Суицид • 26 Маусым, 2024

Ауылда суицид неге жиіледі?

411 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Жыл сайын әлемде суицид салдарынан шамамен 800 мың адам өмірден өтеді. Бұл дүние жүзінде әр 40 секунд сайын 1 адам өз-өзі­­не қол салады дегенді біл­­діреді. Дүниежүзілік ден­­саулық сақтау ұйы­мы­­ның мәліметінше, Қа­зақ­­стан әлемдегі суицид дең­­гейі ең жоғары елдердің қа­­тарына кіреді.

Ауылда суицид неге жиіледі?

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

2012 жылы БҰҰ балалар қо­рының ОШЕ/ТМД бойынша­ аймақтық кеңсесі, «Trans/MonEE» мәліметтері бойынша еліміздегі жастар арасындағы суицид көрсеткіші ТМД, Орталық және Шығыс Еуропа елдері ара­сында 2-орында болса, 2019 жылы ДДҰ мәліметі бойынша 19-орынға төмендеген. Өз-өзіне қол жұмсау салдарынан болатын өлім-жітім­нің басым бөлігі 18 бен 29 жас ара­лығындағы жастар ара­сында кез­де­седі, бұл елдегі суи­цид­тің жалпы санының 80 пайызын құрайды.

Суицид – күрделі құбылыс. Өз-өзіне қол жұмсау қауіп факторы ретінде психикалық денсаулық проблемаларымен байланыс­ты әлеуметтік, психологиялық, биологиялық және ситуациялық факторларда қарастырылады. Дәл осы кесел – еліміздегі жасөс­пі­рімдер арасындағы табиғи емес өлім-жітімнің басты себебі.  Ұлттық статистика агенттігінің Стратегиялық жос­парлау және реформалар жөнін­дегі бюро­сының 2022 жылғы мәлі­метте­ріне көз салсақ, ауыл­дық жердегі бала­лар мен жасөс­пірімдер ара­сындағы өз-өзіне қол жұм­сау қала­дағыларға қарағанда 25 пайызға жоғары екенін аңға­руға болады.

Бұл – бүкіл әлемге тән. Оған 2004 жылы құрылған және MDPI басып шы­ғаратын рецензияланатын ашық қолжетім­ді «International journal of environmental research and public health» ғылыми журналы­на 2022 жылы жарық көрген мақа­лалар да дәлел. Олай болса, бұл мәселенің негізгі себептері қандай? Түп тамыры қайда жатыр?

Ең алдымен, ауылдық жер­дегі халықтың психикалық денсаулыққа жеткілікті көңіл бөл­меуі мен психикалық мәсе­лелерде көмек сұрау дағдысының жоқтығы жиі кездесетін фактор екенін ашық айтуымыз қажет. Бір жағынан халық арасында психологтерге көріну «ұят», «психологтерге психикалық ауыт­қуы бар адамдар ғана барады» деген стигмалық түсінік бар болса, екінші жағынан ауылдық жерде халықтың көбі бір-бірін танитындықтан өзгелер жеке құпияларын біліп қояды деген қорқыныш бар.

Үшінші себеп ретінде пси­хикалық денсаулық сала­сын­дағы мамандардың тапшылы­ғын айтуға болады. Канададағы «Алберта денсаулық қызмет орталығы» деректеріне сәй­кес, өз-өзіне қол жұмсау пси­хи­калық бұзылыс болып са­нал­­майды. Бірақ депрессия, биполярлық бұзылыс (маниакалды депрессия), шизофрения және психобелсенді заттарды қолдануға байланысты бұзылыстар – суицидке алып келетін маңызды себептердің бірі. Осы маңызды факторды ескерсек, аудандарда психикалық бұзылыстармен тікелей жұмыс істейтін психиатр дәрігерлер саны жеткіліксіз. Мысалы, суи­цидтің алдын алу жобасын алғаш болып 2015 жылы енгізген Қызылорда облысын алатын болсақ, әр ауданда тек 1 психиатр бүкіл аудан халқына қызмет етеді. Бұл өз кезегінде психикалық бұзы­лысты дер кезінде анық­тап, оларды сүйемелдеуде, ха­лық­пен алдын алу жұмыстарын жүр­гі­зуде қиындық туғызатыны анық.

Тағы бір мәселе – отбасын­дағы ата-ана мен бала ара­сын­дағы қарым-қатынастың әлсіздігі. «Сенімен болашақ» республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігі өткен жылы республика бойынша 32 755 ата-ана қатысқан «Заманауи Қазақстандық ата-ана» атты зерттеу жүргізген еді. Зерттеуге сәйкес, отбасында тәрбиелік мәні өте маңызды – кешкі әңгімелесу, уақыты сапалы өткізу әдеті тек ата-аналардың 60%-ында ғана байқалып отыр. Бұл – тек бірге тамақ ішу, үйде бірге болып, әркім өз тірлігімен айналысу деген сөз емес, тек ата-ана мен баласы еш нәрсеге алаңдамастан өтетін сапалы уақыт.

Қаламен салыстырғанда ауыл­дық жерде бұл қиынырақ деген болжам бар. Себебі ауыл-аймақта жұмыстан бөлек, мал, егістік шаруалары бітпейді. Қаладағы отбасыларға қарағанда ауылда көпбалалы отбасылар саны көп. Бұл факторлардың барлығы ата-аналардың әр баланы тыңдап, құшақтап, бірге қыдыруға, әр баласына жеке уақыт арнауға қиындық туғызуы ықтимал. Әсіресе бұл жағдайларды бірлес­тік психологтері ауылдық жер­лердегі ата-аналарға жүргі­зі­летін оқытулар кезіндегі кері байланыс­тардан жиі кездестіреді.

Оның үстіне қалада балалар мен жастардың бос уақытын өткізетін қоғамдық орындар көп. Ал ауылда бұл мәселені тиімді ұйымдастыруда да кемшілік же­тіп артылады. Бұл тұжырымды «Жастар» республикалық ғылы­ми-прак­тикалық орталығының «Қазақ­­стан жастары-2019» ұлттық баяндамасында көрсетілген қала мен ауыл жастарының уақытын тиімді ұйымдастыру бойынша көрсеткіштерінен де көруге болады. Ауыл жастары бос уақытында қонаққа баруды, спортпен айналысуды қалайды. Қала жастарымен салыстырғанда, олар қолы қалт етсе хоббимен айналысуды артық санайды (17,1%). Сауалнама мәліметтері көрсеткендей, ауыл жастарының 38,3%-ы өңірде бос уақытты тиімді өткізетін мекемелердің жоқтығы туралы айтқан. Сауалнамаға қатысқан жастардың жартысы Түркістан (52,3%), Солтүстік Қазақстан облыстарында (51,9%) осындай ме­ке­мелердің жоқты­ғын атап өтсе, осыған ұқсас жағдай Қызылорда (38,9%) және Алматы облыстарында (32,2%) да байқалады. Ауыл жастарының төрттен бір бөлігі­нен көбі (43,5%) жергілікті қоғам­дық орындардың жағдайына қанағаттанбаған – 8,9% респондент. Расымен, ауылдық жерлерде түрлі қызықты үйір­ме­лер, жастар баратын әдемі жер­лер аз. Еліміз бойынша жас­тар­мен жұмыс істейтін жастар ре­сурс­тық­ орталықтары да аудан орта­­­лық­тарында орналасқан. Ал жет­­­кін­­­шектердің бос уақытының дұ­рыс ұйымдастырылмауы адам­­ның қарым-қатынас дағ­дыла­ры­ның­ да­мы­мауына алып келіп, оның­ көңіл-күйіне әсер етері сөзсіз.

Жоғарыда аталған мәселелер еліміздің аумағында емес, Еуро­палық одақтың 2021 жылы «Young people in rural areas: diverse, ignored and unfulfilled» жүргізген зерттеуінде де анық­талған. Мәсе­лен, ауыл жастарының негізгі мәселелері ретінде қолжетімді баспана, психикалық денсаулық пен әл-ауқат туралы ақпарат пен кеңестердің жетіспеушілігі, дағды­ларды нығайтатын тренинг­тердің аздығы көрсетілген.

Әрине, қалалардың көр­кейіп, өсіп жатқанына қуа­на­мыз. Бола­шақта дәл осындай мүм­кіндік­тер, тек қала емес ауылдық жерлерде жасалып, жастардың бос уақы­тын өткізетін жерлердің, түрлі үйірме, қызықты да, пайдалы іс-шаралар мен жобалардың, ментал денсаулықты нығай­туға арналған халықпен жұмыс­тар­дың көбеюінің куәсі боламыз деген үміт бар.

 

Сымбат АБДРАХМАНОВА,

«Сенімен болашақ» республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігінің психологі