Фото: advgazeta.ru
Медиация – дауласушы тараптарға құпиялылық пен сыйластық жағдайында өзара қолайлы шешім табуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ дәстүрлі сот ісімен салыстырғанда тұрақты әрі ұзақмерзімді нәтижелерге әкеледі. Медиацияның негізгі артықшылықтары: экономикалық тиімділік, құпиялылық, тараптардың ерікті қатысуы және өзара қолайлы шешімдерге қол жеткізу мүмкіндігі. 2011 жылғы «Медиация туралы» заң жоғары мемлекеттік деңгейдегі бастамаларды қолдай отырып, жанжалдарды соттан тыс шешудің негізін қалады. Мысалы, елімізде 371 кәсіби медиатор және 4 465 қоғамдық медиатор тіркелген. Статистикаға сәйкес, 2018 жылы 871 мың азаматтық істің тек 4%-ы медиация рәсімін қолдану арқылы тоқтатылды.
2021 жылы Жоғарғы соттың деректеріне сәйкес, «Соттағы татуласу рәсімдері» қанатқақты жобасына еліміздің 275 соты қатысты. Осы жоба аясында 565 татуласу судьясы дайындалып, олар 162 363 істі қарады. Оның ішінде 49 839 іс бойынша татуласу рәсімдері жүргізіліп, сотқа дейінгі татуласу үлесі 31%-ды құрады. 2017 жылдан бастап халықтың соттарға және олардың сот медиациясы арқылы жүргізетін татуласу рәсімдеріне деген сенім деңгейінің артқаны байқалады. Сотқа түскен азаматтық істердің аяқталуы артып келеді. Статистика көрсеткендей, 2016 жылы жаңа Әкімшілік үдерістік кодекс күшіне енгеннен бастап, тараптардың татуласуымен аяқталған істердің жыл сайынғы өсуі байқалады. 2015 жылы бұл көрсеткіш 2% болса, 2016 жылы 11%-ға дейін өсті, 2017 жылы – 14, 2018 жылы – 11, 2019 жылы – 15, 2020 жылы – 32, 2021 жылы – 34, ал 2022 жылы 38%-ға жетті.
Әлемдік тәжірибеде медиация кеңінен қолданылады және заңнамалық деңгейде сақталады. Ол – Франция мен Италияда ұлттық заңнамаға біріктірілсе, Германия мен Аустрияда арнайы заңдармен реттеледі. АҚШ, Ұлыбритания, Канада және Аустралия сияқты англо-саксон елдерінде медиация белсенді пайдаланылады және сотқа дейінгі кезеңде жиі қолданылады. Халықаралық статистикаға сәйкес, барлық даулардың 30-40%-ы медиация рәсімінен өтеді және олардың 85% оң нәтижеге қол жеткізіледі.
Францияда татуласу үдерісі атқарушы билікпен хаттамамен рәсімделеді. Италияда медиация істердің жекелеген санаттары бойынша сотқа дейін міндетті болады. Германияда медиация 2012 жылдан бері заңмен белсенді түрде қолдау тауып келеді. АҚШ пен Ұлыбританияда медиация сотқа дейін жиі қолданылып, сот істерінің санын азайтады. Мысалы, отбасылық медиация мүлікті бөлуге және балаға қамқорлық жасауға байланысты жанжалдарды шешу үшін белсенді қолданылады.
Медиацияны дамытуда халықаралық ынтымақтастық басты рөл атқарады. Тәжірибе алмасу, халықаралық бағдарламалар мен жобаларға қатысу елімізге озық тәжірибелерді қабылдауға және оларды өз шарттарына бейімдеуге көмектеседі.
Еліміздегі медиация – еріктілік, құпиялық, медиаторлардың тәуелсіздігі мен бейтараптылығы қағидаттарына негізделген. Бұл қағидаттар БҰҰ-ның Халықаралық коммерциялық келісім туралы үлгі заңының ережелеріне сәйкес келеді. «Медиация туралы» заң: азаматтық, еңбек, корпоративтік және коммерциялық дауларға, сондай-ақ ауырлығы жеңіл және орташа қылмыстық істерге қолданылуын кеңейтеді.
Алайда жетістіктерге қарамастан, медиацияда халықтың хабардарлығының төмендігі, білікті медиаторлардың жетіспеушілігі және медиация құрылымдары үйлестіруінің жеткіліксіздігі сияқты мәселелер туындап отыр. Медиацияны одан әрі дамыту үшін халықтың хабардарлығын арттырып, медиаторларды даярлаудың білім беру бағдарламаларын әзірлеу, сондай-ақ медиация институттарының жұмысын үйлестіретін орталықтандырылған құрылымдар құрып, заңнаманы жетілдіру өзектілігі артып келеді.
Кедергілерді еңсеріп, медиацияны тиімді дамыту үшін мыналар қажет:
Танымдық деңгейін арттыру. Халық пен бизнес арасында медиацияны насихаттау бойынша ақпараттық науқандарды өткізу күмәнді сейілтуге, осы әдіске деген сенімді арттыруға көмектеседі.
Білім беру бағдарламаларын әзірлеу. Азаматтық қоғам өкілдерін, мемлекеттік қызметкерлерді және құқық қорғау органдарын қоса алғанда, білікті медиаторларды дайындау үшін мамандандырылған курстар мен оқытуды енгізу маңызды қадам болады.
Орталықтандырылған құрылым құру. Барлық медиация институттарының жұмысын үйлестіретін республикалық медиация орталығын құру медиация стандарттары мен рәсімдерін біріздендіруді қамтамасыз етеді.
Заңнамаларды жетілдіру. Медиаторлардың қызметін және медиация рәсімдерін реттеу үшін қосымша нормативтік құқықтық актілерді әзірлеп, қабылдау, оның ішінде медиаторлардың бірыңғай тізілімін құрып, әдеп кодексін әзірлеу және медиация қызметінің сапа стандарттарын белгілеу.
Халықаралық ынтымақтастық. Халықаралық ұйымдармен серіктестікті дамытып, халықаралық жобалар мен бағдарламаларға қатысу елімізге озық әлемдік тәжірибені қабылдауға және оларды өз шарттарына бейімдеуге көмектеседі.
Бұл тәсілдер елімізде дау-жанжалды бейбіт жолмен шешуге, әлеуметтік шиеленісті төмендетуге және қоғамдағы құқықтық мәдениетті нығайтуға ықпал ететін тиімді медиация жүйесін құруға мүмкіндік береді. Осылайша, медиацияны еліміздің құқықтық жүйесіне интеграциялау және оны белсенді дамыту жанжалдарды шешу үдерісін айтарлықтай жақсартуға, құқықтық жүйеге деген сенімді арттыруға және қоғамдық келісімді нығайтуға ықпал етеді.
Мемлекеттік қолдау мен барлық мүдделі тараптың белсенді қатысуы медиацияны табысты жүзеге асыруды және неғұрлым үйлесімді, әділ қоғамды қалыптастыруды қамтамасыз етеді.
Жұмағұл ЖИЕМБЕТ,
Қазақстан қоғамдық даму институтының сарапшысы