыр.
Халықаралық сала қатысушыларының күш-жігерін біріктіру арқылы бұл жоспарларды шынайы әрі қолжетімді ете аламыз. WPC Energy Конгресі Қазақстан энергетикасын дамыту үшін шетелдік сарапшылардың тәжірибесімен және үздік заманауи технологиялармен ұлттық салалық қауымдастықтың синергиясының тиімді құралдарының біріне айналуға арналған.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Қуат ӘУЕСБАЙ,
«Egemen Qazaqstan»