Фото: e-mba.ru
Қазір еліміздегі мемлекеттік қызметтегі HR институттары жасанды интеллект қолдана бастады. Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы HR институтының басшысы Рустам Мусиннің айтуынша, жасанды интеллект адамның құзыреттіліктерін бағалап, сараптауға көмектеседі. Сондай-ақ іс-қимылына, дауыс ырғағына да баға береді. Әсіресе бұл әдіс уақытты үнемдейді, өйткені жүздеген үміткерді бір уақытта бағамдай алады.
«Біз бүгінгі күні Е-kyzmet ақпараттық жүйесінде жылдар бойы жинақталған үлкен деректермен (big data) жұмыс істеп, құзыреттіліктерді анықтаудың тиімді жолдарын зерттеп жатырмыз. Нақты айтсақ, 150-ден астам адамның деректері бар. Жасанды интеллект тәуекел аймақтарын анықтауға да көмектеседі. Мәселен, кімді алға қарай ұмтылдыру қажет, кімде қандай дағдылар бар, қандай құзыреттерді дамыту керек секілді адам мүмкіндіктерін тануға үлес қосады», деді Р.Мусин.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай әрбір мемлекетте талантты қызметкерлер үшін күрес, жасанды интеллект және HR кеңістігін трансформациялау дәуірінде адам капиталын дамытудың маңызы зор екенін айтады.
«Мемлекеттік қызметті трансформациялауда басты назар мемлекеттік қызметтің кадрлық әлеуетін нығайтуға, нақты сектордан жаңа басқарушыларды тартуға аударылады. Осыған сәйкес біз қазір түрлі салада жүрген кәсіби мамандарды тарту мақсатында мемлекеттік қызметтің гибридті моделін қалыптастыруға тырысып жатырмыз», деді Агенттік төрағасы.
HR саласында үлкен жетістікке жеткен Оңтүстік Кореяның KIPA Президенті Санхан Чой саяси шешім қабылдайтын тұлғалардың қоғамдық көшбасшылығы туралы баяндады.
«Кореяның мемлекеттік басқару институты Премьер-министр жанында құрылған, Ұлттық зерттеу институты деп аталады. Ал KIPA ғылыми зерттеу институты инновацияны, ұйымдастырушылық дизайнды, үкіметтің тиімділігін бағалауды, реттеуді, апаттар қауіпсіздігін, жанжалдарды басқаруды және қоғамдық көшбасшылықты зерттейді. Қазіргі уақытта 50-ге жуық PhD мен 100-ге жуық PhD дәрежесіне үміткер бар. Менің Қазақстанға келу себебім Орталық Азиядағы мемлекеттік қызметкерлердің мүмкіндіктерін бағамдау болатын. Алдағы уақытта Мемлекеттік басқару академиясымен Орталық Азиядағы басшылық қызметтегі адамдардың әлеуетін арттырудың түрлі бағдарламасын әзірлеу жоспарда бар, сол үшін зерттеу кезеңінде бірлесіп жұмыс істеуге шақырамын», деді Санхан Чой.
Академия ректоры Ерлан Әбіл биыл Мемлекеттік басқару академиясының персоналды адам ресурстарын басқару саласындағы Ұлттық стандарттардың талаптарына сәйкестікті сертификаттау жөніндегі ұлттық аккредиттеу орталығы тарапынан аккредиттелгенін мәлімдеді. Сондай-ақ ол Мемлекет басшысының мемлекеттік қызметті дамыту жөніндегі тапсырмаларын іске асыру мақсатында Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен бірлесіп «Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметінің қазіргі заманғы моделіндегі стратегиялық HR» ұжымдық монографиясын әзірлегенін жеткізді. Монографияда мемлекеттік қызметтегі адам ресурстарын ұзақмерзімді басқару мәселелері, сондай-ақ Қазақстанның мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту контексінде осы саланы дамыту келешегі қамтылған.
«Монография мемлекеттік қызметтегі адам ресурстарын басқару саласын дәйекті түрде ашатын төрт тараудан тұрады. Авторлар тұтастай алғанда стратегиялық HR-ға талдау жасап, озық халықаралық тәжірибе туралы деректерді ұсынды, сондай-ақ HR-ға іріктеудің, өткерудің және кәсібилендірудің барлық элементтерін көрсетті. Кітапта бюрократиядан арылту және клиентке бағдарланған сервистік мемлекеттік қызметті дамыту, жаңа ұйымдық мәдениетті қалыптастыру контекстінде этиканы сақтау мәселелеріне айрықша назар аударылған», деді Акамедия ректоры.